• RUB:
    5.06
  • USD:
    508.05
  • EUR:
    534.82
Басты сайтқа өту
Қазақстан 16 Маусым, 2017

«Туған жер» бағдарламасы қоғамда жаңа рухани дәстүр қалыптастыруы тиіс

699 рет
көрсетілді

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласы қоғамда кең түрде талқыланды, жүздеген пікір, ой айтылды, айтылып та жатыр. Ең бастысы, Президенттің болашақта Қазақстан қоғамының рухани дамуы қай бағыттарда болуы жайлы ойлары және ұсынған бағдарламалары халықтың көңілінен шықты, көпшілік тарапынан қолдау тапты.

Осы бағдарламалық мақа­ладағы айтылған тың бас­тамаларды өмірге тезірек енгізудің тетіктерін бекіту үшін Ұлттық комиссия құрылды. Негізгі бағыт­тар бойынша сарапшылық топтар қыруар қызмет атқаруда, олар Елбасы айтқан ойларды қоғамымызда мәңгі тұрақтайтын өмір­шең дәстүрге айналдырудың жолдарын қарастыруда. Яғни, барша қазақстандықтың күтіп отырған «рухани бағдаршамы» қандай болмақ деген сауал осы ұлттық комиссияның әрбір мү­ше­сін, әлбетте, толғандырады. Жалпы, бұл мақаладағы бар­­лық сөйлемдердің үштен бірі­­не жуығы тікелей өскелең ұр­­пақ­­қа қатысты: жастардың дү­ние­­та­нымына, тәрбиесіне, білі­міне, бәсекеге қабілеттілігіне. Е­л­- б­а­сы былай дейді: «Болашақта ұлт­­тың табысты болуы оның та­­биғи байлығымен емес, адам­да­рының бәсекелік қабілетімен айқын­далады. Сондықтан, әр­бір қазақстандық, сол арқылы тұ­тас ұлт ХХІ ғасырға лайықты қасиеттерге ие болуы керек. Мы­салы, компьютерлік сауат­ты­лық, шет тілдерін білу, мә­дени ашықтық сияқты фактор­лар әркімнің алға басуына сөзсіз қажетті алғышарттардың санатында. Сол себепті, «Цифрлы Қазақстан», «Үш тілде білім беру», «Мәдени және конфес­сия­аралық келісім» сияқты бағ­дар­ламалар – ұлтымызды, яғ­ни бар­ша қазақстандықтарды ХХІ ға­с­ырдың талаптарына даяр­лау­дың қамы».  Батыстың ғылымы және заманауи технологиясымен қатар, олардың дүниетанымы, адам­гер­шілік ұстанымдарының да бізд­ің қоғамымызға дендеп кіріп жатқаны белгілі. Сондықтан мемлекеттің өсіп-өркендеуінде тек қана материалдық игіліктер жеткіліксіз болады. Әсіресе, әлемдік деңгейде жаһандану үрдісіне қарсы тұру оңай емес. Біздің еліміз сияқты халқы аз, әрі саяси егемендікке жақын­да ғана ие болған мемлекеттер өзінің ұлттық-рухани ерек­ше­ліктерін сақтай отырып қана ұлт­тың, елдің тәуелсіздігін баян- ды ете алатыны анық. Осы тұрғыдан қарағанда, Елбасы өз мақаласында ғылыми-тех­никалық прогрестің озық үлгі­лерін меңгерген келешек ұр­пақ өзінің рухани дамуында қан­дай басыңқы бағыттарға назар аудару керек екендігін нақты көр­сетіп берді. Президент өз ойын одан әрі өрбіте келе, бірнеше бағ­дарламаларды жү­зе­ге асыру қа­жеттігін айтты, әсіресе, «Туған жер» бағ­дар­ламасының ор­ны ерекше болмақ. Отанды сүю кіндік қаның там­ған жеріңе, өскен ауылыңа, өңіріңе, яғни туған жеріңе деген сүйіспеншіліктен бастау алады. «Туған жерге деген сүйіс­пен­шілік нені білдіреді, жалпы, бағдарламаның мәні неде? Бірін­ші, бұл білім беру саласында ауқымды өлкетану жұ­мыс­­та­рын жүргізуді, эколог­ияны жақ­сартуға және елді мекендерді абат­тандыруға баса мән беруді, жергілікті деңгейдегі тарихи ескерткіштер мен мәдени нысандарды қалпына келтіруді көздейді. Патриотизмнің ең жақсы үлгісі орта мектепте туған жердің тарихын оқудан көрініс тапса игі. Туған жердің әрбір сайы мен қырқасы, тауы мен өзені тари­х­­тан сыр шертеді. Әрбір жер атауының төркіні туралы талай-талай аңыздар мен әңгімелер бар. Әрбір өлкенің халқына суықта пана, ыстықта сая болған, есім­дері ел есінде сақталған бір­туар перзенттері бар. Осының бәрін жас ұрпақ біліп өсуге тиіс», деп жазады Президент Н.