Уәлиханов ауданы Бидайық ауылында 12 жасар бала мен екі ересек кісі найзағай түсіп қайтыс болды, деп хабарлады облыстық төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметі.
Қайғылы оқиға 16 маусым күні орын алған. Ауыл тұрғындары өрістен қайтқан малдың алдынан шығуға барғанда найзағай ойнап, жаңбыр құйып сала берген. Бірінші жай балаға түсіп, тіл тартпай кеткен. Дереу дәрігерге, ауыл әкімі мен уческелік инспекторға хабарланып, шұғыл көмек шақыртылған. Ауыл фельдшері мен жүргізуші оқиға орнына жеткенде екінші жай түсіп, көмек шақырған 34 жастағы ер адам мен 39 жастағы фельдшерлік-акушерлік пункттің жүргізушісі ажал құшқан.
Өмір Есқали.
«Егемен Қазақстан».
Солтүстік Қазақстан облысы.