• RUB:
    5.44
  • USD:
    478.58
  • EUR:
    520.84
Басты сайтқа өту
05 Шілде, 2017

Елбасының жасампаз қолтаңбасы

305 рет
көрсетілді

Осыдан бір жыл бұрын «Естелікке автограф» атты мақаламда мен жекелеген, сонымен бірге, архивінде, кітаптарда және кәдесыйлар жиынтығында көп данамен Елбасының атына арнайы, естелікке және сыйлық ретінде қалдырылған қолтаңбаларға қысқаша шолуды ұсынған едім. Аталған мақалаға арналған жылы лебіздер легін мен, әлбетте, Тұңғыш Президентіміздің тұлғалық қасиетіне деген жұртшылықтың үздіксіз қызығушылығымен, сонымен бірге, автографтар топтамасында үлкен саясат «кәдуілгі құрғақ ресмилік» формасында емес, адамдармен емен-жарқын кері байланыс түрінде берілгенімен байланыстырамын. Дәл сол кездің өзінде егер «Назарбаевқа» деген автографтар сыйға тартылған болса, әрине, «Назарбаевтан» деген де автографтар тақырыптың бір тармағы болатыны белгілі еді. Сол себепті, бүгін мен оқырманды өзіммен бірге Елбасының қолтаңбалық әлеміне көз жүгіртуге шақырамын.

Әңгімемізді бастамас бұрын «автограф» сөзі екі түрлі мағынаға ие екенін еске салу артық болмас. Автографтың жалпыға ортақ және кең қолданыстағы мағынасы өз қолымен жазылған жазу немесе қол қоюды білдіреді. «Автордан автограф алу» дегенді тілге тиек еткенде нақ осыны аңғартады. Филологтар ұдайы сүйенетін келесі мағынасы: автордың өз қолымен жазылған қолжазба мәтіні. Яғни, нақты адам жасаған және тасқа басқан кез келген ауызекі шығарма. Бас құжатымыз – Ата Заңнан бастап, мемлекеттің өмірін реттейтін барлық негізгі қағидаттар, ережелер, нормалар мен бағдарлар Елбасының қаламынан туды. Президенттің актілері деп аталатын ресми құжаттар өмірдің барлық жағдайына бағытталған. Олардың толық тізбесі көп орынды алатындықтан, ең бастыларына тоқталайын. Олар: жарлықтар мен өкімдер, жекелеген жағдайларда заңдық күші бар, вето құқын қолданатын заңдар мен жарлықтар, Парламент ұсынған заңдарға қол қою, Қазақстан халқына жыл сайынғы Жолдауы, Үкіметтің құрамын белгілеу, лауазымды тұлғаларды тағайындау, мемлекеттік бағдарламаларды бекіту, референдум өткізу туралы шешім қабылдау, халықаралық келісімдерге қол қою, мемлекеттік наградаларды табыс ету, әскери және басқа да атақтар, шендер, рангтар мен сыныптарды тағайындау. Олардың әрқайсысының артында нақты адамдардың өмірімен өрілген еліміздің тағдыры тұр. Бұлардың қатарында Қазақстан азаматтығына қабылдау немесе жазаға тартылған азаматтарға рақымшылық жасау туралы мейлінше нәзік шешімдер де бар. Президенттің жұмысында мәтіннің қыруар жүктемесімен айналысу әдет­тегідей аса ауқымды. Мәселен, 2016 жылы 6 мыңнан астам құжат, оның ішінде 107 заң, 243 жарлық, 88 өкім, 16 ке­ңес хаттамалары, 1 042 қызметтік жазба хат, 4 200 сараптамалық және ақпараттық-анықтамалық материалдар, 309 азаматтар өтініштері қаралып, қол қойылды. 

