Кеше Астанадағы «Барыс Арена» мұз айдыны сарайында Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың жүлдесі үшін қазақ күресінен VII «Қазақстан барысы» турнирі өтті. ЭКСПО-2017 көрмесі аясындағы шаралар тізіміне енген биылғы додаға еліміздің ең мықты деген 34 балуаны қатысып, бақ сынады.
Турнирдің ашылу салтанатында Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты Дархан Қалетаев, Қазақстан Республикасы Ұлттық спорт түрлері қауымдастығының құрметті президенті Қайрат Сатыбалды, Парламент Мәжілісінің депутаты, Ұлттық спорт түрлері қауымдастығының президенті Бекболат Тілеухан және «Қазақстан барысы» қазақ күресін дамыту қоры қамқорлық кеңесінің төрағасы Арман Шораев құттықтау сөз сөйлеп, балуандарға жеңіс, жанкүйер қауымға естен кетпес әсер тіледі. Күштері бойларына сыймай, күреске түскелі тұрған балуандарға еліміздің әйгілі ғалымы, академик Төрегелді Шарманов ақ тілегін жолдап, батасын берді.
Жалпы, қазақ күресінің бұл жарысы бес жыл бойы Астанадағы «Сарыарқа» велотрегінде өткізіліп келген еді. Биыл турнирді ұйымдастырушылар «Барыс Арена» мұз сарайын қолай көрген екен. Мұның да жөні бар: осыдан екі жыл бұрын пайдалануға берілген бұл спорт ғимараты «Қазақстан барысы» сынды көрерменді көп жинайтын турнирді өткізуге әбден лайық. Себебі, «Барыс Аренаға» кем дегенде 11 мың адам сыяды. Сонымен қатар, «Сарыарқа» велотрегі сияқты емес, мұнда жанкүйер қауым балуандар күресін мейлінше жақын жерден тамашалауға мүмкіндік алады. Турнирге еліміздің талай сыннан сүрінбей өткен таңдаулы балуандарының қатысқанын есепке алсақ, алғашқы белдесуден бастап, соңғы айқасқа дейінгі күрестің жанкүйердің делебесін қоздырған жоғары деңгейде өткені заңды да еді. Кілем үсті кездейсоқ жеңістерге, жан алысып, жан беріскен белдесулерге де толы болды. Дегенмен, турнирдің тамашасы өзінің шарықтау шегіне доданың орта тұсында жетті.
Ширек финалдағы аса қызықты һәм тартысты өткен белдесудің бірі 2013 жылғы «Қазақстан барысы» турнирінің финалында күрескен Ержан Шынкеев пен Айбек Нұғымаров арасында өтті. Еске салар болсақ, осыдан төрт жыл бұрынғы жекпе-жекте Нұғымаров жеңіске жетіп, «Қазақстан барысы» атанған болатын. Ал бұл жолғы тартыста қарағандылық балуан, дзюдодан ел құрама командасының мүшесі Шынкеев қарымта қайтара алмай, тағы да ұпай санымен жеңіліп қалды. Сонымен бірге, ширек финалда жанкүйерлер қызығушылығын тудырған белдесу болды деп ағайынды Руслан Әбдіразақов пен Ұлан Рысқұл арасындағы тартысты атауға болады. Соншалықты тартыс байқала қоймаған бұл күресте Ұлан Рысқұл інісін шалып жығып, жарыстың жартылай финалына жолдама алды.
Сонымен, жанкүйер қауым асыға күткен жартылай финал белдесулеріне де кезек келді. Алдымен кілемге «Әскер барысы», мұндай дүбірлі додаға екінші рет қатысып отырған Еламан Ерғалиев пен Арман Қалиев шықты. Бұл белдесуде Еламан жеңіске жетті.
Ал екінші жартылай финалдық жұпта сыралғы қарсыластар Айбек Нұғымаров пен Ұлан Рысқұл күш сынасты. Тартысты өткен бұл белдесуде аса сенімді күрескен Ұлан Рысқұлдың жұлдызы жанды.
2017 жылғы «Қазақстан барысын» анықтайтын шешуші сынның алдында турнирдің үшінші жүлдесін сарапқа салған белдесу өтті. Атыраулық апайтөс балуан Арман Қалиев пен Шығыс Қазақстан облысының жампозы Айбек Нұғымаров арасындағы жекпе-жекте соңғысы жеңіске жетті. Сонымен, қазақ күресінен ең мықты, ең күшті балуанды анықтар финалдық белдесуге де кезек келіп жетті. Шешуші сынға бұл турнирде бір демде күресіп, өзінің бабында екендігін кілем үстінде көрсеткен жас балуан Еламан Ерғалиев пен «Қазақстан барысы» турнирінің тұңғыш жеңімпазы Ұлан Рысқұл шықты.
