DOXA арт группасының таланатты жігіттері Сергей Келлер мен Дмитрий Петровский 16 жылдан бері сурет өнерімен айналысып келеді. Үлкен қалалардағы тұрғын үй қабырғаларын ұлттық нақышта бейнелеу арқылы аты шыққан жігіттер ат басын Астанаға бұрыпты.
Сергей Келлердің айтуынша, бейнелеу өнерінің бір саласы мурализмді граффитимен шатастыруға болмайды.
– Мурализм жанры 1920-1960 жылдары Мексикада пайда болған қозғалыс. Қоғам күрескерлерін кең насихаттауға ұмтылған, өмір шындығын революциялық даму тұрғысынан бейнелеуді мақсат еткен суретшілер жаңа бағытты тудырды. Ал граффитиде қалаған кескініңнен бастап, кез-келген сөзді жазуға болады. Мурализмнің түп негізінде ұлттық, патриоттық рух жатыр, –дейді Сергей Келлер.
Суретшінің сөзінше, тұтас қабырғаны кескіндеуге төрт күндей уақыт кеткен. 40 литр бояу жұмсалған.
– Бұл картина Целиноград кезінде почта маркаларына жиі шыққан тарихи сурет. Жоба алдағы уақытта жалғасын табады, – дейді Астана қаласы әкімдігінің баспасөз қызметінің жетекшісі Эльвира Жүргенбаева. Оның айтуынша, Астанадағы тағы осындай он тұрғын үйдің сыртын безендіру жоспарланып отыр.
Ая ӨМІРТАЙ,
"Егемен Қазақстан"