Сол жылдары мұндай қылмыстық көріністерден Қазақстан да құралақан емес еді. Ойдан-қырдан қашқандар мен іштен шыққан бұзақылар қылмыс санының артуына әсер етті. Барған сайын заң бұзушылық етек жайып, күрделі сипат ала бастады. Және ол қылмыстардың көпшілігі суық қару қолданылып жасалатындықтан, жұртты алаңдата түсті. Бұған экономикалық қылмыстар да қосылды. Жасырып несі бар, сол кезде ұйымдасқан қылмыстық топтар кәсіпке бет бұрғандары да етектен тартты. Тіпті, ұйымдасқан қылмыстық топтың көбі трансұлттық сипат алды. Мұның бір себебі, бұрынғы кеңестік ішкі істер органдарындағы өзара әрекет ету тетігі бұзылып, қауқары қайтып қалғаннан да еді. Осындай жағдайда құқық қорғау органдарына қылмыспен күресуде жаңа әдіс-тәсілдер қарастыруға, оның қыр-сырын зерттеуге, үйренуге тура келді. Жаңа заман келбеті жаңа қажеттілікті алға тартты. Оның үстіне, елімізде орын алған дағдарыс салдарынан мемлекеттің қаржылық қауқарының нашарлауы да құқық қорғау органдарына кері әсер етпей қоймады. Қызметкерлердің жалақысы тіптен мардымсыз болды. Ал жұмыс ауырлай түсті. Осы тұста тәжірибелі мамандар ақшасы көп коммерциялық бағыттағы жұмыстарға кете бастады. Полициядағы қызмет болса, көптеген жастар үшін мәнін жоғалтып, қызығушылығын жойды. Мұндай құлдырау тек құқық қорғау органдарында ғана емес, өзге маңызды салаларда да көрініс берді. 1992 жылғы жоғарыда айтқан заң мен Президенттің «Қазақстан Республикасының ішкі әскерлері туралы» Жарлығы бүкіл құқық қорғау органдарының тұла бойына қан жүгіртті. Іле-шала тәуелсіз Қазақстанның алғашқы тағайындалған Ішкі істер министрі іске кірісті. Елбасының уақтылы сындарлы шешім қабылдауының арқасында нормативтік базаның жаңаруы жүзеге асып, ол жедел іздестіру қызметінің дамуына оң әсер етті. Даму үдерістері 1994 жылдың қыркүйек айындағы «Жедел іздестіру қызметі туралы» Заңға жалғасып, жандана түсті. 1993 жылдың басында-ақ кешенді де жедел жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде 324 қылмыстық топтың жолы кесілді. 550-ден астам қашқын қылмыскер құрықталды. Сөйтіп, тәуелсіз мемлекеттің тегеурінді ішкі істер органдарының дәрмені артты. Президенттің Жарлығымен 1995 жылғы қазан айында ТМД елдерінде бұрын-соңды болмаған құқық қорғау органы – Мемлекеттік тергеу комитеті құрылды. Алайда, уақыт өте келе оның кемшіліктері, осал тұстары бары анықталды. Осыған байланысты 1997 жылдың қарашасында Мемлекеттік тергеу комитеті таратылып, оның қызметкерлері Ұлттық қауіпсіздік комитеті мен Ішкі істер министрлігіне ауыстырылды. Осыған сәйкес, ішкі істер органдарында әскери құрылым мәртебесімен криминалды және әкімшілік полиция, сонымен қатар, әскери тергеу органдары және ІІМ әскери полициясы құрылды. Өрт сөндіру қызметі Төтенше жағдайлар жөніндегі мемлекеттік комитетке берілді, экономикалық және жемқорлық қылмыспен күрес Сыбайлас жемқорлықпен және экономикалық қылмыспен күрес агенттігіне өтті. Әділет министрлігі сот-медициналық сараптамасын және түрме жүйесі мен халықты құжаттандыруды қолға алды. 2011 жылы Қылмыстық атқару жүйесі ІІМ-ге берілді. Ал 2014 жылдың сәуір айынан бастап Президент Жарлығымен ІІМ-нің Ішкі әскерлері ІІМ-нің Ұлттық ұланына айналды. Және осы жылы тамыз айында ІІМ-ге Төтенше жағдайлар министрлігінің қызметтері мен өкілеттіктері берілді. 2016 жылдың 1 қаңтарынан бастап, тиісті заңға сәйкес, Астана және Алматы қалаларының және облыстардың ІІД Жергілікті полиция қызметі құрылып, олар қазіргі күні ойдағыдай жұмыс істеп келеді. Міне, мұның бәрі – 25 жылда атқарылған жұмыстар. Ол айтуға ғана оңай болғанымен, әр жылдағы қызметтің мәні мен мағынасы тереңде жатқаны анық.
Александр ТАСБОЛАТОВ, «Егемен Қазақстан»