Енді, биылғы тестілеу сынағының негізгі ерекшеліктеріне тағы бір мәрте тоқталайық. Ең алдымен, Ұлттық бірыңғай тестілеу 5 пән бойынша тапсырылады. Атап айтқанда, Қазақстан тарихы, математикалық сауаттылық, оқу сауаттылығы (20 тапсырмадан, шекті деңгейі – әр пәннен кемінде 5 балдан) және таңдаған мамандыққа сәйкес 2 бейінді пәннен (30 тапсырмадан, шекті деңгейі 15 балдан кем болмауы тиіс) тапсырады. 120 тестілеу тапсырмасы бойынша түлек максималды 140 балл жинай алады. Тапсырмаларды орындауға 3 сағат 50 минут уақыт бөлінеді.
Ұлттық тестілеу орталығының мәліметінше, биыл ҰБТ-ға қатысуға 92 827 түлек ниет білдіріп, өтініш жазған. Олар биылғы мектеп бітірушілердің (131 377) 71 пайызын құрайды. ҰБТ тапсыруға ниетті 69 209 түлек қазақ тілінде, ал 23 618 мектеп бітіруші орыс тілінде тапсырады. ҰБТ 165 тапсыру пунктінің 1431 аудиториясында өткізіледі. Бұл аудиториялар байланыс сигналдарын бөгейтін құрылғылармен, металл детекторларымен, ҰБТ барысын бақылау және жазу бейнекамераларымен, сондай-ақ интернет арқылы онлайн тарату камераларымен жабдықталған.
Ата-аналарға ыңғайлылықты қамтамасыз ету мақсатында 108 пункттегі ҰБТ барысы мониторға шығарылып, көрсетіледі. Әдеттегідей, ҰБТ өткізу орындарында медициналық қызмет пен құқық қорғау органдарының өкілдері жұмыс істеп, ауыз су және тағам өнімдерін сату орындары қызмет көрсетеді.
ҰБТ-ның белгіленген тәртіп бойынша өткізілуі мен ережелердің орындалуын қадағалау үшін тестілеу өткізілетін пункттерге Білім және ғылым министрлігі тарапынан жоғары оқу орындары (75%) және колледждердің (25%) оқытушылары жіберілді. Ұйымдастыру мәселелерін шешу үшін өңірлерде жергілікті жоғары оқу орындарының, білім бөлімдерінің, әкімдіктердің, құқық қорғау органдарының, қоғамдық ұйымдар мен БАҚ өкілдерінен құралған мемлекеттік комиссияларды құру қолға алынды.
Білім және ғылым министрінің бұйрығымен тестілеу тапсырмалары мен техникалық ақаулықтар жөніндегі апелляциялық арыздарды қарастыратын Республикалық апелляциялық комиссиямен қатар жер-жерде апелляциялық комиссиялар кұрылды. Апелляциялық арыздар ҰБТ нәтижелері жарияланғаннан кейінгі күні сағат 13.00-ге дейін қабылданып, бір күнтізбелік күн ішінде қарастырылады.
Биыл тестілеуге сапалы дайындық жүргізу үшін қажетті жағдай жасалған. Үйреншікті, яғни қағаз бетінде қабылданып келген сынақ- тық тестілеумен қатар, онлайн-тестілеуден өту мүмкіндігі ашылды. Ал маусым айынан бастап аталған қызмет үшін ақы төлеу интернет-банкинг арқылы жүргізіле бастады. Бұл операцияны кез келген банк картасы арқылы орындауға болады әрі комиссиялық пайыз ұсталмайды. Министрліктің баспасөз қызметінің айтуынша, комиссия материалдары құпиялылықты қамтамасыз ету нұсқаулығының қатаң талаптары бойынша 99 мың дана таралыммен басылып шыққан.
Думаш АНАШ, «Егемен Қазақстан»