Егер мұны елестетер болсаңыз, үйіңіздегі ең үлкен бөлмеде төбеге дейін үйілген қағаздар топтамасы көз алдыңызға келер еді. Десек те, Президент Әкімшілігінде қолданысқа енген электрондық құжат айналымы және іс жүргізу жүйесіне байланысты бұл әл­деқайда жинақы көрінеді. Және аталған мерзімде Нұрсұлтан Әбішұлының шетелдерге сапарлар, өңірлерге жұмыс сапарлары, түрлі отырыстар мен кеңестерге, халықаралық форумдарға, конференциялар мен съездерге қатысуы, шетелдік мемлекет және қоғам қайраткерлерін қабылдауы, қоғамдық және еңбек ұжымдары өкіл­дерімен кездесулер, өнеркәсіп орындары мен әлеуметтік нысандарды аралауы сияқты хаттамалық іс-шараларды өткізгенін қоспағанның өзінде 700-ге жуық мәтінмен жұмыс істегенін көресіз. Президентке осындай тіпті қысқа мерзімді әрі эпизодтық іс-шараларда өзінің сөйлейтін сөзін немесе диалогқа қатысқанда айтатын ойын тез арада зерделеп, алдын ала әзірлеуіне тура келеді. Елбасының жанрлық-стильдік сан қырлы шешендік қасиеті мен тіл байлығы іскерлік және құжаттық тілмен шектелмейтінін атап өткім келеді. Тіл мамандарының Елбасының шешендік шеберліктің барлық үздік үлгілерін: ресми сөздері, дип­ломатиялық тіл, бизнес қауым­дас­тықтық іскерлік стилі, Жоғарғы Бас қолбасшының бұйрық сөзі, ғылыми лекциялар, рухани-адамгершілік тақырыптарын жұртшылықпен талқылау кезінде белсенді әрі өз орнымен қолданатыны жөніндегі менің ойыммен келісетіні анық. Соңғысына қатысты мынандай фактіні көлденең тартсам деймін: діни көшбасшы болмаса да (мәселен, бір мезгілде ағылшын шіркеуінің басшысы болып табылатын Ұлыбританияның патшайымы немесе басшылығында ая­толла тұратын Иран Ислам Респуб­ликасы) ол, соған қарамастан, әр­дайым мереке күндері (Құрбан айт, Рож­дество), Әлемдік және дәстүрлі дін­дер көшбасшыларының съездерінде, Қазақ­станның руханият өкілдерімен кезде­су­лерінде діни наным-сенім өкілдері­мен ұдайы әңгімелеседі. «Таза беріл­ген» діни және дін таратушылық жолда болмаса да, оның «Қалың елім, қаза­ғым», «Бейбітшілік кіндігі», «Ұлы дала ұлағаттары» кітаптары мен «Ой бөліс­тім халқыммен», «Жылдар мен ойлар» жи­нақтары және басқа да сөйлеген сөздері мен мақалалары терең философиялық-дидактикалық мәні­мен ерекшеленеді. Аталған жайттар менің Нұрсұлтан Назарбаевтың тілдік ерекшелігі әмбебап шешендіктің жарқын үлгісі деп есептеуіме негіз бола алады. Көптеген жылдар бойы Елба­сының қағаздары мен құжаттары бойын­ша білімнің сан алуан сала­ларының мамандары үшін қайта­ланбас дереккөздік базаны құ­райтын көлемі және ақпарат­тық құндылығы бойынша қыруар қор жасақталды. Бұл бойынша Мем­лекет басшысының эписто­лярлық дүниелерін де айтуға болады, мұны жүйелеу, жариялау және зерттеу қазіргі уақытта ең бастап­қы кезеңінде тұр, сондықтан да, әлі де ол өзінің шын ниетімен бері­ле жұ­мыс істейтін қажырлы зерттеу­ші­лерін күтуде. Мына сұрақтың төркіні қай тұстан басталады: Нұрсұлтан Әбішұлы өзінің алғашқы автографын қашан және кімге жолдады? Ашығын айтайын: бұл сұраққа жауап беру және адам өзінің саналы түрде алғашқы мәтінін қашан жазды және оның мерзімі туралы жауап беру аса қиын. Өйткені, адам естелік қолтаңбаны балдәурен шақтан бастап бере бастайды. Алайда, Елбасының биогра­фиялық кітабы туралы жұмысты бастағанымда, Нұрсұлтан