Айлы түнде ақсүйек ойнап, алтыбақан тепкен қыз-бозбаланың думанды дәуірі көз алдыңызға келеді. «Астыма мінген атым бұқпа қара, шаң тисе ақ бетіңе, ыққа қара», «мен едім ертеменен қозы ағытқан, сен едің ақ боз атпен орағытқан», «қыран бүркіт ұшады қыр айналып, қызыл көрсе, шықпайды шыр айналып» деп үздіккен көңіл, үлбіреген сезімдер легі алдыңыздан ақ кілем болып жайылып сала береді. Оқтын-оқтын «оралыңның барында ойна да күл» деген фразеологиялық тіркес қайта айналып соғып, одан әрі тізбектеле береді, тізбектеле береді...
«Оралыңның барында ойна да күл» сөз оралымы біршама ойға жетеледі. Бәлкім, бейбаян дүниенің ұлы жіңгір, жігерлі белесі – жастық шақта ойнап-күлгеннің де сөкеттігі бола қоймас. Алайда, кірпік қаққанша ақпараттар алмасып, кетпен шапқанша техникалар жаңаратын бүгінгі өркениетті дәуірде ойыннан гөрі ойыңның, эмоциядан гөрі эрудицияңның басым тұруы пайдалырақ деп бағамдайсың.
Ғаламдық сарапшылардың болжамынша, бүгінде адамзат қоғамы VUCA (Volatile – өзгермелі, Uncertain – беймәлім, Complex – күрделі, Ambiguous – қарама-қайшы) деп жіктелген жаһандық жаңа сын-қатерлермен бетпе-бет келіп отыр. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты халыққа Жолдауында бұл өзекті мәселеге тереңнен тоқталып, «әлемде кезекті, Төртінші өнеркәсіптік революция басталғанын, болашағын айқындап, сын-қатерлерді күтіп отырмастан, оған табанды түрде қарсы тұра алатын халық қана жеңіске жететінін» айқындап берді.
Көз ілеспес жылдамдықпен алмасатын технологиялар, табиғи және техногендік апаттар, сондай-ақ жаһандық демографиялық теңгерімсіздіктен туындайтын сын-қатерлер жиынтығы – VUCA-ның апандай аранына түсіп қалмау үшін алдағы тағдырын ерте бастан ойлаған өркениетті елдердің тұрғындары кейінгі жылдары жоғары білімге деген құлшынысын арттырып отыр. Соңғы 40 жылда бүкіл әлемде студенттердің саны 6 есе өскен. Болжам бойынша 2020 жылы АҚШ-та 25-34 жас аралығындағы студенттердің саны 40%-дан 60%-ға дейін ұлғаймақ. Сингапурда кейінгі 10 жыл бедерінде жоғары білім шәкірттерінің саны 22%-дан 50%-ға дейін артқан.
Бүгінде студенттерге жоғары білім берудің жаһандық үдерісі бұрынғы құрғақ теориялық әдістемеден бас тартып, АҚШ-тың Стэнфорд университетінің «Кремний алқабы» үлгісіндегі үш таған – білім, ғылым, өндірісті өзара үндестіре, үйлестіре отырып маман даярлауға бейімделуде. Нәтижесінде, қазіргі уақытта әйгілі «Кремний алқабы» 1,5 млн адамды жұмыспен қамтып, Америка Құрама Штаттары ІЖӨ-нің 2,2%-ын құрап отыр.
Әлбетте, біздің еліміз де «қатер қашан келесің?» деп қол қусырып қарап отырған жоқ. Бүгінгі таңда ел тұрғындарының 50%-ға жуығы, яғни 8 млн-нан астам адам тәуелсіздік тұсында дүниеге келіп, озық технологиялармен сыралғы құрдасындай қатар өсіп келе жатқан жаңа заманның жастары. Қазақстандағы әрбір бесінші мектеп дербестіктің ширек ғасырында бой көтерді. Жалпыға бірдей тегін әрі міндеттелген 11 жылдық орта білім беру жүйесінің арқасында Қазақстан ЮНЕСКО-ның білімнің даму индексі бойынша кейінгі кезеңде 100 елдің ішінде алғашқы ондықтан түспей келеді.
Яғни, мемлекет талапты жастың таңдау жасауына барлық мүмкіндікті туғызып отыр. Келесі кезек жастарда. Бойда күш-қайрат барда асау заманның жалынан мықтап ұстап, зымыран уақыттың шабысына ілесе ала ма, болмаса боркеміктеніп шаң қауып қала ма, ол – өмірдегі өз таңдауы. Тек кейін өкініп қалмауы тиіс. Өйткені, болашақты болжайтын футурологтер енді 25 жылдан кейін компьютерлер қазіргіден мың есе жылдам жұмыс істейтінін алға тартуда. 2029 жылы Жерден жіберілген дыбыс Глизе экзопланетасына жетіп, ондағы тіршілікпен байланыс орнатылатынын ескертуде. Ал 2050 жылы роботтар адамдармен бірге жұмыс істей бастаса, гуманоидты роботтар футболдың үздік ойыншыларына айналады деп тон пішуде. Сонымен бірге, 2036 жылы адамдар қартаю процесін қадағалап отыруға қол жеткізсе, 2045 жылы жасанды интеллект мейлінше дамып, машиналар адамдармен бәскелесе бастамақ.
Әрине, бұл – болжам. Бірақ, біз осыдан 30 жыл бұрын әрбіріміздің алдымызда компьютер, қалтамызда ұялы телефон болатынын білген жоқпыз ғой. Сондықтан, ойлы жасқа «оралыңның барында оқы да біл» демекпіз.
Қуат Бораш, «Егемен Қазақстан»