• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
16 Маусым, 2017

Жамбылдың немересі мен Шәкәрімнің баласы

1353 рет
көрсетілді

Осыдан 35 жыл бұрын түсірілген бұл суреттен кейін де бір дәуір өтіпті. Боямасыз фотода Жамбылдың ақындық өнері дарыған немересі Әлімқұл мен Шәкәрім ақынның баласы Ахат отыр. Асылдан қалған ұрпақтар да тегіне теңеліп, талай іс тындырып кеткенін тарих біледі.

Ал қайталанбас ғажайып сәтті фотошежіремізге сыйға тарт­қан байырғы қызылордалық фототілші Болат Омарәлиев: «1982 жылы Тұрмағанбет ақын­ның 100 жылдық мерейтойына қазақтың бетке ұстар барша зия­лылары жиналды. Тұрмағанбет Ізтілеуовтің ғасырлық тойында екі кісі елеусіздеу жерде отыр екен. Болмыстары бөлек адам­дарды суретке түсіріп алдым. Олардың отырысы маған бө­лек­ше көрінді. Кімдердің ұрпағы  екенін 10 жылдан кейін ғана білдім», дейді.  «Кейін менің білгенім, Әлім­құл – Жамбылдың ортаншы ұлы Тоққұлдың баласы екен. 1927 жылы Әлімқұлдың алты айлығында Тоққұл қайтыс бо­лады да, ол әкеден жетім қал­ған. Содан Жамбылдың інісі Сатыш бауырына салып өсірген көрінеді. Жасынан Жамбыл атасының жанында жүріп, тәлім-тәрбие алады. Атасының талай жырын жатқа айтып ержетеді», деп фототілші суретке ілеспе жолдар жазыпты.   Жыр алыбы Жамбылдың немересі, Қазақстанның ха­лық ақыны, Қазақстан Респуб­ли­касының еңбек сіңірген мәдениет қайраткері, «Құрмет Белгісі» орденінің иегері, Алма­ты облысының және Жамбыл ауданының Құрметті азаматы Әлімқұл Жамбылов 2015 жыл­дың 14 қарашасында 88 жасында дүниеден озғаны баршамызға аян. Жамбылдың жалғасындай болған Әлімқұл атамыз қазақ­тың ақпа-төкпе ақындық дәс­түрін қаймағын бұзбай жалғас­тыру­шылардың бірі болғанына тірі күнінде куә болдық. Ал Ахат Шәкәрімұлы 1900 жылы дүниеге келіп, 84 жасында қайтыс болды. Бұл суретке түскенде Ахат ақсақал 82 жаста екен. Заманында Шәкәрімнің барлық балалары, немерелері қамауға алынып, жазықсыз жапа шегеді. Түрмедегі ауыр азап, қорлыққа шыдамаған Гафур, Баязит өзіне өзі қол жұмсап қайтыс болады. Қабыш таяқ пен аштықтың азабынан Шыңғыстау мен екі ортада жолда өледі. Зият Қытайға өтіп кеткенмен құрығы ұзын қиянатшылдардан құтыла алмай, қайғылы қазаға ұшырайды. Түрмеде жатқан Ахат әкесінің қаза болғанын естіп, бір уыс топырақ сала алмай қайғының уын ішеді. Асылдың тұяғы 1958 жылы 29 қазанда Шәкәрім ақын ақтал­ғанда 30 жыл құдықта жатып қалған әкесінің сүйегін қазып, түгендеп жинап,қайта арулап ұлы ұстазы Абайдың зиратының жанына жерлейді. Орайы келіп тұрғанда Шәкә­рімнің әншілік мұрасының жи­на­лып, зерттелуіне көп еңбек сіңірген өз баласы Ахат Құдай­бер­диев болғанын айту парыз. Ерен жұмыстың арқасында Шәкәрімнің әндері 1989 жылы «Аманат» атты музыкалық-этно­графиялық жинақ болып жарыққа шықты. Бұл басылым Шәкәрім әндерінің ғылыми-зерттелуіне жол ашты. Міне, бір суретте екі алып тұлғаның тұяғының ізі осындай. 

Айнаш ЕСАЛИ, «Егемен Қазақстан»

АЛМАТЫ

Суретті түсірген Болат ОМАРӘЛИЕВ