Әбішұлы менің өтінішіме назар аударып, өзінің жеке архивінен көптеген хаттар мен жазба және фото материалдарды берді. Олардың ішінен мен болашақ Президентіміздің бала күнгі досы Хусейн Хаджиевпен түскен суретін және оның сырты­на өз қолымен жазған «бізді еш­кім ешқашан ажырата алмайды» деген қолтаңбасын таптым. Тарих­тан білетініміздей, фото өнері ой­лап табылғалы және оның мүмкін­дігінше таралуына байланысты ХХ ғасырда фотокарточкалар естелік қолтаңбаларды көп тарататын құралға айналды. Президенттің Қаскелең орта мектебіндегі сыныптастары оның ерте жастан-ақ достарына қысқа ті­лектері жазылған сыйлықтар бе­руді жақсы көргенін естеріне алады. Оның Рая есімді қатарлас құрбысының айтуынша: «Жаңа жыл қарсаңында мектепте мерекелік маскарад кеш ұйымдастырылды. Үздік карнавалдық костюм үшін алғашқы жүлде ретінде фотоға арналған альбом тарту етілді. Ал Нұрсұлтан әрбірімізге негізінен открыткалар мен кітаптардан құралған жеке-жеке сыйлықтар дайындады. Біздің қуанышымызға қарай, менің құрбым Розаға ол С.Мұқа­новтың «Ботагөз» кітабын, маған да кітап және «Ұйқыдағы ару» пар­фюмерлік жиынтығын сыйла­ды. Бұл екі эпизод жоғарыда қойыл­ған сұраққа нақты жауап бере алады: Нұрсұлтан Әбішұлының ең ал­ғашқы автографтары оның открыт­каларға, кітаптарға және дос­тарына арналған басқа да сый­лық­тарға қол қойған мектептік кезеңіне дөп келеді. Бұл жерде мен Мемлекет басшы­сының қолтаңбаларын зерде­леуде белгілі бір шектеулер бар екенін атап өтуім керек. Және мәселе түгендеу проблемасында емес, десек те, қабылданған қолтаңбалардан гөрі жолданған «мессеждер» санын есептеу аса қиын. Мәселе этикалық жағында: қанша дегенмен жеке хат алмасу (көбінесе автографтар да осыған жатады) – бұл құқықтық және адамгершіліктің көзге көрінбейтін шекарасын аттап кетпеу маңызды саналатын жеке адамның кеңістік аймағы болып саналады. Көп жыл бойы Президенттің мәтіндері қалай жазылатынын бақылауға мүмкіндігім болған­дықтан, мен оның жазу мәдениеті мен техникасы туралы белгілі бір көзқарас қалыптастырдым. Нұрсұлтан Әбішұлы – бірінші кезекте «клавиатуралық», «нүктелік», «сенсорлы» жазбаларға қарағанда дәстүрлі қолмен жазу мәдениетін жанына жақын көреді. Әрине, технократ ретінде ол жаңа ақпараттық-коммуникациялық құрылғыларды жеңіл меңгереді. Бірақ оның таза ақ параққа, сенімді және жорға автоқаламға жақындығы сондай, басқаларының бәрін екінші кезекке ысырып қояды. Оқушылармен әңгіме кезінде де ол шынайы ақыл-кеңесін айтудан танған емес. «Желілерде ұзақ отырудың, гаджеттерге байланып қалудың қажеті жоқ. Виртуалды әлемде емес, нақты өмірде өмір сүріп үйренген анағұрлым пайдалы», дейді Елбасы. Мемлекет басшысының бұрын­ғы резиденциясында орналасқан Тұң­ғыш Президент Музейінде оның кабинеті әдейі алғашқы қалпын­да, иесі бар-жоғы осыдан бес минут бұрын ғана шығып кеткендей күйде қалдырылған. Оның жазу үстелін көрген адам басы артық ешнәрсе таба алмайды. Прези­дент өзінің жұмыс орнын жазуға қажетті құралдармен ғана қамта­масыз ететіндей деңгейде ұйым­дас­ты­ратындықтан, ешқандай «шығар­машылық тәртіпсіздікке» жол берілмейді. Елбасының негізгі жазу мате­риал­дары – А4 пішіміндегі парақ, ес­керт­пелер жазу үшін қолданылатын шағын пішімді парақша, белгі қоятын стикерлер, күнде­лікті