• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
Қаржы 22 Маусым, 2017

Моноқалалар мен ауыл кәсіпкерлері үшін 20 миллиард теңге бөлінді

160 рет
көрсетілді

«Даму» Қоры отандық банктер арқылы шағын қалалар мен ауылдық жерлердегі кәсіпкерлер үшін 10 млрд теңге бөлді.

8 млрд теңге «АТФБанкке», 2 млрд теңге «Нұрбанкке» салынды. Талап бойынша банктер паритетті түрде қаржы бөлуі керек. Яғни екі банк осы сомаға тең қаржы шығарады. Осылайша «Даму-Өңірлер ІІІ» бағдарламасына бөлінген қаржының жалпы көлемі 20 млрд теңгеге жетті.

Несие «Бизнестің жол картасы-2020» бизнесті қолдау мен дамытудың біріңғай бағдарламасы аясында жүзеге асырылып жатқан жобаларға беріледі.

«Даму-Өңірлер» бағдарламасы бойынша несие алған кәсіпкерлер субсидия түріндегі қосымша жеңілдікті де пайдаланып, пайыздық мөлшерлемені 7-10 пайызға арзандата алады. Ал кепіл мүлкі болмаған немесе жетіспеген жағдайда «Даму» Қоры несие сомасының 85 пайызына дейін кепілдік береді.

Қаржыландыру талаптары төмендей. Несие бойынша номиналды сыйақы мөлшерлемесі «АТФБанк» АҚ арқылы  –  жылына 14%.  «Нұрбанк» арқылы – жылына 17,5%. Бір кәсіпкердің қолына мерзімі 84 айға дейін  500 млн теңгеге дейін беріледі;

Несиелеуге агроөнекәсіптік кешендер, тау-кен өндірісі, құрылыс материалдарын шығару, металлургия, металлөңдеу, машина құрылысы, көлік және қоймада сақтау, туризм, ақпарат және байланыс салалары, сондай-ақ кәсіби, ғылыми және техникалық қызмет түрлері мен денсаулық сақтау және әлеуметтік, білім беру, өнер, көңіл көтеру және демалыс пен басқа да қызмет түрлері кіреді.

Бұл бағдарламаларды жүзеге асыру аясында бүгінгі күні 3 134 кәсіпкер несие алып,11 375 жаңа жұмыс орындары ашылып, нақты берілген қаражат 175 млрд теңгеге жетті.

Айнаш ЕСАЛИ,

«Егемен Қазақстан».

АЛМАТЫ