– Астанада өтіп жатқан ЭКСПО-2017 көрмесі екі ел арасындағы қарым-қатынасты жаңа бір деңгейге көтереді деп сенемін. Жаһандық көрме барысында, яғни 20 маусымда Финляндияның ұлттық күні атап өтіледі. Оған арнайы келген фин елінің президенті Саули Нийнисте қатысады. Делегацияның құрамында 70-ке жуық бизнес өкілдері болады. Әрине, жоғары деңгейдегі кездесулер болатыны анық. Финляндия ЭКСПО-ға үлкен дайындықпен келіп отыр, – деді Қазақстанның Финляндиядағы Төтенше және өкілетті елшісі Мұрат Нұртілеуов.
Елшінің айтуынша, ЭКСПО-2017 көрмесі аяқталғаннан кейін Астана-Хельсинки әуе рейсі Алматы қаласына ауыстырылады. Қазіргі уақытта осы мәселе бойынша келіссөздер өтіп жатыр.
Айта кетейік, Финляндия Солтүстік Еуропа елдері арасынан алғаш болып 1991 жылы 30 желтоқсанда Қазақстан тәуелсіздігін таныған ел. Ал 1992 жылдың 13 мамырында қос мемлекет арасында дипломатиялық қарым-қатынас орнады. Екі ел арасындағы тауар айналымының көрсеткіші де жоғары деңгейде. 2014 жылғы көрсеткіш 1,1 млрд долларды құраса, 2015 жылы 467 млн долларға төмендеген. Ал өткен жылы бұл көрсеткіш 342 млн доллар болыпты.
Жиын барысында Қазақстанның Швеция Корольдігіндегі елшісі Дастан Елеукенов сөз алып, екі мемлекет арасындағы қарым-қатынастар жайында қысқаша баяндап берді.
– Әр жылдары экономикалық жағдайларға байланысты сауда айналымы бірде төмендеп, бірде көтеріліп отырды. Дегенмен, соңғы уақытта бәрі жақсарып келеді. Өткен жылдың қорытындысы бойынша екі ел арасындағы сауда айналымы 311 млн долларды құрады, – деді Дастан Елеукенов.
Ол, сондай-ақ, Қазақстанның ядролық қаруға байланысты ұстанымын Швеция қолдайтынын ерекше атап өтті. Қазақ еліне жұмыс сапарымен келген Швеция Корольдігі парламентінің төрағасы Урбан Алин кезінде осы мәселемен айналысқанын да тілге тиек етті. Сонымен қатар, дипломат күзде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Швеция Корольдігіне ресми сапармен баратынын айтып, екі ел арасындағы байланыс бұдан да жоғары деңгейге көтерілетініне сенім білдірді.
Аян ӘБДУӘЛИ, «Егемен Қазақстан»