жазбалар үшін пайдаланыла­тын кітапшалар. Ежелгі әдеті – төс қалтаға еркін сыйып кететін ша­ғын қойын кітапшаларына жазу. Су белгілері бар ерекше қағаз­дағы президенттік бланкілер әдетте таза баспа мәтіндер үшін қолданы­лады, бірақ автор оған да қажет кезін­де түзетулер, өзгерістер, толықты­рулар енгізіп тұрады. Негізгі жазу құралдары − авто­қа­лам, грифельді және түрлі-түсті қарындаш, фломастер мен маркер. Шарикті қаламға (қолданбайды десе де болады) қарағанда, Президент қауырсын сиялы автоқаламға басымдық береді. Ежелгі дала мақалы былай дейді: «Аңшыны қамшысынан таны, жазушыны қаламынан таны». Біздің бүгінгі әңгімемізге қатысты айтатын болсақ, бұл мынаны білдіреді: нағыз кәсіпқой өзінің еңбек құралына ерекше көзқарас танытады. Өзінің қаламына Нұрсұлтан Назарбаев та фетишизмсіз, бірақ үлкен құрметпен қарайды. Бұл қазақтардың оптимизмге толы, арманшыл, ырымшыл ұлттық мінезіне сай келеді. Осы себепті ол ұлт үшін тағдыршешті де маңызды құжатқа қол қойғаннан кейін: «Түпнұсқаны архивке, ал қаламды музейге өткіземін», дейді. Соңғы осындай жағдай Президент Конституцияға енгізілген өзгерістерге қол қойған 2017 жылдың наурызында болды. 1990-шы жылдарғы атышулы аукционда оны ұйымдастыру­шы­лардың талап-өтініштеріне үн қатқан Президенттің оған басқа заттарын емес, дәл автоқаламын қойғаны да мәселенің мәнін аша түсетіні анық. Нұрсұлтан Әбішұлының жазуы туралы айтқанда, Президент жағдайға байланысты белгілерді түсіруде негізгі барлық нұсқаларды: орташа, ірі, ұсақ, жиілетіп жазу нұсқаларын қолданады. Оның актілік жазбалары (мысалы, құрметті қонақтар кітабындағы, салтанатты және ескерткіш мәтін­дер­дегі) түсініктілігі, мағыналылығы, мазмұндалуы тұрғысынан каллиграфты болып келеді. Оның жұмыс, қаралама (черновик) және шұғыл жазбаларында әріптер ірі әрі көлемді болып келеді, ал қысқарған сөздер мен белгілердің (астын сызу, леп белгісін және сұрақ белгісін қою, т.б.), сондай-ақ формулалардың, есептеулердің, суреттердің, сызбалардың жиі кездесетіні басқа әңгіме. Ұсақ жазуларды ол мәтінді шағын пішімді параққа сыйғызу талап етілген кезде қолданады: мұндай жағдай қарарларға байланысты (аппараттық сленгте – «фишка») кездесіп тұрады. Осы­ның өзінде Президент, тіпті, қара­лама (черновик) жазбаларында да таза жазуға тырысады. Өйт­кені, оның сөйлемдері ойластырыл­ғандығымен, діттеген жеріне дөп тиетіндігімен және нақтылығымен ерекшеленеді. Архивтен әр жылдарғы қолжаз­баларды зерделей келе, мен Нұрсұлтан Әбішұлының жазуының өзгеріссіз келе жатқан тұрақты сипатын анықтадым. Мұның бір артықшылығы, көптеген адамдар, өкінішке қарай, жақсы жазуларымен ерекшеленбейді, ал компьютерлі-клавиатуралы және «нүктелі» дәуірдің өмірімізге дендеп енуіне байланысты, тіпті, кезіндегі орнықты жазу дағдысы бар адамдардың өзі онысын жоғалтып алатын тұстар да анағұрлым арта түсіп отыр. Президенттің жазу мәде­ние­тінің осындай тәртіптілігі мен эрго­но­микалығын көрген сәтте кім анық ойлай білсе, сол нақты маз­мұндайды деген ежелгі шындық­тың дұрыстығына кезекті мәрте көз жеткізесің. Президенттің құжаттармен жұ­мысы туралы мен «Тұңғыш» деген кітабымда жан-жақты жазған­дықтан, бүгін мен тек оның қарарының тілі мен стилін ғана қысқаша сипаттап өтейін. Жас кезінен-ақ аппарат жұмысының тар жол, тайғақ кешулерінен өткен ол бюрократ болған жоқ. Керісінше, ол – қоғам мүддесіне қайшы келетін бюрократизмнің, сөзбұйдалықтың нағыз бітіспес жауы. Осы орайда Елбасы өзінің атына келетін әрбір корреспонденцияны ерекше бір оқиға және «шығармашылықтың жеке бір актісі» ретінде қабылдайды. Ол келген хат-хабармен мұқият, сараптау әрі сын тұрғысынан қарап танысады. Сондықтан оның қарарларының тілі де – ресми бланкілердегі жазба­ша өкімдерде – шаблонды функ­ционерлік клишелерден айтарлық­тай алшақ жатады. Оның сөзі жанды, эмоционалды, еркін, қысқа және көп жағдайда өткір. Бұған сенуге де, сенбеуге де болар, бірақ Нұрсұлтан Әбішұлы жұмысының нәтижесі белгілі бір корреспонденцияға қарағанынан-ақ білінеді: онда ол кей сәттері қуанышты кейіпте қозғалақтап қойса, келесісінде мәтінге баса мән бере отырып, қабағын түйеді, енді бірде шұғыл сұраныс жасату үшін телефонға қол созады, сондай-ақ шкафқа барып, қажетті кітабын тауып алады да ойлы көзбен терезеден қарайды... Және ақыр соңында проблеманы шешудің тәсілін тауып, жылы жымияды. Жақында мен архивтен Үкі­мет пен орталық мемлекеттік орган­дар­дың 1990-шы жылдардағы қызметі туралы құжаттарды көтердім. Сол кездегі премьер-министр­лердің бірі кейде стилистикалық жағынан кемістігі жоқ, бірақ нәтижеге жұмыс істей алмайтын, мағынасыз, тіпті кейде теріс ақпарат беретін есеп-баяндаулар жолдауға бейім болатын. Президенттің тұтыну тауарларын шығаратын өнеркәсіп саласын тұрақтандыру мен дамыту бойынша тапсырмасын Үкіметтің орындау барысы туралы хабарланатын сондай қағаздардың бірін Нұрсұлтан Әбішұлы былайша қабылдады: «Бұл − сырғытпа жауап. Еліміздің ішкі рыногына бағдарланған салаларда: зауыттарымызда құрылыс материалдарын, жеңіл өнеркәсіп, тамақ өнеркәсібі, халыққа арналған басқа да тауарлар шығаруда күрт құлдырау жалғасып жатыр. Сендер шикізат сатумен әуестенудесіңдер, ал халықтың ақшасы өзге елдердің пайдасына жұмыс істеуде. Менің былтырғы берген тапсырмаларым аяқсыз қалды. Жұмысты дұрыс жолға қойыңдар, әйтпесе мұны басқаларға тапсырамын». Салық қызметінің бір басшысы бұзушылықтардың анықталғаны, ақша мен материалдық құнды­лық­тардың дер кезінде қайтарылғаны жөнінде жеңісті баяндау жолдапты. «Сен, бірақ тексер» қағи­датына сүйенген Президент жоға­рыдағы ақпаратты тексеру тура­лы Бас прокурорға тапсырма береді: «Көрсетілген фактілерді анықтап, хабарлауды сұраймын». Прези­денттің күмәні дұрыс болып шықты, кейін салық қызметкерінің шаш ал десе, бас ал деген қадамдарға бар­ғаны белгілі болды. Тағы бір жоғары лауазымды ше­неунік сеніп тапсырылған учас­кеде нақты жұмыс істеудің орнына кейде жобақұмарлыққа жол берген. Салдарынан ағымдағы жұмыстар жайына қалған. Ол өзінің кезекті бір желбуаз есебін ұсынған кезде, Президент: «Мұның не керегі бар?», – деп қысқа ғана қайырған еді. Мемлекетшіл тұлға және транспаренттіліктің жақтасы ретінде Президент жұртшылықты азаматтардың құқықтары мен мүдделеріне қатысты мәселелер бойынша құлағдар етіп отыруды ешқашан есінен шығарған емес. Сондықтан оның қарарларының ішінде: «БАҚ арқылы жауап беріңдер» немесе «БАҚ-та тиісті пішімде көрсетіңдер», деген тапсырмалар жиі кездеседі. Жекелеген азаматтар мен ұжымдардан да хат-хабар өте көп