Уақыт бір орнында тұрмайды. Кешегі Кеңес өкіметі тұсында отын-энергетикалық кешен ретінде бүкіл одақтық мәнге ие «Богатырь» кеніші, әлемге әйгілі электр стансаларымен, көптеген кәсіпорындар шоғырланған өңір болды. Бүгінде Екібастұз моно қалалар қатарында. Қала аумағына 2 кент, 27 ауыл қарайды. Шағын және орта бизнес те жақсы дамыған. Индустрияландыру саясатын іске асырудада орны бөлек. Қалаға қарайтын ауылдық аумақтар ауылшаруашылық өнімдерімен, көкөніс, картоппен қамтамасыз етіп тұр.
Өңірде индустриалды инновациялық даму бағдарламасы барысында құны 500 млрд теңге тұратын 17 жобасы жүзеге асырылуда. Еліміздің бәсекеге қабілетті экономикасын қалыптастыруға үлес қосып келе жатқан, кеншілер қаласы дейміз.
Биылғы той ерекше. 60 жылдық мерейтойға арналған ипподром аумағында этноауыл ашылып, 60 киіз үй құрылды. Кеншілер қаласы жыл сайын қазақтың ұлы тұлғаларына арнап, көше атаулары беріліп, ескерткіш орнатылады. Биыл осы мерейтойға орай ұлы ойшыл Мәшһүр Жүсіп бабамызға да ескерткіш ашылды. Екібастұздықтарды қала күнімен құттықтауға облыс әкімі Болат Бақауов та келді.
Екібастұз еліміз үшін отын энергетика және ірі өндірістік орталық екені белгілі. Қала халқының саны қазір 154 мыңдай. Соңғы жылдары 4 мектеп, 4 емхана, 4 жекеменшік медициналық орталық, 12 балабақша ашылды. Биылығы жылы «ANSA Silicon» ЖШС –мен техникалық кремний өндіру бойынша инвестициялық жобаны іске асыру, «Greenhouse KZ» ЖШС-мен жылыжай кешенін кеңейту және қолданыстағы өндіріс алаңын арттыру, «Проммашкомлект» ЖШС-мен теміржол саласы үшін доңғалақтар шығару цехының құрылысын аяқтау, сондай-ақ шамамен 25 ауланы абаттандыру жоспарланып отыр. Мерейтой күні «Облыстың Құрметті азаматы» атағына еңбек ардагерлері Дүкен Қызғарин мен Қайрат Смағұлов «Богатырь Көмір» ЖШС Богатырь жүк тиеу- көлік басқармасының басшысы Александр Григорьевтар ие болды, Той күні сахна төрінде «Дос-Мұқасан» ансамбліі өнер көрсетті. Ипподромда аламан бәйге өтті.
Фарида Бықай
«Егемен Қазақстан»
Екібастұз