Адам өмірі үшін ең жауапты кезең де мамандық таңдауға қатысты болса керек, сірә. Абайдың «Сен де бір кірпіш дүниеге, кетігін тапта бар қалан» деген сөзі осы ойымызды айғақтай түскендей. Қазір жастар жалақысы көп, табысты мамандықтарды таңдауды жөн санайды. Екінің бірі заңгер, екінің бірі экономист. Сөйте тұра жұмыс таппай жүргендері қаншама? «Екі қолға − бір күрек» деп қолында табақтай диплом болғанымен, жұмыссыз жүрген жастар көп. Жалпы, статистикалық мәліметке сүйенсек, өткен жылы мектеп бітіргендер саны − 120 мың. Оның 87 мыңы ғана ұлттық бірыңғай тестілеуге өтініш білдірген. Ал тестілеуге 84 079 мектеп бітіруші қатысқан. Қалғандары орта біліммен шектеліп қалып отыр. Ал биыл 137 671 оқушы оқу жылын аяқтамақ. Бұл былтырғымен салыстырғанда, едәуір жоғары. Өткен жылы жоғары оқу орнына тапсырушыларға 31 702 грант бөлінген. Десек те, осы мемлекеттік грантта оқитындарды қадағалайтын арнайы жұмыс тобы құрылу керек. Қазір университет бітірген жастарды қай жерге жұмысқа орналасқаны туралы деректер жинап жатады. Алайда оның бәрі қағаз жүзінде ғана. Мемлекеттен бөлінген қаржыны дұрыс игерудің бір жолы елімізге қажетті мамандықтарды дайындап, бітірген түлектерді жұмысқа орналастыруға жағдай жасау. Жұмысшы мамандықтарға басымдық беріліп, грант та сол салаға көбірек бөлінсе игі. Әйтсе де талапкерлер мемлекеттік грантқа қол жеткізудің бір жолы осы деп өзі таңдаған мамандықтан бас тартып, грант көбірек бөлінеді-ау деген салаға аяқ басып жаңылып жатады. Осыдан бірнеше жыл бұрын өзіммен қатарлас оқыған Айгүл есімді құрбымның жағдайы дәл осындай еді. Ауылдағы ата-анасының қамын ойлап, қай салада грант көбірек бөлінеді, соған тапсырам деп келген екен. Сөйтіп, мал дәрігерінің оқуына грантқа түсті. Алайда, бұл қадам жоғары білімді тегін алудың амалы еді. Оқу бітірген соң ол мамандықтан қол үзіп, басқа салаға ауысып кетті. Осындай білім алған студенттерден қандай білікті маман қалыптасады? Енді бір балалар ата-анасының қалауымен мамандық таңдайды. Ата-анам дәрігер болуымды қалады, дейді Әсел есімді бойжеткен. Өйткені, сол жылы оның сал ауруымен ауыратын сіңлісі дүние есігін ашып еді. Сондықтан ол нейрохирургия мамандығына баратын болып шешті. 7 жыл оқыған дәрігерлік оқуды сәтті аяқтап, сол салада қызмет етіп жүр. Дегенмен, қазір өзі қаламаған мамандықты таңдағанын, басқа салаға ауысқысы келетінін айтады. Міне, осылайша мамандықты дұрыс таңдамай бармақ тістеп, өкініп жүрген жастарды жиі кездестіруге болады. Сондықтан әр оқушы өзінің жанына жақын, қабілеті бар салаға ат басын бұрса дейміз. Мектеп мұғалімдері де түлектердің мамандық таңдауына салғырт қарамай, оларға дұрыс бағыт-бағдар беріп отырғаны абзал болар еді. Әр баланың бойында бір қабілет болады, бірі жақсы сурет салса, енді бірі есепке жүйрік, тағы бірі тіл саласына бейімі болса, енді бірі техниканың қыр – сырына қанық. Осылайша, жастайынан баланың қарым – қабілетіне орай талантын ашып, талабын ұштап жіберсе, талапкер де тауы шағылмай өзінің діттеген мақсатына жетер еді.
Айман МҰҚЫШЕВА