• RUB:
    5.44
  • USD:
    478.58
  • EUR:
    520.84
Басты сайтқа өту
Аймақтар 06 Шілде, 2017

«Бейнеу-Ақжігіт-Өзбекстан» жолының реконструкция жұмыстары басталды

542 рет
көрсетілді

Маңғыстау облысы Бейнеу ауданында «Бейнеу-Ақжігіт-Өзбекстан Республикасының шекарасы» автомобиль жолын реконструкция жасау жұмыстары басталды.

Құрық портынан басқа елдерге жүк тасымалдауға мүмкіндік беретін «Бейнеу-Ақжігіт-Өзбекстан Республикасының шекарасы» автомобиль жолы – аса маңызды көлік инфрақұрылымдық нысан. Жолдың екінші категориясы 85 шақырымды құрайды. Өзбекстан шекарасынан басталатын жол Бейнеу ауданынан өтеді.

«Өткен жылдың соңынан бастап еліміздің Өзбекстан Республикасымен қарым-қатынасы нығая түсті. Үстіміздегі жылдың бірінші тоқсанында екі ел арасындағы сауда айналымы 37 %-ға өсті. Республиканың Өзбекстанмен байланыс жолы тек Оңтүстік Қазақстан облысының Сарыағаш ауданы мен Бейнеу ауданында ғана бар. Бейнеу ауданы Өзбекстанмен теміржол және автомобиль жолы арқылы қатынас жасайтын еліміздің киелі қақпасы ғана емес, Орта Азияның Ресейге, одан әрі Еуропаға шығатын бірден-бір қатынас жолы. Маңғыстау облысы ірі көліктік логистикалық орталыққа айналып келеді», – деді облыс әкімі Ералы Тоғжанов.

Ол сондай-ақ автомобиль жолының реконструкция жасау жұмыстары қарқынды жүргізілетіндігін, өйткені бұл Каспий көлік дәлізінде жүк тасымалдауды қамтамасыз ететін маңызды нысан екенін атап өтті.

Құны 19,8 млрд теңгені құрайтын жолдың құрылыс жұмыстары 2018 жылы аяқталмақ. Республикалық бюджеттен қаржыландырылатын жобаның мердігері – «Теміржол Жөндеу» ЖШС.

Гүлайым ШЫНТЕМІРҚЫЗЫ, «Егемен Қазақстан» Маңғыстау облысы