Жиынды ашқан Павлодар облыстық ҚХА төрағасының орынбасары Сейсенбай Жетпісбаев Елбасының аталған мақаласы қоғамға үлкен ой салғанын сөз ете келіп, «Арғы-бергі кезеңдердегі рухты дүниелерімізді түгендейтін аманаттай аталы сөздерді айта келе, Мемлекет басшысы біздің алдымызда тұрған көптеген міндеттерді атады. Бұл міндеттер латын әліпбиіне көшу, туған елге, жерге қызмет ету, әлемдік деңгейдегі білімге ұмтылу, тағы басқа маңызды мәселелерге тікелей байланысты. Сондықтан, Елбасы атап көрсеткен елімізге қажетті істерді атқару – сіз бен біздің қолымызда, – деді. Бұдан кейін жергілікті зиялы қауым өкілдері, мұғалімдер, кітапханашылар, ғалымдар, Ассамблея мүшелері қатысқан бұл басқосуға арнайы келген қаламгерлер Исраил Сапарбай мен Марат Тоқашбаев сөз сөйледі. Өз кезегінде ақын Исраил Сапарбай Елбасының рухани мазмұны бай мақаласының дәл уақытында жазылғанын, оны бірнеше рет оқып шыққанын жеткізді. Оның айтуынша, мақаланың түпкі мақсаты – қоғамның рухани санасын жаңғырта отырып, ел дамуын жаңа сапалық биікке көтеру. – Ұлтын сүйіп, ұлт тағдырын өз тағдырымен байланыстыратын әрбір азамат Елбасы мақаласында айтылған міндеттерді атқаруға дайын деп ойлаймын. Ұлтымыздың XXI ғасырдағы рухани жаңғыру стратегиясы атанған Елбасының бағдарламасы елдік мүдде үшін қажет. Экономикамыздың дамуымен қатар, қоғамдық санамыз да өсе түссе, рухани жаңғыру дегеніміз осы, – деді Исраил Сапарбай. Ақын ұлтымыздың ерекшеліктері жөнінде әңгімелеп, дүниежүзінің рухани тәжірибелерінен де мысалдар келтіре отырып, мақаланың бүгінгі күнгі ұрпаққа айтар ойының маңыздылығын сөз етті. Ал жазушы, журналист Марат Тоқашбаев қазақстандықтардың әлемдік білім мен ғылымның биік деңгейіне көтерілуінің әрі рухани ояу болуының маңыздылығына тоқталды. – Ата-бабадан келе жатқан ұлы рухы сақталған, іргесі мықты елдің ұл-қызын өсіріп, жеткізу бәріміздің басты арманымыз. Ал қазақтығымызды сақтап қалу үшін осы рух, рухани жаңғыру санамызда тұруы шарт. Елбасы мақаласында айтылғандай, әуелі салт-сананы жаңғырту керек, – деді Марат Тоқашбаев. Жиын барысында жиналған жұртшылық елімізге танымал ақын Исраил Сапарбаев пен жазушы, журналист Марат Тоқашбаевтың әдеби-рухани, танымдық әңгімелері арқылы өздерінің көкейлеріндегі көптеген сұрақтарға жауап алғандай болды. – Бүгін мән-мағыналы, кең тынысты кездесуге куә болып отырмыз. Елге танымал азаматтар тұщымды ойларын, қоғамды толғандырған мәселелерді қозғай білді. Негізінде, елге танымал журналистердің, ақын-жазушылардың ауыл-қалаларды аралап, жұртшылықпен кездесіп, Елбасы мақаласын түсіндіру бойынша сапарлап жүргендері үшін ризамыз. Алдағы уақытта да осындай сапарлардың ұйымдастырылғаны жөн. Өйткені, бұл рухани жаңғыру үшін керек, – дейді жергілікті «Қазақ тілі» қоғамының төрағасы Социал Әйтенов. Облысқа белгілі журналист Юрий Поминов болса, Елбасының мақаласындағы «Туған жер» бағдарламасы өзіне соншалықты қымбат екенін, өзін еліміздің патриоты санайтынын, туып-өскен осы өңірдегі Железинка ауданы жайлы өлеңдер, облыс туралы көптеген естеліктер жазатынын жеткізді. Жиын барысында басқа да бірқатар азаматтар сөз сөйлеп, Елбасы мақаласында сөз болған мәселелерге байланысты жергілікті жерлерде атқарылып жатқан игі істерге тоқталды әрі өз ұсыныстарын білдірді. Мәселен, М.Демесінов деген ақсақал жер-су атауларының байырғы тарихи атуларына қайта оралту «Туған жер» бағдарламасына қосқан үлкен үлес болар еді деген ойын жеткізді.
Фарида БЫҚАЙ, «Егемен Қазақстан»
Павлодар облысы