Ол Батыс Қазақстан облысындағы «Егемен Қазақстан» газетіне меншікті тілші болып тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында келген еді. 24 жыл бойы сонда қызмет атқарды. Осы тұста сирек кездесетін бір жайтты айта кеткен жөн секілді. Бұл бір өңірде 75 жылға жуық уақыт ішінде газеттің үш тілшісі ғана қызмет атқарған екен. Батыс Қазақстан облысы 1932 жылы құрылған. 1942 жылы облысқа алғаш рет Мұса Хателов меншікті тілші болып тағайындалыпты. Ол кісі бұл жұмысты 1975 жылға дейін үздіксіз 33 жыл бойы атқарып келген. Одан кейін бұл жұмысты бүгінгі тілмен айтқанда Павлодар облысынан Оралға ротациялық жолмен ауысқан Боранғали Ырзабаев 1992 жылға дейін жалғастырған. Ол зейнет демалысына шыққан соң облыстағы меншікті тілшілікті Темір Құсайынның еншісіне тиіп, 2017 жылдың қаңтарына дейін атқарды. Содан кейін ол өзінің алдындағы ізашар ағасы Боранғали Ырзабаев секілді Оралдан Ақтөбеге ротациялық тәсілмен ауыстырылды. Бір облыстан екінші облысқа тілшілерді ауыстыру үрдісі бұрыннан бар үрдіс екенін айта кетсек дейміз. Темірдің бойында қалыптасқан жақсы адами қасиет бар. Соған дәйек келтірер болсақ, ол алдындағы екі әріптесі дүниеден өткенде оларды соңғы сапарға аттандыру шараларын мүлтіксіз атқарғанын жұртшылық әркез еске алып жүреді. Боранғали Ырзабаев тұрған үйге ескерткіш тақта қою шарасына ұйытқы болып, көзі тірісінде шығарып үлгере алмай кеткен өлеңдер жинағын Орал қаласындағы «Дастан» баспасынан шығарып беруі оның кісілігі мен кішілігін танытады. «Салттары мүлде ірі екен, Азаматтары да ірі екен» (М.Мақатаев) дегендей, осы арада Жайық бойын жағалай отырған жұрттың өзіндік бір үлгісі барын айта кетсек дейміз. Ол қазақы қалыпты бұзбай, ұлттық өнегені сақтау, үлкен-кіші арасындағы әдемі сыйластық, сырттан келген адамды, «Қош келдіңіз!» деп жадырай қарсы алып, «Қош келіп тұрыңыз!» деп шығарып салу, ел ардақтыларын әркез құрмет тұту, таланттарды алақанда аялау, ынтымаққа ұю, өзге де асыл қасиеттер кімді де болса марқайтпай қоймайды. Айнымас дос, адал бауыр етіп жібереді. Мұндай жақсы қасиет біздің әріптесіміздің өн бойында молынан. Көңілі кірсіз, ойы тұнық, айтар сөзі болса іркіп қалмай, алдыңа жайып салатын Темір алдындағы ағаларына, ізінен ерген інілеріне ізеті бөлек екеніне талай куә болғанымыз бар. Оның әдемі дәлелін де алда келтірдік. Газет үрдісінде жеделдік деген ұғым бар. Ел өміріндегі елеулі оқиғаны күн аралатпай оқырманға жеткізуді бәсекелестік десе де жарасады. Осы бәсекелестікке төтеп берген журналистің қашанда беделі биік, абыройы жоғары. Тіпті, бұл істе кімнің жүйрік, кімнің шабан екені де таразыланады. Әсіресе, көкейкесті тақырыптарды тап басып айту, жақсы жұмысты жарқыратып таныстыру, әттегенайлардың алдын алуды еске салу – бәрі де журналистің шеберлігіне байланысты. Бұл тұрғыдан келгенде, Темір Құсайын қамшы салдыра қоймайды. Қай жерде жүрсе де барды бар, жоқты жоқ деп жазуды міндет санайды. Қаламы жүйрік журналист ретінде Жайық жұртына танылған әріптесіміз көтерген әр тақырып назардан тыс қалып көрген емес. Осындай ұшқырлығы газет таралымының артуына да ықпалын