Назарбаев. Осы орайда «Туған жер» бағдарламасының өзінің діт­­теген мақсатына жетуі үшін, қазақ­­стандық қоғамда жаңа руха­ни дәстүрді қалыптастыруы үшін ке­лесі ұсыныстар маңызды деп ойлаймын. Орта білім берудің барлық деңгейіне арналған «Өлкетану негіздері» («Основы регионопоз­нания») Кешенді жоспары әзірленуі қажет-ақ, сәйкесінше, әр аймақта өңірлік жол карталары дайындалады. Бұл кешенді жоспар әр өңірдегі туризмді дамытуға бағытталған ұтымды жобалар мен маршруттарды да қамтитын болады.  Жалпы, бұл кешенді жоспар екі бағытты көздеуі керек: Тәрбие беру және оқу үрдісі. Тәрбие беруде әртүрлі үйірмелер, экскурсиялар, саяхаттар ұйымдастыру, танымдық сайыстар өткізу көз­делсе, оқу үрдісі бойынша үш пәннің оқу бағдарламасына өз­герістер мен толықтырулар ен­гізу қажет етіледі: қазақ әдеби­е­ті, Қазақстан тарихы, география. Ендеше, әрқайсысына жеке-жеке тоқталайық.  Қазақ әдебиеті пәні бойынша: сол аймақтың белгілі жазушылары мен ақындарының туындылары оқытылуы керек. Қазақ әдебиеті пәні мектептерде 5-11 сыныптарда оқытылады және оқушылар барлығы 544 сағат ана тіліндегі әдебиеттің маржан туындыларымен сусындайды, ал соның ішінен 126 сағаттан (айына 2 сағат, әр сыныпта бір оқу жылында 18 сағат) аспайтын көлемі жергілікті, сол аймақтың жазушылары мен ақындарының туындыларына берілуі тиіс. Ол үшін өңірлерде білім басқармалары жанынан арнайы комиссиялар құрылып, әдеби туындыларды іріктеу қажет. Осылайша іріктелген, талаптарға сәйкес келетін туындылар бағдарламаға енгізіліп, Білім және ғылым министрлігіне қарасты «Өрлеу» АҚ-тың аймақтық фи­лиал­дарының әдістемелік кеңес­те­рінде бекітілгеннен кейін ғана мек­тептерге пайдалану үшін жол­данады. Мұндай қадамдар ашық­тықты, шынайылықты қамтамасыз етеді және көп­шілік­ке белгілі, танымал жергілікті ақын-жазушылардың туындыларын ғана мектепте оқытуға қол жеткізуге мүмкіндік береді.  Сонымен қатар, орыс тілді сыныптарда «Казахская литература» деген пәнге де жергілікті қаламгерлер туындыларын ен­гізу қажеттілігін ескерген жөн.  Қазақстан тарихы пәні бо­й­ын­ша: сол өлкенің тарихы мен халқына суықта пана, ыс­­тық­та сая болған, есімдері ел есін­де сақталған біртуар пер­­зент­тері туралы дәрістер беру. 5-11 сыныптар аралығында оқу­­шылар барлығы 476 сағат Қазақ­стан тарихының қыр-сырын меңгереді, ал соның ішінде 91 сағаттан кем емес (ай­ына 1 сағат, әр сыныпта бір оқу жылында 9 сағат + 4 са­ғат мұражайда, барлығы 13 са­ғат) көлемі өлкенің тарихы мен бел­гі­лі тұлғаларына арналуы тиіс. Об­лыстық білім басқармасы тара­­­пынан құрылған арнайы комис­сия (тарихшы мамандардан) өңір тарихын әр сыныпта оқыту бағ­дарламасының жобасын жа­сақтайды. Дайындалған жоба Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының сараптамасынан өтуі тиіс, содан кейін «Өрлеу» АҚ-тың аймақтық филиалдарының әдістемелік орталықтарында бекітіліп, мектептерге пайдалану үшін жолданады. Мұндай қадамдар арқылы бір ауылдың ғана емес, жалпы сол өңірдің, еліміздің саяси-әлеу­мет­тік дамуына әсер еткен тари­хи оқиғалар мен тұлғаларды ғана мектеп қабырғасында оқытуға мүмкін болатыны сөзсіз. Мектепте Қазақстан тари­хы, қазақтың ежелгі, орта ғасыр, жаңа және қазіргі заман­ғы тарихы ретінде шартты түр­де бөлініп оқытылады. Осы орай­­­да, Қазақ хандығының құ­рыл­­ғанына дейінгі тарихи ке­зең­нің әр өңірдегі баяндалуы ру-тайпалық сипатқа қарай ауып кетпеуі, сонымен қатар, жалпы тарихи оқиғаларды бір жақты интерпретациялауға жол берілмеуі қадағалануы қажет. Ал қазіргі заманғы тарихта өңірдің, оның азаматтарының Қазақстан тәуелсіздігінің нығаюына, баян­ды болуына қосқан үлесі сабақталғаны абзал. Сол кезде ғана оқушының өз өңіріне деген сүйіспеншілігі, туған жеріне деген мақтанышы еселене бермек. Сондықтан бұл қызмет ғылыми ұстаным мен парасаттылықты қажет етеді. Жергілікті биліктен осы мәселе төңірегінде үлкен жауапкершілік күтіледі.  