• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
16 Маусым, 2017

Жүйелі жұмыс жүйкені жұқартпайды

472 рет
көрсетілді

Биылғы оқу жылы да аяқталды. Жыл бойы көп мәселе көтерілді. Мұға­лім жайы да қозғалды. Оқу­лық­тың ой-қыры, бары мен жоғы талқыға түс­ті. Оның жүйесіз тұстары туралы ащы да, ашық та айтылып жатты. Тіл төңі­регіндегі түйт­кілдер де жан-жақты тілге тиек бол­ды. 

«Баламасы жоқ, жегі құрт – жем­қорлықтан қорған», деп он жыл­дан аса «қолпаштаған» ҰБТ да өзге­ріске ұшырады. Үштілділік, оның ішінде ағылшын тілін оқыту, мұға­лім­дерді қысқа мерзімде әзірліктен өткізу жайы да назардан тыс қалмады.  Сөйтіп, тоғыз айды артқа тастап, оқушыларды үш айлық демалысқа жі­бердік. Ендігі көкейде тұрған бір мәселе: «Алдағы оқу жылы қалай бас­талады, қандай өзгерістер күтіп тұр, айтылған сындар ескеріле ме, нәтижесі бола ма, оқулықтағы түйткіл түзеле ме?». Осы секілді сұрақтар кімнің де болса алдынан шығары хақ. Әрине, реформа өз нәтижесін беріп жатса жақсы. Керісінше өзгелердің үлгісін өз мемлекетіміздің ерекшелігін ескермей, ұлттық менталитетімізді елемей, жаңалық деп жапсыра салудан, ақиқатына жүгінсек, ұтқанымыз онша көп болмаса керек. Содан да шығар әр-алуан пікірдің өріс алып жатқаны.  Жалпы, азаттығымызды алғалы бері білім саласы реформадан көз ашпай келеді. Оның оң нәтижесі де, осы қа­лай дейтін тұстары да болмай қалған жоқ. Кемелдікке бет алған ұрпақтың білім нәрін алуына септігінен гөрі, кері әсері тигені көп. Оны бүгіп қалып қайтеміз?! Алдағы оқу жылында ондай олқылықтарды оң ниетпен ойластырсақ, оң шешімін тапса, нұр үстіне нұр болары ақиқат. Мұндай игілікті жұмыста бірінші ойластыратын іс: мұғалім беделін яғни, мәртебесін көтеру жайын алға оздырсақ, қанеки. Реформаны іске асыратын, жаңалықты жалғастыратын, ең бастысы, балаға білім беретін мұғалім екені бесенеден белгілі. Мұғалім алаңсыз жұ­мыс істесе, біреуге тәуелділіктен құ­тылса, ол ұрпаққа бар зейінімен ден қойып, сауатты да саналы, білімді болып шығуына жол ашады. Тәуелділік сөзі − қаржы жағынан, баспанадан олқылық көрмесе, пәтер жалдаудан құтылса сөйтіп, ауқатты отбасы балаларының алдында биік тұрса деген ойдан туып отыр. Қазір мұғалімге айлық төлеудің әртүрлі жолы бекітілген. Оның бастысы, бірінші жұмыс өтілі,  санаты, қоғамдық жұмысқа қатысуы, тағы басқа қырлары ескеріледі. Айталық, 38-40 сағатпен екі ауысымда жұмыс істейтіндер 200 мың теңгеден аса айлық алады. Мұндай көп сағат мұғалім жетпейтін жерде болмаса, басқа білім орындарында, әсіресе, ауылды жерде 18-20 сағаттың өзін бөліп, еңбек етіп жүргендер қаншама?..  Мектеп табалдырығын жаңадан аттап, жұмыс бастаған жас мамандар 40-50 әрі кетсе, 60 мың теңге айлық алатын көрінеді. Сынып жетекшілігіне төленетін бір айдағы ақы 45-50 мың теңгені құрайды екен. Бұл қай жыртыққа жамау болады? Кейбір азаматтардың тойып ішетін түскі асына әрең жетеді емес пе?  Осы арада мына бір ойымызды да ортаға сала кетсек дейміз. Бүгін­гі­дей қырық құбылған заманда сынып жетекшісі туралы арнайы мәр­тебе бе­кітілсе, кәдімгідей қаржы қарас­ты­рыл­са ол баламен, ата-анамен тікелей жұмыс істеп, оқушылар арасын­дағы әт­теген-айлар болмас па еді? Егер бұл орын­далмаған күннің өзінде, сынып жетек­шісіне төленетін қаржыны алда айт­қанымыздай көбейтсе, ұстаздар алакөз  болмай, көп сағат алуға ұмтылмай, білім мен тәрбиені ұштастырып жүргізер еді.  Иә, біз көбінде білім беру мәселесін айтамыз да тәрбиені қағыс қалдырып қоямыз. Бұл баланың бетімен кетуіне әкелмей қоймайтынын көріп те, естіп те, куә болып та жүрміз. Осы мәселені әл-Фараби бабамыз: «Тәрбиесіз берілген білім құмға құйған сумен бірдей», деп айтып кеткенін әр кез еске ұстай бермейтініміз өкінішті-ақ. Ал өткен ғасырда Ұлыбританияның премьер-министрі болған Уинстон Черчилль: «Мектеп мұғалімдерінің қолындағы билігін премьер-министрлер тек армандай алады», депті. Бұл мұғалімді құрметтеудің, оның еңбегін бағалаудың, беделін көтерудің бір әдемі көрінісі деп білеміз. Бір кездері бізде де мұғалімге деген ілтипат ерекше болған. Мектеп бітіргендердің көбі мұғалім болуды аңсайтын. Бүгінгі түлектердің арасынан мұғалім болам дейтіндер бірлі – екілі шыға ма, шықпай ма, ол жағы жұмбақ.  Ауылдың бүгінгі тұтқасы да, зия­лысы да мұғалім қауымы. Әрине, тұтқа деп отырған мұғалімнің бәрі де кір­шіксіз, білімі ұшан-теңіз десек, артық айтқандық болар. Араларында ақ қайыңға біткен без секілді жандар да кездеседі. Олардың да айтары барын білеміз. Бірақ ұрпақ тағдырын қолына сеніп тапсырған адамның, теріс басуға қақысы жоқ. Әйтпесе, Ота­нымыздың ұлы мен қызының обалына қалмау керек.  Сонымен, алдағы оқу жылы биыл­ғыдай сүреңсіз сөздерден құтылып, ай­тылған сындардан қорытынды шығып, жұрт тілектері орындалып, жүйкені жұқартып жүрген жүйесіздіктен арылып, рухани жаңғыру тұсында әдемі үрдіспен басталса, балаларымыздың шырайы кіріп, білімді терең меңгеріп, бәсеке бәсінде ұрпақ та, ұлт та ұтылмас еді.

Сүлеймен МӘМЕТ, «Егемен Қазақстан»