• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Қазақстан 29 Маусым, 2017

Шабандозы жығылған жүйрік

479 рет
көрсетілді

Беу, дүние! Бақ шаба ма, бап шаба ма, деп тағдыршешті сәт­терде тәңірге сыйынып, тақымын қыспаған жан бар ма екен?! Бүкіл ғұмырға татитын сәттер болады, бүкіл өміріңнің мәніне айналған суреттер бар. Мына бір фотоға қарап отырып, жалт ете қалған жалған, жүйріктің тағдырындай жосылып бара жатқан жылдар көз алдыңа келеді. Бірде құлайсың, бірде жылайсың, бірде озбақ бар, кейде сүрінбек бар... Сонымен бір суреттің тарихы қалай дерсіз.

Осыдан бес жыл бұрын Сыр бойының батыры Бұ­хар­бай Естекбайұлының 200 жылдығына Қызылорда облысы, Жалағаш ауданындағы тұратын ұрпақтары үлкен ас берді. Аспен бірге ата-баба дәстүрі атталмай, аламан бәйге басталады. Бәйгеге елдің түкпір-түкпірінен келген жақсылар жүйріктерін қосты. Сәйгүліктер ақ тер, көк тер болып мәре сызығына жақындағанда алдына тұлпар салмай келе жатқан Күрең жүйріктің шабандозы жалп етіп, аттан құлап түседі. 

Жығылған баланы төрешілер ат артына мінгізіп, Күреңді қуып жетіп, атқа қайта мінгізеді. Ша­бандозды қайта мінгізем дегенше алдыңғы топ жарты айналым озып кетсе де, артынан қуып жетіп, төртінші болып мәре сызығын кесіп өтеді. Дәл осы сәтте тебіренбеген, делебесі қозбаған адам сирек болғаны сөзсіз. Аламанда жүйрік пен жы­ғылған баланың ерлігіне риза болған сенатор Қожахмет Бай­маханов өз қалтасынан 300 мың теңге алып, бәйге атаса керек. 

Осы оқиғаға куә болған, тамаша сәтті түсіріп алған қы­зыл­ордалық фототілші Болат Омар­әлиев былай дейді: «Ұлт­тық сара сайыстың құдіреті де осы! Сонда жылқы деген киелі малдың бір адым да жарыс ережесін бұзбай, барын салып алға ұмтылғаны, шабандозы атқа қайта қонғанда, одан бетер түлей шапқаны дүйім елдің делбесін қоздырып, бір айқай басталды. Осы жолы халық шулап, бәйгені Күреңге беру керек деп тұрып алды. Сол жолы бас бәйге Күреңге берілді ме жоқ па, білмедім. Төрешілер де бәйге тәртібін сақтауы керек».

Мұндайда бәйге төрешілері түрлі пайым айтады. Қатып қалған ереже жоқ. Егер егесі жы­ғылған сәйгүлік бірінші келсе, екінші аттың бәйгесін бе­ру ке­рек десе, ат мәреге жетпей жығылғанда, шабандоз өзі жаяу жүгіріп мәреге бас киімін лақтырып өт­кізсе – бәйге соныкі дейді. Ал енді Бұ­харбай батырдың асын­дағы атқа келсек, бірінші болып озып келе жатқан Күреңге төре­шілер шабандоз баланы ерге отыр­ғы­замыз деп уақыт алдырып алды. Баланы атқа отырғызам дегенше он шақты тұлпар озып кетті. Күрең ат өзінен озған жүйріктерді қуып жетем дегенше мәреге жа­қындап қалды. Сонда да болса дүлей Күрең көбін қуып жетіп төртінші келді, дейді фототілші.

Айнаш ЕСАЛИ, «Егемен Қазақстан»

АЛМАТЫ

Суретті түсірген Болат ОМАРӘЛИЕВ