• RUB:
    5.44
  • USD:
    478.58
  • EUR:
    520.84
Басты сайтқа өту
04 Шілде, 2017

«Жасыл белдеу» – елорданың тынысы

2688 рет
көрсетілді

Кеше Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Ас­тананың жасыл аймағын аралады. 

Қазіргі таңда Астана маңында 80 мыңға жуық гектар жерге ағаш отырызылған. Ал елорданың «жасыл белдеуінің» жалпы көлемі 15 мың гектарға жуықтады. Ас­та­намен бірге қалыптасып, бірге бой көтерген «жасыл белдеуге» жыл­да қала күні қарсаңында баруды Елбасы жақсы дәстүрге айнал­дырған. «Жыл сайын елорданың ау­ма­ғында орман шаруашылығын дамыту бойынша тапсырманың қаншалықты орындалып жат­қа­нын тексеріп, қараймын. Бұған дейін біз орманның батыс ау­мағына отырғызылған көшеттерді көрсек, бүгін бұл үрдіс орманның шығыс бөлігінде қалай жүзеге асып жатқанын көрдік. Алдымен ағаштардың түрлі сұрыптағы жиынтығы, орманның ортасына қарағай, шырша, аққайың секілді ағаштар отырғызылды. Әрі қарай орман өзі гүлдеп-өніп, ағаштар мен жасыл-желек көбейеді. Қа­зір біздің басты міндетіміз – ор­манды қайта түлетіп, ағаш-терек­терді отырғызу, қаланы қоршаған  орманды дамытуымыз қажет», деді Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «жасыл бел­деуді» аралаған соң БАҚ өкіл­деріне арналған брифингте.

Елбасы жыл өткен сайын орман­ның аумағы ұлғайып, көкжелек көк­жиегі кеңейіп келе жатқанын тілге тиек етті. Мемлекет басшысы қала ма­ңындағы орман алқабы елорданың қолайлы климатын қалыптастырып, эко­логиясын жақсартуда маңызды рөл атқаратынына тоқталды. Сондай-ақ, өз елінің нағыз патриоттарын тәр­биелеп өсіруде табиғатты сақ­тау­дың және туған жерді құрмет­теу­дің маңыздылығын ерекше атады. «Бұл орман – таза ауамен ты­ныс­тауға мүмкіндік беретін еліміздің «өкпесі». Орман қаланы желден, шаңнан қорғайды, тазалыққа үлес қосады. Бұл – біздің ұрпағымыз үшін жасалып отырған сый, болашаққа ескерткіш. Астанада ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесі өтіп жатыр. Ол «жасыл дамудың» қағидаттары мен идеясын ұстанатын қала ретінде Астананың имиджін нығайтуға септігін тигізеді. Елорда ішіндегі саябақтар да белсенді түрде жақсартылуда. Біз жасыл энергетикамен, табиғатты көркейтумен айналысудамыз», деді Нұрсұлтан Назарбаев. Президент, сондай-ақ, бұл жерде ағаш отырғызу оңай болмаса да, орманшылар ауқымды жұмыс атқарғанын айтып, ғалымдар мен орманшыларға алғысын білдірді. 