тигізіп келгені белгілі. Мәселен, 2004-2008 жылдары республикада тұрғын үй бағдарламасы қабылданып, барлық өңірлерде бұған қатысты қызу істер басталып кеткен кезде Темір Құсайын облыстағы осы істің жай-күйі жөнінде терең журналистік зерттеу жүргізіп, «Сапалы жоба болмаса, сәулетті құрылыс та жоқ» деген сараптамалық мақала жазды. Мұнда автор Орал қаласында мемлекеттік тұрғын үй бағдарламасының жүйесіз жүргізіліп отырғанын сынға алды. Көп кешікпей осы мақалаға сәйкес Батыс Қазақстан облысы әкімдігінің кеңейтілген алқа мәжілісі өткізіліп, «Егемен Қазақстан» газетінде көтерілген мәселелер орынды деп табылды. Әрі облыс орталығында құрылыс салудың өзгеше жаңа жобасы бекітілді. Газетке де абырой әкелген тілші мақаласы сол кездегі газет басшысы Сауытбек Абдрахмановтың тарапынан лайықты түрде бағаланып, сыйақы берілді. Ел ісі, жұрт тірлігі дегенде әрқашан әділдікті ту етіп ұстайтын азамат кей тұста облыс, қала әкімдерінің де атына сын айтып, оған алғашында реніш білдірген басшылар артынан түсіністік танытып, кемшілікке жасаған кеңшіліктерін түзетіп жататынынан да хабардармыз. Мұндай мысалдар аз емес. Темір Құсайынның аузын ашса көмейі көрініп тұратын, кім-кімге болса да қолынан келген көмегі мен жақсылығын аямайтын, елдің бәрін дос-бауыр санайтын ер көңілді, жүрегі жомарт жан екенін алда да айттық. Өзінің журналистік мамандығы мен ұзақ жылдарға жалғасып келе жатқан меншікті тілшілік қызметіне әріптесіміз ақ-адал. Облысқа журналистік іссапармен барғанда оның айналасында небір жылы жүзді азаматтардың жүргенін талай көргенбіз. Солардың кейбіреуін еске түсірер болсақ, Б.Баймырза, С.Оразов, Б.Әмірғалиев, Н.Тұяқов, С.Жангелдиев, Р.Оразов, басқа да жаны жайсаң ел жақсыларымен танысып, танысқан едік. Сонымен қатар, Темір – әріптестердің арасында да өзіндік орны бар қаламгер. Ол сөз ұстай жүріп, өнердің де өресін өсіріп келеді. Әсіресе, ән жанрында ақын Жұбан Молдағалиев пен Илья Жақановтың шығармашылық бірлігінен туған «Еділ мен Жайық» әнін Темір нақышына келтіре орындайды. Оның бұл өнеріне Илья ағаның сүйсіне қол соққаны әлі күнге есімізде. Қаламы төселген Темір Құсайын қазір агломерациялық аймақ, республикамыздағы өнеркәсібі өркен жайған Ақтөбе облысының тыныс-тіршілігін газетіміздің бетінде жүйелі түрде көрсетіп келеді. Алуан тақырыпты қамтыған жетістіктерді, әлі де жетілдіре түсуді қажетсінетін мәселелерді де жүйелі қозғап жүр. Темір Құсайынның журналистикадағы шығармашылық еңбегі әркез өз бағасын алғанын да айта кетсек, артықтық етпейді. Ол Президент Жарлығымен өңіріне «Құрмет» орденін, «Ерен еңбегі үшін» медалін тақса, Мемлекет басшысының Алғыс хаттарымен әр жылдары бірнеше дүркін марапатталды. Сондай-ақ, Қазақстан Журналистер одағының сыйлығының иегері. Батыс Қазақстан облысы, Қазталов ауданының «Құрметті азаматы». Алты белеске шыққан әріптесімізге шығармашылық табыс тілеп, бүгінгі биігі кемелдікке жалғаса берсін деп, тегеурінді деген сөзді Темірге қаратып, қазақтың жыр жампозы Қадыр Мырза-Әлінің айтқанын еске салып, ақын сөзі бағаның үлкені деп білеміз.
Сүлеймен МӘМЕТ, «Егемен Қазақстан»