• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Президент 16 Маусым, 2017

Елбасы жаһандық интеграцияға кедергі келтіретін проблемаларды атады

156 рет
көрсетілді

Мемлекет басшысы Нобель сыйлығының лауреаттарымен және белгілі экономистермен кездесті, деп хабарлайды Ақорданың ресми сайты.

Елбасы дөңгелек үстел жиынына қатысушыларға 10-шы Астана экономикалық форумына келгендері үшін ризашылық білдірді.

– Сарапшылармен жүздесіп, әңгімелесу әрдайым аса маңызды әрі қызықты. Әсіресе, қазір әлемде елеулі өзгерістер болып жатқанда мұның маңызы зор, – деді Қазақстан Президенті.

Нұрсұлтан Назарбаев жаһандық технологиялық даму зор қарқын алып отырғанына тоқталып, Халықаралық «ЭКСПО-2017» мамандандырылған көрмесінің тақырыбы өзекті екенін атап өтті.

– Көрменің арқасында Қазақстан жаңа технологиялардың дамуы тұрғысынан әлем назарын өзіне аударып отыр. Соған қарап қоршаған ортамыз қалайша түбегейлі өзгеріп отырғанын көре аламыз. Электромобильдерді, өздігінен жүретін көлікті, нанотехнологияларды, сондай-ақ жаңа энергия түрлерін біз футуристік дүниелер деп санайтынбыз. Қазір соның бәрі шындыққа айналуда, – деді Мемлекет басшысы.

Нұрсұлтан Назарбаев ілгерілеуге ықпал ететін күн тәртібіндегі халықаралық өзекті мәселелерге тоқталып, жаһандық проблемаларды шешу үшін күш-жігерді жұмылдыру қажеттігін атап өтті.

– АҚШ-тың Париж келісімінен шығатыны туралы мәлімдеме, Катардың төңірегіндегі жағдай орнықты дамуды күрделендіре түсті. Түрлі елдердегі экологиялық проблемалар, жаһандануға қарсылық үдерісі, көші-қон ағыны мен патернализм сауда жасауға, өзара қарым-қатынасқа және интеграцияға кедергі келтіруде, – деді Мемлекет басшысы.

Кездесу барысында А.Квасьневский, С.Месич, С.Тимашев, Р.Чунг, Д.Френкель, А.Спицын, Д.Даокуи Ли, И.Саконг, П.Тичанский, Д.Перкинс, Д.Гарольд, Н.Талеб, Х.Бюркнер баяндама жасады.

Соңында Қазақстан Президенті дөңгелек үстел жиынына қатысушыларға әңгіменің мазмұнды болғаны үшін алғыс айтып, өзекті мәселелерді Астана экономикалық форумы аясында талқылауды ұсынды.