Тағы бір өзіміз куә болған көрініс «Нұрлы жол» шеңберінде Шұбарқұдық ауылының су құбырын жаңарту жұмыстары басталыпты. Соған сәйкес 23,1 шақырым аумақтағы сумен жабдықтау желілері жаңартылмақ. Ал қазір қолданыстағы су құбыры сонау қырқыншы жылдары салынған екен. Рас, аталған гидроинженерлік нысан жетпісінші жылдары одан әрі кеңейтілген.
Әйтсе де оған қазіргі күнге дейін күрделі жөндеу жүргізілмей келіпті. Сондықтан су құбыры желілерінің тозуы салдарынан жарылыстар да жиі орын ала бастапты. Мұндай жағдай өз кезегінде ауыз судың сапасына әрі оның үзіліссіз берілуіне салқынын тигізген. Бұл су құбыры 14 мыңға жуық тұрғыны бар аудан орталығын әкімшілік ғимараттар мен денсаулық сақтау білім беру нысандарын ауыз сумен қамтитынын ескерсек «Нұрлы жол» бағдарламасының тигізген шапағаты тереңдей түседі. Жұмыстың жалпы құны 557 миллион теңгені құрайды.
Темір аудандық тұрғын үй, коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Алмас Жақсылықовтың айтуынша, өткен жылы «Нұрлы жол» шеңберінде Ақтай ауылы орталықтандырылған ауыз су құбырына қосылыпты. Оның ұзындығы 15 шақырымға жуық. Жалпы аудан аумағындағы ауылдар түгелге дерлік орталықтандырылған ауыз су жүйесіне қосылғаны әжептәуір жетістік. Бұл мысалдар аудан тұрғындары ауыз сумен түгелге дерлік қамтылғанына дәлел. Дегенмен жаз айларында ауыз су тапшылығына байланысты мәселелер туындап қалатын көрінеді. Осы кезде суға сұраныс та 3-4 есе өсіп шыға келеді екен. Мұның себебін бөлім басшысы тұрғындар тарапынан ауыз судың үнемді, әрі тиімді түрде жұмсалмауымен, сөйтіп су ысырабына жол берілмеуімен түсіндіріп берді. Біз Темір ауданындағы су мамандарымен кездесу кезінде ауыз су мәселелеріне қатысты жобалар жасалған кезде халық саны және өсімі, соған байланысты барлық тұрмыстық қажеттіліктер ескерілетінін көңілге түйіп оралдық.
Темір ауданы