Елбасының таяуда жариялаған «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық сипаттағы мақаласында «Туған жер» бағдарламасын қолға алуды ұсынған болатын. Мемлекет Басшысы отансүйгіштік сезімді кіндік қаның тамған топырағыңа, өскен аулаңа, қала мен өңіріңе, яғни туған жеріңе деген махаббаттан басталатынын қадап айтқан болатын. Осы тұрғыда Октябрь ауданында «Туған жер» бағдарламасының аясымен «Бар жақсылық – балаларға!» атты акция өтуде. «Туған жер» бағдарламасын қарағандылық боксшы Геннадий Головкин де қолдады. Оның дәлелі, бүгінгі ашылып отырған «Жұлдызай» заманауи ойын кешені. Игі шараның ашылу салтанатында Октябрь ауданының әкімі Әлімжан Қанаев және Қарағанды қалалық мәслихатының депутаты Данияр Исаев сөз сөйледі.
Бұл бастама ел матанышы GGG-дің жуырда туған жерге ат басын тіреген уақытта көтерілген болатын. Облыс әкімі Ерлан Қошановпен жеке кездескен боксшы Қарағандыда балалар спорт алаңын тұрғызатынын жеткізген еді.
Жаңа алаң Майқұдықтағы 14-ші шағын ауданда салынады деген боксшы құрылыс жұмыстары чемпионның есебінен жүргізілетінін де айтып өткен болатын.
– Ел Президенті «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында «Туған жер» бағдарламасы тамаша бастама! – деді боксшы, – Мен де қуана-қуана бұл бағдарламаға қосыламын. Өзім бір кездері тұрған, өскен үйдің ауласында балалар спорт алаңын тұрғызып бергенім дұрыс деп ойлаймын. Елбасының бастамасын толығымен қолдаймын.
Мирас АСАН,
«Егемен Қазақстан»
Қарағанды облысы