Асқар Құлыбаевтың элитарлы мәдениет өкілдеріне тән жарқын шығармашылық дербестігін дәріптейтін тұстары аз емес. Солардың бірқатарын атап айтар болсақ: инженер-электрик, инженер-құрылысшы, техника ғылымдарының докторы, Қазақстан Республикасы мен халықаралық инженерлер академиясының академигі, «Құрмет Белгісі», «Халықтар Достығы», І дәрежелі «Барыс», «Отан», «Инженерлі даңқ» платиналы ордені, «Достастықтың Алтын жұлдызы» Суворов ордені, БҰҰ-ның «Бірлік ордені» ЮНЕСКО ордені, «Достық» ордені (Ресей), І дәрежелі Ұлы Петр орденімен марапатталған. Сонымен қатар, ғалымға Халықаралық инженерлер академиясының күміс медалі табысталды. ЮНЕСКО және Халықаралық инженерлер академиясының лауреаты, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының иегері, сондай-ақ, Алматы қаласының Құрметті азаматы атақтары профессор А.А.Құлыбаевтың элитарлы тұлға екендігін дәйектейді. Психология ғылымында «Адам тұлға болып туылмайды, ол әлеуметтік, мәдени даму нәтижесінде қалыптасады» деген қағидат бар. Тұлға расында бір күнде қалыптаспайды, ол – өмір ағысында пісіп-жетілген, белсенді өмірлік позициясы бар және ішкі қажеттілікке байланысты таңдау жасай білетін, өзі қоғамының алдында жауап беруге даяр, үнемі өзін өзі және өзгелерді жетілдіру үшін түрлі әдіс-тәсілдерді меңгеріп, өз мінез-құлқын реттеуші адам. Осы парадигмалардың бәріне сәйкес келетін – Асқар Алтынбекұлы Құлыбаев. Данышпан Абай бүкіл шығармашылығында Нағыз Адам, Толық Адам қандай болу керек деген сұраққа жауап іздейді, әрі оған жауап береді. «Әуелі бір суық мұз – ақыл зерек» өлеңінде: Ақыл, қайрат, жүректі бірдей ұста, Сонда толық боларсың елден бөлек, – дейді. Абай айтып отырған елден бөлек, толық адам – ақыл, қайрат, жүректі бірдей ұстаған жан – қазақтың элитасы. Қазақ элитасының мүшесі Асқар Алтынбекұлы – өзі тәмамдаған Құрылыс академиясының білім, тәрбие мәселелерін үнемі қадағалап отыратын, өсуіне, өркендеуіне үлес қосатын азамат. Бүгінгі ғалымның кешегі шәкірт ретінде өзі оқыған ордасының білімгерлерінің әлеуметтік жағдайын да ескеріп отырады. Көмекке мұқтаж отбасыларынан шыққан студенттердің де жағдайына шәкіртақы тағайындау, шетелдік тәжірибеге баратын студенттерге рухани, материалдық көмек беруге әрқашан дайын. Қазақта «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» деген сөз бар ғой. Міне, Асқар Алтынбекұлы – айналасына нұрын шашып жүретін, жақсылар мен жайсаңдарын тани білетін, көмек қолын созуға үнемі даяр тұратын осындай тұлға. Осы себептен өзі түлек болып шығып, қазіргі таңда жұмысына үлес қосып жүрген білім ордасы Қазақ бас сәулет құрылыс академиясында Қамқоршылар кеңесінің Президиум төрағасы лауазымына ие болғанын ескерсек, оның меценаттығының дәлелдері айқындалады. Қазақстанның архитектура- лық-құрылыс мектебінде өз қолтаңбасы бар А.А.Құлыбаев еліміздің дағдарыс жағдайында архитектуралық және инженерлік мамандарының жетіспеушілігін айта отырып, оған нақты қолдау көрсетіп отырады. Осыған қарап, өзі білім алған оқу орнының жанашыры ұлтымыздың көрнекті өкілдерінің бірі, техника ғылымдарының докторы, академик А.А.Құлыбаев – дана Абай көрсеткен толық адам мен аталған әлем таныған философтар танымындағы элита өлшеміне толық сай келетін тұлға. X. Ортега-и-Гассет айтқандай, қоғамның ілгерілеуіне айтарлықтай үлес қосқан, еліміздің білім беру саласына көптің бірі ретінде емес, бірегейі ретінде танылып жүрген ғалым-педагог деуге де толық негіз бар. Академик Асқар Алтынбекұлының өмірдегі, ғылымдағы жолы осы көрсетілген элиталы мәдениет иелеріне тән қасиеттердің барлығына бірдей жауап бере алатын, биологиялық және генетикалық шығу тегі мен психологиялық сипаты, лауазым сатылары мен қоғамдағы орны, ғылым жолындағы зияткерлік әлеуеті мен кісілік келбеті данышпан Абай айтқан толық адамның қасиеттері: ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек иесі екендігін айғақтай түседі. Құрметті Асқар Алтынбекұлы! Сізді төл мерекеңізбен құттықтауға рұқсат етіңіз. Сіздің терең біліміңіз, жоғары кәсібилігіңіз бен біліктілігіңіз өзіңізге әріптестер арасында лайықты құрмет сыйлады. Бізге, ізбасарларыңызға терең ой және еңбекқорлық үлгісі болып, үнемі бағыт көрсетіп жүргеніңіз үшін ризашылығымды білдіремін. Сіздің алдағы жұмысыңыз да Қазақстанның дамуы мен гүлденуіне бағытталатынына нық сенімдімін. Шын жүректен сізге және сіздің жақындарыңызға мықты денсаулық, мол бақыт, береке және қызметтеріңізге сәттілік тілеймін.
Ақсәуле ТАУБАЛДИЕВА, Халықаралық білім беру корпорациясының сыртқы қатынастар және студенттік мәселелер жөніндегі проректоры