• RUB:
    5.44
  • USD:
    478.58
  • EUR:
    520.84
Басты сайтқа өту
05 Шілде, 2017

Леонардо да Винчиге айналу

289 рет
көрсетілді

Италиялық әйгілі суретші, драматург Массимилиано Финазер Флори Астанаға келді.

ЭКСПО-2017 көрмесі аясында қоғам өмірінің саяси, экономикалық, ғылыми салаларындағы адамзат өркениетінің соңғы инновациялық жетістіктері мен адамдық парасат, ақыл-ой, ізгілік пен әдемілікті ұйыстырған мәдениет бір жерге тоғысты. Әлемнің айтулы театр труппалары өз қойылымдарын ұсынып, қазақстандық өнер сүйер қауым қарық болып жатқан жайы бар.

Қазақстанның мәдени өміріндегі елеулі жаңалықтың бірі болған оқиға – жуырда италиялық әйгілі суретші, драматург Массимилиано Финазер Флори Астанаға келді. Жай келген жоқ, «Леонардо да Винчиге айналу» атты атақты спектаклін ала келіпті. Алғаш Миландағы ЭКСПО-2015 көрмесі кезінде тұсаукесері өткен қойылым бүгінде АҚШ, Ресей, Азия, Еуропа елдерінің маңдайалды театрларында сахналанып үлгерген.

Режиссер спектакльді  үйреншікті сахнада емес, павильондағы шағын залда қойды. Көрермендер қойылымды кейіпкерлермен бірге тамашалап, өтіп жатқан оқиғаның бір бөлшегіне айналды. Театрландырылған сұхбат Леонардо да Винчидің көзі тірісінде өмір, өнер, философия төңірегінде айтып кеткен толғанысты ойлары негізінде құрастырылған. Суреткерлігінен бөлек ғылым саласына айтулы үлес қосқан ғалымның күллі адамзатқа ортақ өнер хақындағы эстетикалық толағай танымын негізге ала отырып алма-кезек диалог түрінде өрбіді. Артқы қабырғада суретшінің әр жылдардағы картиналары қойылым мазмұнына сай ауысып отырды. М.Горький атындағы мемлекеттік академиялық орыс драма театрының жас актеры Максим Ященко суретшімен емін-еркін сұхбат құрды.

Еңкіш тартқан қарт Леонардо сахнаға шыға келгенде ғасырлар қойнауынан ұлы суретші өзі тіріліп келгендей уақыт кемесі әп-сәтте тұтастық әлеміне сүңгітіп жібергендей сілейіп қалдық. Қолын қусыра қарсы алған суретші адамдық ар-намыс, адам еркіндігі, жанашырлық таныту секілді асыл қасиеттерді қалыптастырудағы жаңа ізденіске бет бұру туралы шабыттана сөйледі. «Жақсы өткен күн тыныш ұйықтауға, жақсы өмір сүру тыныш өлуге мұрсат береді» деген қарт дүниетанымдық көзқарас тұрғысында шешіле сөйледі.

– Леонардо да Винчи – өнерге, ғылымға берілген жандар үшін ортақ тұлға. 67 жыл жасаған суретші өміріндегі маңызы кезеңдерді қамтитын 67 сұрақ қойылады. Спектакль ұлы суретшінің өмір тарихы жайында толымды мағлұмат береді. Леонардо – ұлы суретші, ғалым ғана емес, адам жанынының шырақшысы, –деген режиссер Массимилиано Финазер Флори адам мен қоғамның ілгері дамуын қамтамасыз ететін құндылықтар алдыңғы орынға шығуы тиіс деп есептейді. – Үнемі жаңа құбылысты іздеп жүретін Леонардоның дүниетанымы әлемді біртұтас формада тануға арналған. Өткен мен бүгінді біріктіруде барлық құпия жатыр. Мен Леонардоға айналып шыға келгенде өзімді өте ғажап сезінемін. Өйткені суреткер тұлғаның таным теориясы «адам деген кім?» деген сұрақтан басталады, – дейді ол.

«Ах» ұрған жалған мәнерден гөрі ішкі бай мазмұн мен сыртқы болмыс үйлесімділігіне үңілген шығарма соғұрлым еркін, жанды шықты. Режиссердің Леонардо да Винчидің әр сөзі мен қимыл-қозғалысын, психологиялық мінезін бейнелеуге үлкен жауапкершілікпен келгенін байқадық. «Леонардоның бойында ешқашан өзіне деген сенімділік болмаған. Үнемі ой үстінде жүретін  тұлғаның образын жасап шығуым керек болды. Бұл – театр»,  деген режиссер пікірі бұл ойымызды қуаттай түседі.

Шығармада бейнелеу өнерінің ғылыммен, музыкамен, поэзиямен үндестігі туралы сөз болады. Данагөй қария біздің уақытымыздағы көкейде жүрген көптеген  сұрақтарға өткеннің қырқасынан қарай отырып жауап табуға тырысады. Кез келген жанды шығармадан өзіндік менді іздейтініміз рас. Осы тұрғыда ренессанс алыбының гуманистік ойлары қара сөздің жүйрігі – Абаймен сабақтасып, үндесіп жатқандай көрінді.

– Италияда Леонардоны ең әуелі суретші деп таниды. Өйткені,  Италияда өнер мен ғылымды бір арнаға тоғыстырмайды. Италияны былай қойып, Еуропаның өзінде гуманитарлық және техникалық саланы бірыңғай сала деп есептемейді. Қазақстанда өтіп жатқан ЭКСПО-2017 көрмесі осы екі саланың басын тоғыстырып отыр, – дейді режиссер.

Журналистермен сұхбат барысында режиссер өнертапқыш, адам мен табиғат интерпретаторы (жаршысы)  болған Леонардо туралы көркем фильм түсіріліп жатқаны туралы әңгіменің шетін шығарды. Фильм 2019 жылы ұлы суретшінің қайтыс болғанына 500 жыл толуына орай әлемдік прокатқа ұсынылады.

Ая ӨМІРТАЙ,

«Егемен Қазақстан»