• RUB:
    5.44
  • USD:
    478.58
  • EUR:
    520.84
Басты сайтқа өту
Қаржы 06 Шілде, 2017

Ел қуаты – елорда экономикасы

2656 рет
көрсетілді

Астана қаласы – еліміздің саяси басқару орталығы ғана емес, Отанымыздың әлеуметтік-экономикалық дамуының бағыт-бағдарын анықтап отырған әлеуетті экономикалық көшбасшы. Яғни, толағай табыстың тасқыны да елордадан бастау алатыны анық. Және Астананың әлеуетін айқындау кезінде отандық экономиканың алыбы ретінде қарастырумен қатар, күллі әлем дамуындағы маңызды миссиясын да қоса бағамдау керек.

Бюджеттің басты доноры Жылдар мен жылдар ара­сын­дағы деректерге жүгінсек, соң­ғы үш жыл бойына Астана ел өңірлері арасында ішкі жалпы өнім өсімінің ең жоғары көр­сеткішіне ие болған екен. Мә­с­елен, 2015 жылы қала эконо­ми­касы ІЖӨ-нің 5 пайыздық өсі­міне қол жеткізіп, жалпы эко­но­миканың өсіміне шаққанда 40 пайыздық межеден көрінген. Бұл отандық экономикадағы кі­ріс көзінің қомақты бөлігін құ­райтын өсім. Яғни, Астана қа­ласының 2015 жылғы эко­но­ми­калық кірісі 900 млрд тең­геден асып, республикалық бюд­жет­тің басты доноры ретінде ба­­- ғ­а­ланды.  Одан бергіде, 2016 жылы қала әкімі Әсет Исекешов «Алғаш рет Астана қаласының мемлекеттік бюд­жеті триллион теңгеден асты» деп мәлімдеген еді. Осы 2016 жылы қала бюджетіне 431 млрд 668,5 млн теңге түсіп, бюджет жоспары 7 млрд 489,4 млн тең­­­геге артығымен орындалған екен. Ал, биылғы жылдың қаң­тар-сәу­ір айлары аралығында ғана қала бюджетінің кіріс бөлігі 113,9 пайызға орындалды.  Айтпақшы, Астана – ел экономикасына шетелден тартылған инвестициялар ағымының кө­ле­мі жөнінен де көшбасшы. Жал­пы, елорда құрылысы бас­талғалы бері салынған инвести­ция көлемі 6 трлн теңгеден асып жығылады. Сондай-ақ, Астана­ның экономикалық қу­а­ты­ның ар­туына шағын және ор­та бизнес дамуының жоғары дең­гей­де жолға қойылуы үлес қо­сып ке­­леді. Мысалы, қа­ла қор­жы­ны­­на құйылатын қар­ажат­тың 75 пай­ызы осы сал­аның тө­ле­ген са­лығынан құралады екен. Мұ­ның сыртында, қалада тір­кел­ген тұрғындардың жартысына жу­­ығы шағын және орта бизнес са­ла­сында еңбек етеді. 

Бастамалар көшбасшысы Әлем экономикасының қар­­жы дағдарысына жиі ұшы­ра­уы да­мыған елдердің өзін әуре-сарсаңға салғаны анық. Бұл дүние жүзіне дамудың жаңа формасын іздеп тауып, көзқарастар мен өлшемдерді өзгерту қажет­ті­гін туғызды. Осы тұста Қазақ­с­тан тарапы жаһан жұртын елең ет­кізетін елгезек бастамалар кө­­терді. Дағдарыстан дамуға же­­те­лейтін идеялардың туындап, жүзеге асуына ықпал етуші күш­ке айналдық. Оның мысалын Астана төрінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бас­тамасымен және тікелей қа­ты­суымен өткізіліп келе жатқан эко­номикалық форумдардан із­деп көрсек жеткілікті. Биыл оныншы рет өткен Астана экономикалық форумы жа­һандық экономикалық мін­­дет­терді талқылап, шешім қа­­былдайтын Еуразиядағы тұң­­ғыш үнқатысу алаңына айнал­ды. Бұл форумның мақсаты әлемдік са­рапшылар қау­ым­дас­тығын жа­һандық эко­но­ми­каның ең өзек­ті деген мә­се­лелері бойын­ша нақты ше­шім шығаруға жұ­мыл­дыру бо­­­­лып табылады. Әр жылғы фо­­­румдарда ірі шарттар мен ке­лі­­­сімдерге қол қойылды.  «Астанада өткен эконо­ми­калық форум адамзатқа не бер­ді?» – деген заңды сұрақ туады. Мысалы, жақында өткен Астана экономикалық форумына әлем­дік деңгейдегі саясаткерлер, Fortune Global – 500 тізіміне кі­р­е­тін компаниялардың басшыла­ры мен Нобель сыйлығының лау­реаттарынан тұратын 3000-нан астам делегат қатысты. Осы фо­румда дүние жүзі экономика­сын сауықтыру мен одан әрі да­мытудың жолдары туралы G-8 және G-20 елдеріне арналған хат дайындалды. Сондай-ақ, Ха­лықаралық валюта қорына, Дүниежүзілік банкке, БҰҰ және Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымына форумның күн тәртібінде талқыланған мә­се­лелер бойынша қабылданған ұсы­ныстар жолданды. Әлемді оң ба­­ғытқа қарай өзгертуге жа­сал­ған қадам жаһанды қауым­дас­тық тарапынан қолдау табатын болады.

Қалмаханбет МҰҚАМЕТҚАЛИ, «Егемен Қазақстан»