• RUB:
    5.44
  • USD:
    478.58
  • EUR:
    520.84
Басты сайтқа өту
04 Шілде, 2017

Бітімгерлік болмыстың айнасы

176 рет
көрсетілді

«...Кез келген соғыс бейбітшілікпен, келіссөздермен аяқталады, тарих солай...» Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ

«Деловой Мир» баспасынан жуырда ғана жарық көрген, Қазақстан Республикасы диплома­тиялық қызметінің 25 жылдығына арналған «Бітімгер: Сирия түйіні» атты жаңа туынды ішкі астары мен мәнін айдарының өзі айқын­дап тұрғандай, белгілі дипломат Нұрлан Онжановтың өткен жылы жариялаған «Бітімгер» атты кіта­бы­ның табиғи жалғасы деуге лайық. Өйткені, соңғы туынды да Елбасы – Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың көпвекторлы сыртқы саясатының өзекті бағыттарын мүлт жібермей, оның ішінде, әсіресе, Таяу Шығыстағы берекесі кеткен бейбіт өмір мен күллі әлем қауіпсіздігіне қатер төндіріп отырған қанды шиеленістер мен сын-қатерлерді ауыздықтауға ба­ғыт­т­алған, сондықтан да, әлемдік қоғамдастықтың оң бағасын алып келе жатқан Елбасының бітімгерлік ұстанымының қыр-сырын ашуды көздейді. Ал шындығында, бұл кітапқа тереңірек үңілген оқырман, сонымен қатар, Президенттің бітімгерлік болмысының, әдетте, сырт көзге көріне бермейтін қыр­ла­ры мен дипломатиялық амал-тәсіл­дерінің де автор назары­нан тыс қалмағанын анық байқайды.  Айтса айтқандай-ақ, үш бөлім, алты тарау және қосымшадан тұратын екінші кітапта Сирия дағдарысы мен көп жылға созылған күрмеуі тас-түйін болып қалған жанжалды реттеу жолында әрекеттеніп жүрген әртүрлі тараптардың іс-қимылдары мен Қазақстанның бұл дағдарысты реттеудегі салмақты да салиқалы рөлі, атап айтқанда, Түркия мен Ресей арасындағы аяқ астынан ушығып кеткен ки­кіл­жіңдердің салдарынан әлгі мем­ле­кет­тердің арасындағы ұзақ жылдар бойы қалыптасқан достық қарым-қатынастардың бір сәтте тез суып, мүлде үзіліп қалуға таяп қалған кезде, райларынан қайтарып, ымыраға келтіріп, қайта татуластырудағы Назарбаевтың бітімгерлік шебер­лі­гі, сондай-ақ Қазақстанның Бірік­кен Ұлттар Ұйымы Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мү­ше­сі болуына мүмкіндік берген екі жылдық ман­датты өзге бәсекелестерімен сайыса жүріп жеңіп алуы, сонымен қатар, әлем­дік ақпарат құралдарында бүгінде «Астана процесі» атанып кеткен Сирия дағ­дарысына байланысты Женевадағы келіссөздердің тетіктерін алдын ала ай­қын­­дауды көздейтін және аталған соғыс өр­тіне белсене араласып отырған, бірақ түпкі мүдделері әрқилы тараптардың пі­кір алмасуына еркін де толық мүмкіндік бе­ру­ге өз алаңын ұсынған Қазақстанның ара­ағайындық рөлі бүге-шүгесіне дейін си­патталған. Осы тұста тілге тиек болып отыр­ған автор туындысының ұтым­ды сипатының тағы бір қы­ры ретінде және бір дәйек пен дәлелді атап өтудің реті бар. Ол – Елбасының бітімгерлік дип­ло­ма­тиясының халықаралық арена­да тек сөз жүзінде ғана емес, іс жү­зінде де нақты қадамдармен тия­нақталып, әлемдік қоғамдастық тарапынан үнемі қолдау тауып отыратындығы. Мә­селен, сөз соңынан кейінгі қосымша бө­лімінде кітаптың авторы Сирия шие­ле­нісінің тас түйіндерін шешуге тікелей атсалысқан Президент Н.Назарбаевтың: Вашингтонда 2016 жылғы 31 наурыздағы ха­лықаралық бейбітшілік үшін Карнеги қорында сөйлеген сөзін; Манифест. «Әлем. XXI ғасыр»; Президент Нұрсұлтан Назарбаев пен Түрік Республикасының Президенті Режеп Тайип Ердо­ған­ның Ислам әлеміндегі тату­ласт­ық жөніндегі бірлескен декларациясын; БҰҰ Қауіп­сіздік Кеңесінің 2016 жылғы 31 желтоқсандағы 7855 отырысында қабылданған №2336 қарарын; Иран, Ресей, Түркияның Сирия жөніндегі Астана-3 халықаралық кездесуінің қорытындысы бойынша бірлескен мәлімдемесін; Астана қаласында 2017 жылы 3-4 мамырда қабылданған Сирия жөніндегі халықаралық кез­де­сулердің төртінші раундының қорытынды коммюникесін; Женева қаласында 2012 жылы 30 ма­мырда өткен Сирия жөніндегі «Іс-қимыл тобының» қорытынды коммюникесі; Ыстамбұл қала­сын­да Қазақстанның 2017-18 жылдары БҰҰ Қауіпсіздік Ке­ңесінің тұрақты емес мүшесі ретінде өкілеттіктерінің басталуына орай, Қазақстан Президенті Н.Назарбаевтың Біріккен Ұлттар Ұйымының Қауіпсіздік Кеңесіне бағыттаған саяси үндеуін; Қауіпсіз, әділ және өркендеген әлем құру үшін жаһандық әріптестікті ны­ғайту жөніндегі Қазақстанның тұ­жы­рымдамалық көзқарасын; Қауіпсіздік Кеңесінің 2015 жылғы 18 желтоқсанда өткен 7588 отырысында қабылданған №2254 (2015) қарары секілді ресми құ­жат­тарды өте орынды тіркеген. Өйт­кені, бұл құжаттарсыз Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың көп­век­торлы сыртқы саясатының өзекті ар­қау­лары көлеңкеде, оқырман назарынан тыс қалып қойған болар еді. Сондықтан, жо­ғарыда аталған құжаттар туындының мазмұнын толықтырып, автор қолға алған тақырыптың мәнін ашып тұр.

Әділ АХМЕТОВ, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері