Оқыту жүйесін жаңғырту арқылы қойылатын мүдде – жоғары кәсіби және интеллектуалды деңгейдегі мамандарды дайындаумен қажеттілігі артып жатқан еңбек нарығын қанағаттандыру. Кредиттік технологияның негізгі басымдықтарын жүзеге асыру мақсатында енді студенттер тек қана таңдау пәндерін ғана емес, сонымен қатар оқытушыларды да таңдай алады, бұл – өз кезегінде, педагогтардың имиджін көтеруіне тиісті жағдай жасайды. Университетімізде оқу үрдісін ұйымдастыру оқытудың кредиттік технологиясы бойынша жүргізіледі. Бұл мақсатта барлық мамандық бойынша (85 бакалавр, 63 магистратура және 14 PhD докторантурасы) Модульді білім беру бағдарламалары дайындалып, білім алушылардың қажетті білім алуына, икемділігіне, біліктілігіне және құзыреттілігіне құрылған. Сонымен қатар, университетімізде 2014-2015 оқу жылынан бастап дуальды білім беру жүйесі бойынша оқу үрдісі ұйымдастырылған. Қазіргі таңда 5 бакалавр мамандығы дуальды білім беру жүйесімен оқытылуда. Стратегиялық жоспарға сәйкес, 2020 жылға дейін дуальды білім беру жүйесімен оқытылатын мамандықтар санын 20-ға жеткізу көзделген. Елбасы мақаласында «Табысты болудың ең іргелі, басты факторы білім екенін әркім терең түсінуі керек. Жастарымыз басымдық беретін межелердің қатарында білім әрдайым бірінші орында тұруы шарт. Себебі, құндылықтар жүйесінде білімді бәрінен биік қоятын ұлт қана табысқа жетеді», деп атап айтты. Тым тереңнен тамыр тартқан қазақ тілін біртіндеп латын әліпбиіне көшіру, ағылшын тілін жаппай және жедел үйрену − жаһандық әлемге еркін кірігіп, жұмыс істеудің басты шарты екендігін жеткізді. Мемлекет басшысының алға қойған мәселелеріне сәйкес, 2011-2020 жылдарға арналған Білімді дамытудың мемлекеттік бағдарламасы білім беру саласында стратегиялық басымдықтарды анықтайды. Бағдарлама жалпы білім беретін мектептерде оқушыларға көптілді білім беруді дамытудың маңыздылығына педагогтардың назарын аудартады. Көптілділік бірнеше шет тілін меңгеріп қана қоймай, көптілді құзыреттілікке ие мәдениетті тұлғаның қалыптасуының негізі ретінде қарастырылады. М.Әуезов атындағы ОҚМУ-да бакалавриат мамандықтары бойынша білім алатын студенттер үшін ағылшын тілінде пәндерді оқыту 2005-2006 оқу жылынан бері жүргізіліп келеді. Ағымдағы оқу жылында пәндерді шет тілінде оқыту 11 факультетте жүргізілді және педагогикалық, инженер-техникалық және жаратылыстану-ғылыми бағыттағы 30 мамандық бойынша 600 студентті қамтитын 70 арнайы топ құрылды. 20 педагогикалық мамандықтарда 2016-2017 оқу жылынан бастап үш тілдік білім беру жүйесі енгізілді. Пәндерді ағылшын тілінде жүргізетін оқытушылар, тілдік деңгейін анықтау мақсатында академиялық мәселелер жөніндегі департаменттің шет тілдерінде білім беру сапасын қамтамасыз етуді ұйымдастыру және бақылау бөлімінің қызметкерлерінен тестілеу мен әңгімелесуден өтіп, ағылшын тілінде сабақ жүргізуге рұқсат алады. Ағылшын тілінде сабақ жүргізуге IELTS, TOEFL сертификаттары бар немесе Intermediate деңгейін меңгергені туралы сертификаттары бар ОПҚ жіберіледі және жылдық жүктемелері 1:2 қатынаста дифференцияланады. Тілдік пәндер бойынша отандық оқулықтар мен оқу-әдістемелік кешендер әзірленуде. Педагогикалық мамандықтардың бейіндік пәндері бойынша шет ел оқулықтарына бейімдеу жүргізілуде. Жоғары мектеп үшін мемлекеттік және ағылшын тілдерінде оқулықтар әзірленіп, аударылып, баспадан шығарылуда. 2015-2020 жылдарға арналған үш тілді білім беруді дамыту жол картасында «Үш тілді білім беруді тиімді енгізу үшін педагогикалық кадрларды даярлау және қайта даярлау» жүйесін жетілдіруге ерекше көңіл бөлінген. Сонымен қатар, үш тілді білім беруді дамыту жол картасы негізінде жасалған жоспарға сәйкес университетте ағылшын топтарына сабақ беретін ОПҚ-ның сатылы түрде біліктілігін арттыру жұмыстары жүргізілуде. М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің профессор-оқытушылар құрамы болашақ жас мамандарды дайындауда жастарды тәрбиелеп, білім беруде атқарып жатқан еңбектері орасан зор. Ұстаздарымыздың аянбай еңбек етуінің арқасында, университет түлектері Қазақстанның барлық аймақтарында еңбек етіп келеді және үлкен сұраныстарға ие. Елбасы Мәңгілік Елге бастайтын, абыройлы әрі мәртебелі жолды жалғастыратын жастарға, зор сенім артып отыр. Өйткені, Отанымыздың болашағын баянды етіп, аға буын салып кеткен сара жолды жалғастыратын – жастар! Сондықтан, әлемнің дамыған елдер қатарына ену жолында аянбай еңбек етіп, Қазақ елін төрткүл дүниеге таныту – тікелей жастардың қолында. Жас буын өкілдеріне арналған мемлекеттік бағдарламалар сәтті жүзеге асуда. Соңғы жылдары жоғары білім алуға берілетін гранттар саны ұлғайтылып, мемлекеттік «Болашақ» бағдарламасы аясында жас қазақстандықтар әлемнің таңдаулы оқу орындарында озық білім алуда. Қазіргі таңда еліміздегі мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асырушы да, жемісін көруші де – жастар. Сондықтан, жастар өздеріне артылып жатқан сенімді үлкен жауапкершілікпен ақтауға міндетті. Елбасының жастар саясатының дамуын нақтылай түскені – жастарға үлкен сенім артқаны деп қабылдаймыз. Мерейлі істердің берекелі бастауы белгіленген тарихи құжатта ұлттық идеяның тұғыры айқындалып, қазақ тілінің мәңгілік тіл екендігі айтылды. Дәл осы «Мәңгілік Ел» ұғымы ұлтты ұйыстырып, болашаққа бет алған бағдарымыздың дұрыстығына кепіл бола алады.
Қанат БАЙБОЛОВ, М.Әуезов атындағы ОҚМУ-дің оқу ісі және ақпараттық технологиялар ісі жөніндегі проректоры