Мәлім болғандай, елорданың жасыл белдеуіндегі екпе ағаш­тарының жалпы санитарлық жағ­дайы тұ­рақты. Бүгінгі таңда мұндағы жұ­­мыстар ғылымның сүйемел­деуімен жүр­гі­зілуде. Ғылыми-зерттеу жұмыстары бір­неше ба­ғыт­та, мәселен, жасыл белдеу­дің көшет­терін орман-по­то­ло­гия­лық зерт­теу, ғылыми-тәжі­рибелік ай­мақ­тарда орман өсімдігі түрлері­нің жағдайын зерттеу, кесіп-күту әдіс­терінің ағаш­тарға әсері сияқты ба­ғыттарда жүзе­ге асуда. «Жасыл белдеуде» жан-жа­нуарлар құрамын арттыру бойынша да жұмыстар қатар жүргізіліп жа­тыр. Себебі, жасанды орманның өсімдік әлемі мен жануарлар құрамы да қатар дамуы қажет. Алты жылдың ішінде жұмыртқадан инкубация арқылы 8083 құс шығарылып, 7683-і еркіндікке жіберілген екен. Кеше де шара соңында Мемлекет басшысы орманға қырғауылдар мен еліктерді жіберу рәсіміне қатысты.   Президент кеше, сондай-ақ, орман алқабының аумағын тікұшақпен аралап көрген соң, «Балқарағай» демалыс аймағында орналасқан этноау­ылда болды.  Онда Мемлекет басшысының төрағалығымен Астананың «жасыл белдеуін» дамыту мәселелері жөніндегі кеңес өтті. Оған Прези­дент Әкімшілігінің Басшысы Ә.Жақ­сыбеков, Астана қаласының әкімі Ә.Исе­кешев, Ақмола облысының әкімі М.Мыр­­залин, Премьер-Минис­тр­дің орын­басары – Ауыл ша­руашылығы министрі А.Мыр­захметов  қатысты. Ел­басы жа­сыл аймақты дамыту үшін атқарылып жатқан жұмыс­тар­дың барысы мен оны одан әрі көгалдандыру жоспарларымен танысты. Кеңесте Ауыл шаруашылығы вице-министрі Е.Нысанбаев есеп берді. Е.Нысанбаев отыр­ғы­зылған кө­шет­тердің жағдайына ұдайы мониторинг жасап, рес­пуб­ликамыздың кәсіби ұйым­­дарының қатысуымен ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізу Астана қаласы маңында «жасыл желекті» қа­лыптастыруды қамтамасыз ететін негізгі шара болып саналатынын айтты. «Жасыл белдеуде» 2020 жылға дейін үш негізгі бағыт бойынша жұмыс жүргізу жос­пар­лануда. Бірінші – жасыл бел­деуді дамыту, яғни ық­тыр­мааралық кеңістігінде егіс жұ­мыстарын жалғастыру. Осы мақсатта ықтырмааралық кеңіс­тік­тегі 1589,2 гектар аумаққа 2,1 миллионнан астам ағаш кө­шет­тері отырғызылған. Соның ішінде 51 пайызы қылқан жапы­рақты түрі, ал 49 пайызы жай­пақ жапырақты түрі. 2018 жыл мен 2030 жыл аралығында 5730 гектар аумаққа ағаш отыр­ғызу көзделген. Екінші бағыт – қала аумағындағы бос жерлерде орман алқаптарын жасау. Президенттің тапсырмасын орындау аясында «үздіксіз кө­гал­дандыру» бойынша жұмыс­тарды ұйымдастыру үшін бірың­ғай орман алқабын құру мақ­сатында қосымша 14 849 гектар бос жер «жасыл сыналар» құру үшін бөлінген. Жалпы, елорда аумағында табиғи-ландшафтты 26 676 гектарға дейін жеткізу жоспарланған. Үшінші бағыт – елорданың жасыл белдеуін дамыту үшін рекреациялық аумақтарды жасау. Халықтың жап­пай демалатын аумағын қалыптастыру. Бұл үшін 2016 жылы жасыл белдеу аумағында 23 шақырымды құрайтын асфальтталған велосипед жолдары салынған. Велосипед жолдарының құрылысы жаңа технологиялық стандарттармен жасалған. Онда тіпті велосипед тебуге келетіндер үшін автотұрақтар салынып, арнайы орындықтар қойылған. Келешекте мұндай велосипед жолдары желісін қаланың айналасында 258 шақырымға дейін жеткізу жоспарланған. 2020 жылға қарай Астана маңының орман аумағы 100 мың гектарға жеткізілмек. Динара БІТІКОВА, «Егемен Қазақстан» Суреттер Президенттің баспасөз  қызметінен алынды