• RUB:
    5.43
  • USD:
    477.03
  • EUR:
    521.44
Басты сайтқа өту
Аймақтар 19 Маусым, 2017

Жамбылда жаңа санитарлық автокөліктер тапсырылды

127 рет
көрсетілді

Медицина қызметкерлерінің кәсіби мерекесіне орай Тараз қалалық мәдениет үйінде салтанатты жиын өтіп, он жаңа санитарлық автокөліктің кілті өңірдегі денсаулық сақтау мекемелерінің бас дәрігерлеріне табыс етілді.

Шараға облыс әкімінің орынбасары Ғалымжан Әбдірайымов арнайы қатысып, өңірімізде мұндай санитарлық автокөліктің 28 мекемеге берілгенін, бұл мақсатта жергілікті бюджеттен 211 миллион теңге бөлінгенін атап өтті.

Сонымен қатар, облыстағы денсаулық сақтау мекемелерін жаңа медициналық құрал-жабдықтармен қамтамасыз етуге биыл 2 миллиард теңге көлемінде қаржы жұмсалса, облыстағы 408 медициналық мекеменің 14-і жаңадан салынып, 12-сі күрделі жөндеуден өткен. Ғалымжан Райылұлы өз сөзінде Елбасы барлық Жолдауларында медицина саласының дамуына ерекше назар аударып келетіндігін және облыс басшысының денсаулық сақтау саласына ерекше көңіл бөліп отырғанын жеткізіп, бірқатар медицина қызметкерлерін облыс әкімінің Құрмет грамотасымен марапаттады. Ал облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Тілеухан Әбілдаев әріптестерінің тынымсыз еңбегін ерлікке балап, ақ халатты абзал жандарға өз атынан ризашылығын білдірді. Бұдан кейін бірқатар медицина қызметкерлері еліміздің денсаулық сақтау министрлігінің «Еңбек ардагері» медалімен және «ҚР Денсаулық сақтау саласының үздігі» төсбелгісімен марапатталды.

Аталған марапаттар өңірімізге белгілі ғалым дәрігерлер Оразқұл Досқұлов, Төленбек Сәуірбаев және Сағындық Ордабековке берілді. Салтанатты жиын соңы өңір өнерпаздарының концертіне ұласты.

Хамит Есаман,

«Егемен Қазақстан»

Жамбыл облысы