География пәні: сол өңірдің табиғаты, ауа райы ерекшелігі, флорасы мен фаунасы, шикізат қоры, өндірісі оқытылуы қажет. Бұл пән 6-11 сыныптарда бар­лығы 340 сағат көлемінде оқы­тылады. Жергілікті компонент ретінде әр сыныпқа жылына 9 саға­т­тан (қыркүйек-мамыр айлары) бөлінсе, барлығы кемінде 54 сағатты құрайды. Бұл әрине, жет­кіліксіз, дегенменде табиғат ая­сында өткізілетін экскурсиялар мен өндіріс орындарымен танысуларды факультативтер есебінен жүргізуге әбден болар еді.  «Туған жер» бағдарламасы аясында жоғарыда аталған үш пәнді мектепте оқыту стандарттарына енгізілетін өзгерістер мен толықтырулар Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігінің бұйры­ғы­мен ғана жүзеге асырылады. Бұл істегі басты локомотив – осы министрлік.  Өлкетанудың компоненттері мектепте міндетті түрде пәндік деңгейде оқытылуы тиіс. Елбасы өз мақаласының алғашқы жолдарында былай дейді: «Мақсатқа жету үшін біздің санамыз ісімізден озып жүруі, яғни одан бұрын жаңғырып отыруы тиіс. Бұл саяси және экономикалық жаңғыруларды толықтырып қана қоймай, олардың өзегіне айналады». «Туған жер» бағдарламасы – Президент ұсынып отырған рухани жаңғырудың өзегі, себебі, ол еліміздің болашағы – жастар үшін рухани дамудың бағдаршамы іспеттес. Бұл бағдарламаның тұжырымдамалық негізгі мұраты – туған өлкені, жерді, ауылды қастерлеу арқылы елін сүюге, жалғыз Отанымыз – Қазақстанды сүюге тәрбиелеу. Сондықтан, қазақ әдебиеті, Қазақстан тарихы және география пәндері негізінде әр өлкенің әдебиеті, тарихы, қайталанбас табиғаты мектепте оқытылып, оқушылардың білімі шыңдалып, бағалануы тиіс. Ал факультативтік сабақтары есебінен жүргізілетін танымдық экскурсиялар мен мұражайларға, тарихи ескерткіштерге саяхаттар теориялық білімді толықтыру үшін ғана қолданылуы керек. Ойлап қарасақ, мате­ма­ти­ка­ның төрт негіз­гі амалдарынан басқа тригонометриялық фун­к­цияларды меңгерген, физика­да Архимед, Ом заңдарын, химиялық өңдеудің қағидаттарын өмірде еркін қолдана білетін адамды «техникалық көзі ашық» деуге болатын болса, ал санамыздың ісімізден қаншалықты озып жүргенін мұражай мен тарихи орындарға саяхаттар ұйым­дас­ты­румен бағалаудың тиім­ділігі қанд­ай болмақ? Әр оқушының өзі туған өлкесін қаншалықты білетініне мек­теп қабырғасында қой­ы­латын баға – оның рухани кел­­бе­ті үшін алғашқы емтихан бол­мақ, ондағы алған үздік ба­ғасына келешекте күтіп тұрған заман сынағына лайықты төтеп беруінің кепілі деп қарауымыз керек. Ендеше, мектепте өлке­тану компоненттері бі­лім стандарт­тарына еніп, мін­детті оқы­тылып және әр оқу­шының білі­мі жыл сайын бағалануы тиіс. Бұл – аксиома. Президенттің тапсырмасына сәйкес көршілес өңірлер өзара араласып, шаруашылықтарымен танысып, мәдениет күндерін өт­кізуді жолға қойып келеді. Осын­дай күндер аясында делега­циялар құрамына оқушылар мен жастарды да қосып, өлкенің белгілі ақын-жазушылары шы­ғар­маларымен, тарихымен, қай­та­ланбас табиға­ты­мен та­ныс­тыруды да өңірде болу бағдарламасына енгізген абзал. Бұл өзара қарым-қатынастың тиімділігін, келешекте беретін «мультипликативті эффектісін» есе­леп арттыруға мүмкіндік берері сөзсіз.  Елбасы ұсынып отырған «Туған жер» бағдарламасы жан-жақты дайындалып, тиімді жүзеге асырылатын болса, ол әлбетте, қоғамда жаңа рухани дәстүрді қалыптастырады және келешекте әуелі елім дейтін, нағыз отаншыл, ұлтжанды, бәсекеге қабілетті ұрпақтың өсіп-жетілетініне кәміл сенеміз. 

Қаныбек ЖҰМАШЕВ,  «Нұр Отан» партиясының хатшысы, Қазақстан Республикасы білім беру ісінің үздігі