• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
ЭКСПО-2017 22 Маусым, 2017

Болаттан 200 есе берік графен көптеген жобалардың өзегіне айналады

264 рет
көрсетілді

ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесіндегі Ұлыбритания павильонына келген қонақтар графеннен жасалған шамдарды көре алады. Адам шашынан бір млн есе жіңішке әрі жеңіл материал болаттан 200 есе берік. Кеше көпшілік назарына ұсынылған инновациялық графен 2004 жылы ашылған. Ал 2010 жылы бұл ерекше материалды тапқан ғалымдар Нобель сыйлығына ие болды.

«Графен графитті шегіне дейін өңдеу арқылы алынды. Ол әлемдегі ең жіңішке, берік әрі жеңіл материал. Оның жуандығы бір атомды ғана құрайды. Сондай-ақ, болаттан 200 есе қатты. Қазіргі таңда графен басқа материалдармен бірігіп қолданылады», деді павильон комиссарының орынбасары Сара Эверет. Ол сөз орайында Ұлыбританияның қазақ елін қандай жобамен таңғалдыруды жоспарлап отырғанын айтты. «Біз графеннен жасалған электр шамдарын алып келдік. Шамдағы вольфрамның сымы графенге алмас­тырылған. Бұл электр энергиясын үнемдеуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ, шам қатты қызбайды. Тіпті, оны қолмен ұстап көруге болады. Бұл шамдарды тұрмыста 8 жыл қолдана аласыз. Оның нарықтағы құны – 10 еуро. Алдағы уақытта баға бұдан да төмен болуы мүмкін», деген павильон өкілі графен материалын басқа да мақсатта пайдалануға болатынын жеткізді. «Алдағы уақытта графен су мен ауаны тазалауда қолданылуы мүм­кін. Арнайы графеннен жасалған түтікше арқылы тұзды суды іше беруге болады. Яғни, түтікше суды тұздан толығымен тазартады. Енді ауаны тазалауға тоқталсам, лас ауа арнайы графен сүзгісінен өтеді. Нәтижесінде, ауадағы көмірқышқыл газы графендегі фильтрде қалады. Ал көмірқышқыл газын басқа да мақсаттарға пайдалануға болады. Бұл жобалар бойынша әлі жұмыстар жүргізілуде. Графен материалына қатысты жобалармен Манчестер уни­верситеті айналысады», деді комис­сардың орынбасары.

Топтаманы әзірлеген  Асхат РАЙҚҰЛ,  «Егемен Қазақстан»

Суреттерді түсірген  Орынбай БАЛМҰРАТ,  «Егемен Қазақстан»