• RUB:
    5.43
  • USD:
    477.03
  • EUR:
    521.44
Басты сайтқа өту
Қазақстан 19 Маусым, 2017

Астанада әлем елдерінен келетін 1000-нан астам делегат энергетика мәселесін талқылады

225 рет
көрсетілді

19 маусым күні Астанада «Болашақтың энергиясы: инновациялық сценарийлер және оларды жүзеге асыру әдістері» тақырыбындағы инженерлер мен ғалымдардың Дүниежүзілік конгрессі басталды. Конгресс Қазақстанда ғана емес, жалпы Орталық Азияда тұңғыш рет ұйымдастырылып отыр.

 Астанадағы WSEC ЭКСПО-2017 мамандандырылған халықаралық көрмесінің іскерлік бағдарламасы аясында өтуде.

- Бүгінде бүкіл әлем ортақ маңызды мәселеге алаңдаулы: әлемдік энергетика қалай дамиды, қандай тетіктердің болашағы зор? ЭКСПО-2017 алаңы, оның ішіндегі біздің конгресс ғаламдық мәселені талқылауға зор мүмкіндік береді деп ойлаймын. Әсіресе, бұл тақырып дәстүрлі шикізат экономикасына ықпалды елдер үшін аса маңызды: олардың әрқайсысы энергетикалық саланың бағыт-бағдарын өзгертіп жатыр, оның ішінде Қазақстанда да бар, - деді Қазақстан Республикасының білім және ғылым вице-министрі Асланбек Амрин.  

Дүниежүзілік конгрестің негізгі мақсаты – жаһандық энергетика мәселелерінің жаңа шешімдерін іздеу, кадр дайындау, технология, құрастыру және инновация тетіктері. Форумға 1000-нан астам ғалымдар мен инженерлер, білім беру, бизнес салаларының өкілдері және әлемнің 51 елінен келген мемелекеттік органдар мен халықаралық ұйымдардың белді тұлғалары қатысуда.  

– Бізді 20-дан астам беделді халықаралық энергетикалық ұйымдар қолдады. Демек, конгрестің тақырыбы Қазақстан үшін ғана емес, дүниежүзі елдері үшін де өзекті. ХХІ ғасырдың ғаламдық мәселесі: табиғи ресурстардың таусылуы, жаһандық энергетикалық қауіпсіздік, үшінші индустриалдық революция. Жаңа кезең келеді, бағыт-бағдарлар өзгереді, ғылыми жетістіктерге, инновация және инженерлік істерге сұраныс артады. Ал біздің мақсат аталған маңызды тапсырмаларды орындау және тығырықтан шығудың жолын іздеу, - деді WSEC халықаралық бағдарламалық комитеттің қосарлас төрағасы, ҚР ұлттық инженерлік академиясының президенті Бақытжан Жұмағұлов.

Екі күн ішінде Конгресс-орталықтың алаңында 300 баяндама жасалып, 80 ғылыми таныстырылым өтеді. Ұйымдастырушылардың айтуынша, форумға энергетика мәселелерін тереңнен зерттеп жүрген 100-ге жуық жас ғалымдар да қатысады.

–  2015 жылдан бері индустриалды-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасының аясында 11 қазақстандық институт инновациялық бағдарламар әзірледі. Жалпы Қазақстанның жоғары мектептерінің алдында жаңа міндеттер қойылды. Біздің елді білім мен инновацияның орталығына айналдыру, халықаралық деңгейде қажетті инженерлік кадр мамандарын дайындау сынды нақты тапсырмалар бар. Ол үшін білім беру мазмұнына жаңаша көзқарас қажет, заманауи технологиялар мен оларды дамыту қарқыны жоғары болуы тиіс. Инженерлер энергетикалық саланың жаңа сын-тегеуріндеріне, қауіпсіздік, экологиялық бағдарларына дайын болуы қажет, - деді Қазақстан Республикасының білім және ғылым вице-министрі Асланбек Амрин.  

Конгресті сыртқы істер министрлігі, энергетика, білім және ғылым министрліктері, сондай-ақ, Астана қаласының әкімдігі мен  ЭКСПО-2017 қолдауымен ҚР ұлттық инженерлік академиясы және Қазақстан ұлттық жаратылыстану ғылымдары академиясы ұйымдастырды. Инженерлер мен ғалымдардың дүниежүзілік конгресі Елордада екі күнге жалғасады: 19-20 маусым. 21 маусымда конгрестің қатысушылары мен қонақтары үшін ЭКСПО-2017 көрмесіне экскурсия ұйымдастырылады.