келеді. Олармен мұқият таны­сып шыққан Президент: «Авторға рах­мет айтайық. Жауап дайын­даңдар», деп жазады. Егер еліміздің саяси тари­хын­дағы Семей полигонын жабу, мемлекеттік тәуелсіздік туралы заң мен Конституцияны қабылдау, мемлекеттік рәміздерді дайындау, Қазақстан халқы Ассамблеясын құру, астананы ауыстыру, көрші елдермен тарихи келісімшарттар жасау, халықаралық ұйымдар мен жобалардағы өзара іс-қимыл, Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезін шақыру, ЕҚЫҰ-ның Астана саммиті, маңыз­ды стратегиялық және жалпыұлттық бағдарламаларды жүзеге асыру, ЭКСПО-2017 халықаралық көр­месі сияқты және тағы басқа негізгі және айтулы оқиғаларды еске тү­сірсек, осылардың барлығы Тұң­ғыш Президент тарапынан қол қою арқылы бекітілгенін көреміз. Ал бұл − Қазақстанның бүкіл жаңа тарихы, тікелей және ауыспалы мағынада айтқанда, Елбасының қаламынан шықты деген сөз. Н.Ә.Назарбаевтың жеке қол қою үлгісі саяси бренд ретінде өзі басқаратын «Нұр Отан» партиясының эмблемасында немесе қазір айтылып жүргендей, логотипінде мейлінші көрнекі әрі тұрақты түрде қолданылады, мүшелік партбилеттерінде, партия кеңселерінде ілінетін атауларында, бланкілерінде, үгіт-насихат өнімдері мен партия атрибутикаларында жазылады. Н.Ә.Назарбаев қолының «Н» әрпі түріндегі қысқартылған нұсқасы мемлекеттің жоғары лауа­зымды тұлғасының айырым белгісінде – Қазақстан Респуб­ликасы Президентінің төсбелгісінде қол­данылған. Ол еліміздің Елтаң­басының астында шынжырға бекітілген шұғылалы жұлдыздың ортасында орналасқан. Соңғы онжылдықта Н.Ә.Назарбаев­тың нақыл сөздерінің жарыққа шығуына және қайта басылып жатқанына байланысты солардың ішіндегі Елбасының қолымен жазылған ең маңызды дәйексөздерін әр­түрлі орындарда – жоғары оқу орындары мен мектептерде, кі­тапханалар мен музейлерде, сон­дай-ақ көшелердегі панноларда кө­руге болады. Осы күндері отандық телеар­на­лардың көрермендері Елбасының жұрт алдында сөйлеген сөздерінің үзінділері берілген роликтерді көре алады. Мұны, егер солай айтуға болатын болса, Елбасының «дыбысты қолтаңбасының» мысалы деуге болады. Президенттің қаріптік емес суретті қолтаңбалары туралы көптеген кітапта, мақалалар мен деректі фильмдерде бұрыннан айтылып жүр. Көп жағдайда бұлар – Нұрсұлтан Әбішұлының бір кездері сызған және кейіннен Президенттік мәдени орталық (қазір әскери-тарихи музей), «Бәйтерек» мұнарасы және Астананың басқа да нысандары болып архитектуралық келбет алған, қазақстандықтарға жақсы таныс ғимараттар мен құрылыстардың эскиздері. Осындай шығармашылық шабыт келген сәттерде кейде қолда әдеттегі жазу қағазы болмай қалады, сондай кездері келіп қалған ойды қағаз майлыққа түсіруге де тура келген. «Тұңғыш» атты кітапта мен осыған ұқсас эпизодты келтірдім. Мысалы, Нұрсұлтан Әбішұлына «Үшқоңыр» әнінің бастапқы нұсқасын композитор Алтынбек Қоразбаевпен музыканттың... кәмпит қорабының сыртқы жағына асығыс жаза салған сөздер мен ноталарға қарап талқы­лауға тура келген. Дәстүрлі емес жазу материалы ретінде, тіпті металл да қолданылуы мүмкін. Отандық өндірушілерді қолдау үшін Нұрсұлтан Әбішұлы тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан бастап олардың өнімдерінің үлгілеріне естелік жазу қалдырып келеді. 