• RUB:
    5.43
  • USD:
    477.03
  • EUR:
    521.44
Басты сайтқа өту
Бизнес 16 Маусым, 2017

Зауыт құрылысы тоқтап қалды

139 рет
көрсетілді

Қазір Ақтөбе өңірінде құрылысқа аса қажетті материалдың бірі –әйнек болып отыр. Осы орайда «Ақтөбе әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының» еншілес компаниясы «Ақтөбе-әйнек» ЖШС әйнек шығару зауыты құрылысы инвестициялық жобасын қолға алғанын тек құптау ғана қажет шығар.

Осы нысанды тұрғызу үшін бюджетен 214,3 миллион тенге бөлінген екен. Әйтсе де бюджет қаражатын тиімсіз пайдалану салдарынан инвестициялық жобаның жолы кесілген. Әрине бұл арада «Ақтөбе әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының» басы-қасында жүргендер барлық іс-қимылды бірінші кезекте зауыт құрылысын жүргізуге жұмылдыруы керек еді. Алайда олар өздерінің тікелей атқаруға тиісті міндеттеріне жауапсыз, салдыр-салақ қараған. Сөйтіп нысанның іргетасын көтерудің орнына 143,9 миллион тенгеге әбден ескеріп, қараусыз қалған ғимаратты сатып алыпты. 

Соның салдарынан зауыт құрылысы тоқтап қалды. Мемлекет активтері тиімді түрде пайдаланылмауының кесірінен әйнек шығару мен энергия сақтағыш пакеттерді өндіріске қою ісі құрдымға кетіп тынды. Айтып айтпай не керек, әйтеуір корпорация жетекшілері 73 миллион тенгені жарғылық капиталдағы үлеске салумен ғана шектелген. Бұған да тәубе дерсіз. Тұтастай алғанда «Ақтөбе әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясына» қарасты «Азия Агро Холдингі», «Базарларды басқару», «Батыс Агро 2008», «Табыс қала» еншілес кәсіпорындарына үстеме аудиттік бақылаулар жүргізу нәтижесінде 648,8 миллион тенгенің активтері мен бюджет қаражаттары тиімсіз пайдаланылғаны белгілі болды. Бұл көріністің өзі өңірдегі инвестициялық жобаларды іске асыруға әжептәуір нұқсан келтірді.

- Сөйтіп аймақтағы әлеуметтік-экономикалық маңызы өте жоғары нысандардың бірі белгіленген уақытта пайдалануға берілмей қалды. Мұның өзі өңірдегі әйнек өндірісі нарығын жолға қою және қосымша жұмыс орындарын құру жөніндегі іс-қимыл бағдарламасының ойдағыдай орындалуына кері әсерін тигізді, - деді «Egemen.kz» тілшісіне Ақтөбе облысы ойынша тексеру комиссиясының төрағасы Сағат Еңсегенұлы.

Темір Құсайын