Кеше ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесінің қалашығы Францияның ұлттық күнін атап өтті.
Мерекелік шараның бірінші бөлімінде Сыртқы істер министрлігі Еуропа департаментінің директоры Айгүл Құспан сөз сөйлеп, Қазақстан пен Францияның стратегиялық әріптестер екенін еске салды. Қос мемлекет қоян-қолтық жұмыс жасап, қазіргі заманның сын-тегеуріндеріне, оның ішінде ғаламдық жылынуға қарсы әрекет етіп жатқанын айтты. «ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесінің тақырыбы – «Болашақ энергиясы». Бұл ұзақ мерзімге арналған шешімдерді, технологиялық инновацияны ұсынады. Франция, бұл тұрғыда, экологиялық жауапкершіліктің үлгісі. Жаңартылған энергия көзін пайдалануда француздық ең үздік тәжірибелер – адамзаттың баға жетпес құндылығы. Мен ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесі Эйфель мұнарасы сияқты танымал болады деген үміттемін», деді А.Құспан. Жиында Франция павильонының бас комиссары Паскаль Лоро қос ел арасындағы достықты жоғары бағалады. «Франция мен Қазақстан – дос мемлекеттер. Біздің еліміз Қазақстанмен 2008 жылы стратегиялық әріптестік туралы келісімге қол қойды. Франция өз кезегінде энергетика саласындағы тәжірибелерімен бөлісе алады. Сондықтан бүгін осы жерде еліміздің ең ірі кәсіпорындарының және энергетика саласында жаңа технологияларды дамытқысы келетін шағын және орта кәсіпорын өкілдері бар», деді ол. Бас комиссар халықаралық шараға Францияның қандай жобалармен келгендерін әңгімеледі.
«Біздің павильонымызда бірнеше тақырыптағы жобалар қойылған. Бірінші қабат – ақылды қалалар бойынша. Біз өз қаламызда жақсы тұру үшін не істеуіміз керек? Ал екінші жоба экологиялық көлікпен байланысты. Бізде таза энергияны қолданатын қандай көлікті жасап шығаруға болады? Сондықтан «Peugeot» компаниясы гибридавтомобильді алып келді. Көлік жартылай бензинмен жартылай электроэнергиямен жұмыс істейді», деді Паскаль Лоро. Мерекелік шараның екінші бөлімінде француздық әртістер өнерлерін көрсетті. Әсіресе, «Le hall de la Chanson» музыкалық тобы шырқаған әсем әндер қазақстандықтардың көңілін көтерді. Ал «АУЭТ» циркінің әртістері қойған көрініс көрермендерді еріксіз Париж көшелерінде жүргендей әсерге бөледі. «Біз өз қойылымымызда цирктің техникасын қолданамыз. Бірақ осы нөмірімізде Париж көшелеріндегі көріністерді бейнелегіміз келді. Мысалы, шағын кафе, официант, әншілер. Бұл идеямызды осы жерде жүзеге асыруға тырыстық. Алдағы уақытта әлі 10 қойылым қоямыз», деді цирк өкілі Оливьер Ландре.