2014 жылы Қостанай облысындағы «Сарыарка Автопром» ЖШС-інде «SsangYong Nomad» және «Toyota Fortuner» автомобильдерінің шағынжелілік жобасымен танысқан Елбасы жаңа машинаның капотына: «Ақ жол! Н.Назарбаев. 03/IX/2014, Қостанай қ.» деп жазды. Президенттің жеке қолжаз­ба­лық емес белгілерінің жекелеген түрін мен осы жағдайда «плас­тикалық қолтаңба» деп шартты түрде атаймын. 1996 жылы, мемлекетіміздің құрылуының 5 жылдығы қарсаңында, Алматыдағы Республика алаңында «Тәуелсіздік» монументі бой көтеріп, салтанатты жағдайда ашылды. Авторлардың сол уақыт үшін әдеттегіден бөлек әрі батыл ойына сәйкес, негізгі ескерткіштің төменгі бөлігіндегі барельефтер арасында Нұрсұлтан Әбішұлының алақан бедері бар «Аяулы алақан» скульптуралық композициясы орнатылды. Осында келген әркім де Президентпен сәлемдесуге және өз қолын оның алақан ізіне қоюына болады. Бұл жер тез арада-ақ алматылықтар мен қала қонақтарының ең тартымды орнына айналды және көптеген әдемі аңыздар мен наным-сенімдерге арқау болды. Ескерткіш авторлары Ш.Уәлихан және А.Жұмабай 1999 жылы Мемлекет басшысына осы скульптураның тағы бір нұсқасын тарту етіп, оны «Отанымыздың оң қолы» деп атады және Н.Ә.Назарбаевтың президенттік сайлаудағы жеңісіне арнады. Сәл кейінірек, 2000 жылы дәл осындай алақан елордадағы «Бәйтерек» монументінде де пайда болды. «Жанр классикасына» орала отырып, Президент қолтаңбасының негізгі функциясы оның тікелей мақсаты екенін, яғни сый, құт­тық­тау және естелік жазба рөлін атқару екенін атап өтемін. Нұрсұлтан Әбішұлы жылына екі рет ай­рықша әсерлі миссия орындайды: Халықаралық әйелдер күніне және Жаңа жылға орай жеке құт­тықтау ашықхаттары мен хат­тар жолдайды. Президент қолтаң­басын тақырыптық кездесуге қаты­сушылар да ала алады. Мыса­лы, 2016 жылы желтоқсанда Тәуел­сіз­діктің 25 жылдығына орай шақы­рылған Жастар форумының делегаттары Елбасынан сый­лық­қа әкелік ізгі тілегі мен жеке қолы қойылған «Ұлы дала ұлғат­тары» және «Жылдар мен ойлар» кітап­тарын алды. Сол айда Нұрсұлтан Әбішұлы өз Әкімшілігінің ұжымы­мен кездесіп әңгімелесті және суретке түсті, кейіннен қызметкерлер Елбасы қол қойған суреттерін алды. Қателесуім мүмкін, бірақ менің байқауымша, Президенттің ең беделді қолтаңбасының бірі – Мемлекет басшысының жазбаша алғыс хаты. Президенттің алғысы заңдық тұрғыдан мемлекеттік наг­рада емес екеніне қарамастан, кей жағдайда өзінің жарқырата көрсетуге ыңғайлылығы жағынан, медальдар мен ордендерден ерекшеленеді дер едім. Адам өз медалін айрықша салтанатты жағдайларда ғана тағатын болса, Президенттің алғысын жұмыс кабинетінің қабырғасына немесе үйіне іліп қоюға, ал оған қосымша төсбелгіні пиджактың жағасына үнемі тағып жүруге болады. Бұл ретте нақты бір тұлға Президенттің жазбаша алғысымен атап өтілетін әрбір факт белгіленген тәртіпте тіркелетінін де айта кеткен жөн. Президент поштасымен жұмыс істеген жылдары мен Мемлекет басшысына бір рет болсын хат жазған және оның өзінен немесе өкілінен ізетті жауап алған жекелеген адамдар осы ресми жауап хатты өз кітаптарында немесе басқа да баспа өнімдерінде жариялайтынын байқадым. Нұрсұлтан Назарбаевтың қолтаңбасын «қорғаушы грамота» іспетті қолданған оқиғалар да бар. Осыған орай бір оқиға еске түседі. 