• RUB:
    5.44
  • USD:
    478.58
  • EUR:
    520.84
Басты сайтқа өту
Аймақтар 03 Шілде, 2017

Ақтөбеде стадион трибунасының бір жақ бөлігі құлады

376 рет
көрсетілді

Кеше жергілікті уақыт бойынша 12.26-да Ақтөбе қаласында аяқастынан екпіні атан түйені жығардай қатты жел көтеріліп, дауыл тұрды. Соның салдарынан облыс орталығындағы Батыс-2 деп аталатын құрылыс жұмыстары қызу қарқынды жүріп жатқан ауданда мойнын көкке созып тұрған қос кран серейіп жерген сұлап түсті, деп хабарлады төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметі.

Осы кезде құрылысы аяқталып келе жатқан көпқабатты тұрғын үйдің алтыншы, жетінші және сегізінші қабаттарының балкондары опырылып, іске алғысыз болып қалды. Бұған қоса салмақты крандардың құлауы әсерінен бірінші қабаттағы пәтерлердің терезелері күл-паршасы шықты. Әрі сол маңдағы автокөлік тұрағындағы алты жеңіл автомашина бүлінді.

Қатты дауыл Әбілқайыр хан даңғылының бойындағы Қобыланды батыр атындағы орталық стадион трибунасы төбесінің бір жақ бөлігін ұшырып түсірді. Осы кезде стадионның іргесіндегі «Рахат» мейрамханасы терезелерінің әйнектері күл-паршасы шықты. Әйтеуір, оқыс оқиғадан екі жағдайда да адам шығын болмаған. Жарақат алғандар жөнінде де мәлімет жоқ. Сондай-ақ, қатты желдің әсерінен қаланың кейбір аумағындағы тал-теректердің сабақтары сынып құлағаны, кейбір тұста бұршақ жауып өткені белгілі болып отыр. Қазір табиғаттың кесірінен бүлінген нысандарды қалпына келтіру жұмыстары атқарылуда. Оған төтенше жағдайлар департаменті мен құрылыс компанияларының техникалары жұмылдырылған. Қатты дауылдың қандай көлемде материалдық шығын әкелгені әзірге белгісіз. Қазір бұл іспен өңірдегі арнайы мамандар тобы айналысуда.

Темір Құсайын,

"Егемен Қазақстан"

Ақтөбе облысы