• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Үкімет 16 Маусым, 2017

Бақытжан Сағынтаев Украина Премьер-Министрінің орынбасары Геннадий Зубкомен кездесті

108 рет
көрсетілді

Бүгін Үкімет үйінде ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев Украина Премьер-Министрінің орынбасары – өңірлік даму, құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы министрі Геннадий Зубкомен кездесу өткізді.

Кездесу барысында сауда-экономикалық ынтымақтастықты дамытудың алдағы перспективалары, сондай-ақ Қазақстан-Украина экономикалық ынтымақтастығы жөніндегі Мемлекетаралық комиссияның өткен отырысының қорытындылары талқыланды.

Айта кетейік, 2017 жылдың 14-16 маусымында Астанада ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары А. Мамин мен Украина Премьер-Министрінің орынбасары - өңірлік даму, құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы министрі Г. Зубконың төрағалығымен экономикалық ынтымақтастық жөніндегі Бірлескен Мемлекетаралық Қазақстан-Украина комиссиясының XIII отырысы өтті.

Қазақстан мен Украинаның үкіметтік делегациялары екі елдің экономика, энергетика, көлік және логистика, АӨК, туризм, азаматтық авиация салаларындағы екіжақты сауда-экономикалық және инвестициялық серіктестікті одан әрі дамыту мәселелерін талқылады.  

Ағымдағы жылдың алғашқы 4 айында елдер арасындағы өзара сауда көлемі 2016 жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда 37,3%-ға өсті және 486,3 млн долларды құрады. Осыған байланысты, ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары А. Мамин экономикалық ынтымақтастықты жандандыру қажеттігін баса айтты. Айтар болсақ, бүгінде Қазақстанда Украинаның қатысуымен 661 кәсіпорын жұмыс істейді. 

«Сауда-экономикалық ынтымақтастықты одан әрі дамыту үшін экспорттық-импорттық операцияларды ұлғайтып, жеткізілетін тауарлар мен қызметтердің номенклатурасын кеңейту керек, сондай-ақ Қазақстан мен Украинаның кәсіпкерлері арасында тікелей байланысты орнату қажет», - деді ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары. 

Қазақстан мен Украина арасындағы жүк ағынының артуы транзит пен логистика саласындағы ынтымақтастықтың тиімділігін айғақтайды. 2017 жылғы қаңтар-ақпан айларында Қазақстан мен Украина арасындағы экспорттық және импорттық жүк көлемі 186,6 мың тоннаны құрады, бұл 2016 жылғы деңгеймен салыстырғанда 15%-ға жоғары. Транскаспий халықаралық көлік бағдары дәлізін дамыту жұмысы жалғастырылып жатыр. 

Экономикалық ынтымақтастық жөніндегі мемлекетаралық комиссия жұмысының қорытындысы бойынша А. Мамин мен Г. Зубко тиісті хаттамаға қол қойды.