Бірнеше жыл бұрын кеншілер қаласының бас көшесі – Ленин көшесіне әулие бабамыздың есімі берілгенде, бөркін аспанға атып шаттанған халықтың қуанышы еселене түсті. Ескерткіштің ашылу салтанатына облыс әкімі Болат Бақауов, мәшһүртанушы Айтмұхамбет Тұрышев, Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының ұрпақтары, алыс-жақыннан келген қонақтар қатысты. Аймақ басшысы Болат Бақауов пен ғұламаның шөбересі Абай Шәрапиев ескерткіш жамылғысын түсірген соң, С.Торайғыров атындағы №22 гимназия-мектебінің оқушысы Бауыржан Кәкімов пен «Зерде» мектебінің оқушысы – Мәшһүр Жүсіп бабаның шөпшегі Перизат Сүйіндік ақын өлеңдерін оқыды. Екібастұзға кіреберіс тұсқа ерекше рең беріп, ел рухын көтеріп тұрған қола ескерткіш биіктігі тұғыртасымен қоса есептегенде 7 метрге жуық. Авторы –қарағандылық мүсінші Жаубасар Қалиев. Атап өтерлік жайт, 60 жылдық мерейтойын атап өткен кеншілер шаһарында қазақтың дарынды ұлдарына арнап бұған дейін талай ескерткіш соғылған. Алайда бүгінгі ескерткіш ең көркем әрі сәтті жасалғаны деуге болады. Ескерткіштің ашылуына Екібастұз қаласының әкімі Қайрат Нүкенов қолдау танытып, «Екібастұз қаласындағы Мәшһүр Жүсіп қоғамдық қоры» (президенті – Бақтыбай Амантаев) үлкен еңбек сіңірді.
Жанаргүл ҚАДЫРОВА
Екібастұз