Финалдық белдесуде жас балуан Еламан Ерғалиевтің басымдығы бірден байқалды. Алғашқы жасаған әдісінің өзінде ол қарсыласын қара жамбасқа салып алып ұрды. Жартылай жеңіс! Осы әдістен кейін кілемге оңбай түскен Ұлан Рысқұл бас бармағын жарақаттап алды. Бірақ, жарысты әрі қарай жалғастырғанына қарамастан, жас қарсыласының әдісіне тағы да түсіп қалып, жауырыны жер иіскеді. Сөйтіп, жарыстың алдында «Биылғы «Қазақстан барысы» мен боламын», – деп жар салған Ұлан Рысқұл жеңіліс тапты. «Күш атасын танымас» деген осы. Небары жиырма екі жастағы Еламан Ерғалиев турнир барысында 2014 жылғы «Қазақстан барысы» Мұхит Тұрсынов, осы турнирдің «Күміс белбеу» иегері Асыл Бәрменов сынды балуандарды жолдан тайдырып, биыл жетінші рет өтіп тұрған «Қазақстан барысы» додасының жеңімпазы атанды.
Асыл күресіміздің абыройын асырған «Қазақстан барысы» турнирінің жеңімпазы мен жүлдегерлерін марапаттау шарасына Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы, Халықаралық Қазақ күресі федерациясының президенті, Энергетика министрі Қанат Бозымбаев, әйгілі балуандар, Олимпиада чемпионы Жақсылық Үшкемпіров пен Дәулет Тұрлыханов қатысты. 2017 жылғы «Қазақстан барысы» Еламан Ерғалиевтің беліне «Алтын белбеуді» Қанат Бозымбаев байлады. Сонымен қатар, Қызылорданың жампозына «алтын тайтұяқ» пен 25 миллион теңгенің сертификаты табыс етілді. Балуанның бапкері де құралақан қалған жоқ, чемпионның жаттықтырушысы 3,5 миллион теңге сыйақыға ие болды.
Бұдан бөлек, турнирде екінші жүлдегер атанған Ұлан Рысқұлға «Күміс белбеу» мен 5,5 миллион теңге тапсырылды. Ал оның бапкері 1,8 миллион теңгенің иегері атанды. Турнирдің үшінші жүлдесін жеңіп алған Айбек Нұғымаров «Қола белбеуге» қоса 1,8 миллион теңгенің сертификатына иелік етті. Бапкері болса, 900 мың теңгені жамбасқа басты.
Айта кету керек, биылғы турнирдің бағдарламасына құптауға тұрарлық біраз өзгерістер енгізілді. Соның бірі – әрбір белдесуде жеңіске жеткен балуан 100 мың теңге көлеміндегі жүлдеге ие болып отырды. Мұның өзі алып күш иелерін жеңіске итермелеп, ынталандыра түскені анық.
Жалпы, биылғы «Қазақ күресі» турнирі жылдағыдай жоғары деңгейде өтті. Ұйымдастырушылардың жарыс алдында жүргізген жарнама жұмыстары оң нәтиже беріп, «Барыс Арена» мұз сарайына жанкүйер мол жиылды. Бұдан бөлек, қазақ күресінің, оның ішінде «Қазақстан барысы» турнирінің жылдан жылға жұрттың ыстық ықыласына бөленіп, сүйіп тамашалайтын спорттық шарасына айналып келе жатқанын да атап өту керек. Сондай-ақ, жанкүйерлерді жалықтырмас үшін белдесулер арасында «Қобыз сарыны» квартеті өнер көрсетіп, Наркенже, Бейбіт Мұсаев сынды өнерпаздар ән шырқады.
Биыл «Қазақстан барысын» ұйымдастырушылар жарысқа төрелік ететін қазыларды таңдауға аса қатты мән берді. Осы мақсатта қатаң іріктеуден өткен төрешілердің әрқайсысы 200 мың теңгеден кепілдік жарнасын төледі. Бұл игі шараның кілемде әділдіктің салтанат құруына оң әсерін тигізгенін айта кеткен жөн. Бірде-бір белдесуде күмән келтіретін шешім, дау тудырарлық төрелік болған жоқ.
Тағы бір айта кететін жайт, «Қазақстан барысы» турнирі телевизия арқылы дүниенің төрт бұрышына танымал болып келеді. Биыл да бұл дүбірлі доданы Түркия мен Ресейдің және Қазақстанның спорт арналары арқылы әлемнің 120 елінің 60 миллионға тарта көрермені тамашалай алды. Төрткүл дүние көз тіккен ұлттық спорттық шара қазақтың атын әлемге таныта түсері сөзсіз. Балуандар бәсекесін осындай жоғары, ауқымды деңгейде ұйымдастырудағы негізгі мақсат та осы. Әлемге таңдай қақтырған әйдік өнеріміздің өрісі кеңейе бергей!..
Қайрат Әбілдинов, «Егемен Қазақстан»
Суреттерді түсірген Ерлан Омаров, «Егемен Қазақстан»