«Елімде телі мен тентек көп болды, бастарын біріктіру қиынға соқты» деп аһ ұрған екен Құдай дидарын көруге лайықты жарықтық ұлы хан дүниеден өтерінде қоштасуға келген көмекей Бұқар жырауға. Қазақтың бірлігін хакім Абай да, ұлт көсемі һәм ұлт ұстазы Әлихан мен Ахмет бастаған Алаш арыстары да армандаған. Сол ұлы арман Қазақ елі өлгенді тірілтіп, өшкенді жандыра, тәуелсіз өмір кешкен соңғы ширек ғасырда жүзеге асты дей алсақ керек.
Бұл айтқаннан бұрынғы өткен ата-бабаларымызда береке-бірлік, ұйысқан тірлік мүлдем болмады деген ой-ұғым тумағаны ләзім. Бірлігі, бірлікті сақтай білер ірілігі, бағалай білер санасы болмаса Дешті Қыпшақтың сайын даласында көшіп жүрген он сан, нешеме баулы қазақ рулары дербес хандық құрып, бір ордаға бірікпес еді. Қоғамдық дамудың сол кездердегі сатысында рулық бөліністің өзі қазақ халқының ұлт болып ұйысып бірігуіне септесіп қызмет еткендігі көрінеді бұдан. Иә, сол аласапыран замандарда қазақтың арыс рулары ата жауға қарсы айбаттана көтеріліп бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығармаса, үш жүздің басы құралмаса, бір Тудың астына жиналмаса, жоңғар-қалмақ шапқыншылығының бетін қайтарып, түптің түбінде өздерін омақастырып белін сындырар ма еді? Бабаларымыздың басы бірікпесе, дұшпанды батырлықпен үркітпесе, Алатаудан Арқаға, Алтайдан Атырауға дейін созылған ұлан-ғайыр жер бүгінгі ұрпағына мәңгілік мұра-мирас болып қалар ма еді?
Демек, бірлік қай кезде де қазақ санасының ұлттық коды болып келген. Әсіресе, сыртқы жаулардан қорғанған кезде. Басқа түскен қайғы-қасіретті бірлесіп көтерген кездерде. Жалпыхалықтық аламан асыр қуаныш, тойларда. Қас дұшпанмен тізе қосып шайқасқан арғын Ағынтай батыр мен шапырашты Қарасай батырдың сүйектері Көкшетаудың көкторғын белінде, Айыртау атырабындағы бір төбеде қатар жерленіп, бұл күндегі еңселі кесенелерінің өзі бірлік пен ерліктің өнегесіндей көз тартады. «Бөрілі менің байрағым!» деп бар қазақтың рухын өрлете жырлаған Сүйінбай сүлей қырғыз ақыны Қатағанмен айтыста қазақтың көптігін, айбыны мен айдынын, бірлігі мен ынтымағын ұтқыр сөзбен үдемелете айтып, бас көтертпей бастырмалата, артындағы қалың елі қазағының мысымен басып жеңіп шығады. Қазақтың барша руларының аттарын мақтанышпен айта келе туған халқының елдігімен, береке-бірлігімен атойлап дабылдатады сұңқар ақын Сүйінбай.
Өкінішке қарай, «өз ырқы өз қолынан кетіп», билігі басқаның қолына өтіп, «Бөлшекте де билей бер» деген зымияндық отарлау саясатының бұғау-шырмауына түскен қазақ өз ішіндегі алты бақан, ала ауыздық дертіне де ұшырамай қалған жоқ-тын. Әзәзіл саясат «өлетұғын тай үшін, қалатұғын сай үшін» бір-бірімен білдірмей атыстырып қойған заманда сабырсыздық пен арсыздық, еріншектік пен енжарлық етектен тартып, бар болсаң – көре алмайтын, жоқ болсаң – бере алмайтын ағайын да көбейген еді. «Бас-басына би болған өңкей қиқым, Мінеки, бұзған жоқ па елдің сиқын?» деп Абай дананың күңіренетіні де осы тұс. Бұл тығырықтан шығатын жолды нұсқамаса Абай Абай болар ма еді?! «Біріңді, қазақ, бірің дос, Көрмесең істің бәрі бос» деп данышпан хакім, ұлттың бас ақыны қазақты бірлікке шақырды емес пе.
Абылай ханның да, Алаш арыстарының да, бас ақынымыздың да басты арманы, жоғарыда айтқанымыздай, тәуелсіздік жылдарында орындалды. Өз ырқы өз қолындағы қазақтың бірлігіне ендігі жерде ешкім кедергі келтіре алмайды, бір-бірімен араздық жолына түсіріп, арасына сына қаға алмайды. Әрине, тағдырдың осындай сыйына мың шүкір дейміз. Солай дей тұра, мына жаһандану заманының талай-талай сын-қатерлерінің қыспағында ұлттың шынайы бітім-болмысын да, рухани сана-сезімін де, өзіндік ділін де, ана тілін де, сонымен бірге, береке-бірлігін де сақтап дамыту оңай емес. Жаһанданудың жаман әсерлеріне қарсы ұлттық иммунитет болмаған жерде, рухани тұрғыдан тазаланып жаңғырып отырмаған жағдайда ұлт болмысын айқындайтын шынайы төл мәдениет те сақталмайды. Ал ұлттың жан дүниесіне, мәдениетіне жарықшақ, сызат түсті дегенше ұлт бірлігінен береке кетті дей беріңіз.
Елбасы мақаласында айтылғандай, дәстүріміздің тозығын күресінде қалдырып, жаңа заманға сай озығын ғана жаһандық әлемге қабыстырып енгізейік. Күні кеше ғана Астанада өткен Дүниежүзі қазақтарының кезекті құрылтайы да әлемдегі қазақ бірлігін айғақтады, бар қазақтың атамекені қасиетті Қазақ елі екендігін паш етті. Мемлекет басшысы «Әр қазақ – менің жалғызым» деп жар салған елде қазақ бірлігі нығая беретініне еш күмән жоқ.
Қорғанбек Аманжол, «Егемен Қазақстан»