1996 жылы Мемлекет басшы­сының дарынды балалармен кездесуі болды. Дендеп тұрған дағ­дарысқа қарамастан, оларға барлық жағдай жасалды: балалар Медеуге барар жолдағы «Горное солнце» элиталы балалар лагеріне орналастырылып, мәдени-таным­дық және экскурсиялық бағдар­лама ұйымдастырылды. Нұрсұлтан Әбішұлы Достық үйінде балалар­мен әңгімелесті, ал кездесу соңындағы концерттен кейін барлы­ғымен суретке түсті. Сол кездесу­де болған бір оралман бала Елбасымен түскен суретін көздің қара­шығындай сақтап, әрдайым өзімен бірге алып жүріпті. Бір жолы шекарадан өтерде проблема туындаған кезде ең соңғы аргу­мент ретінде шекарашыларға Мемлекет басшысымен түскен суретін көрсетіпті... Көпшілікті, әсіресе жастарды қызықтыратын тағы бір мәселені айналып өткім келмейді. «Елбасы қолтаңба-сессиясын жасай ма?». Бұл сұрақтың жауабы тіптен оңай. Нұрсұлтан Назарбаев соншалық тартымды әрі танымал тұлға болғандықтан, қолтаңба бере бастаса болғаны, ұзын-сонар кезек пайда болады және бұл процесс ұзаққа созылуы мүмкін. Шетелдерге сапар барысында да осындай аяқ астынан туындайтын жағдайлар болады, ондай кезде Елбасы барлығына ықыласпен және төзімділікпен қолтаңба береді. Уақыт үнемдеу үшін Прези­дент­тің факсимилесі де қолданылады, бұл да бұрыннан бар, кең таралған нормалардың бірі. Қолтаңба сұраған адам коллекционер болмауы да мүмкін. Бірақ бір нәрсе күмәнсіз анық: барлығы қолтаңба алғысы келетін адам өз саласында даусыз мойындалған беделді тұлға болып саналады. Император II Николай атындағы қолтаңбалар музейі (Новосибирск, Ресей Федерациясы) 2005 жылы біздің Мемлекет басшысының қолтаң­басын сұратты. Бірнеше күн­нен кейін Нұрсұлтан Әбішұлының өз қолымен «Ресей халқына ізгі тілекпен. Н.Назарбаев. 08.09.2005 жыл, Астана қ.» деп жазған қолтаң­басы бар фотопортреті дипло­матиялық арналар арқылы аталған музейге жолданды. 2014 жылы Қытайдың Нань­цзині­нен Хе Йайд атты баладан жеке өзінің және командасының рекордтары туралы әңгімелеген, сондай-ақ қолтаңба қойылған фото мен жауапты жарыс алдындағы батасын беруді сұраған хат келіп түсті. Өтініш орындалды, оған жазылған жауап хатта былай деп жазылған еді: Саламатсың ба, жасөспірім дос Хе Йайд! Сенің жазған хатыңнан 6 жасыңда-ақ биік мақсаттар қойып, жарқын жетістіктерге жеткеніңді және өзіңді үлкен әрі пайдалы нәрсеге дайындап жатқаныңды білдім, осының өзі мақтауға тұрарлық. Өз өтінішің бойынша са­ған қолтаңбам жазылған фото­суре­тімді жолдаймын және өзіңе, құр­­дастарыңа алдағы және бола­­шақ­тағы барлық жарыста сәттілік жолдас болуын тілеймін. Жеңіс қымбат және оған әділ бә­се­кеде қол жетсе ғана нағыз даңқ­қа бөлейді. Нағыз жеңістер тілей­мін! Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаев 2015 жылы шілдеде алматылық мектеп оқушысы Сайхан Бациев Мемлекет басшысына туған күніне орай туған еліне деген махаббат пен құрметке толы өлең жолдарымен өрілген құттықтау жолдады. Автор хат соңында өзіне міндетті түрде жау­ап беруін өтініп: «...әйтпесе, Сізге жазғаныма сенбеуі мүмкін» депті. Оның да бұл өтініші орындалды.

* * * Өмір жалғаса береді. Ал­ды­мызда бізді Елбасымыздың өмір­баянымен байланыс­ты тағы да көптеген жарқын беттер мен қы­зық­ты жаңалықтар күтіп тұр деп ойлаймын...

Махмұт Қасымбеков, Қазақстан Республикасы Президенті Кеңсесінің бастығы