• RUB:
    5.44
  • USD:
    478.58
  • EUR:
    520.84
Басты сайтқа өту
Аймақтар 06 Шілде, 2017

ШҚО-да Астана күні мерекесіне орай 600-ге жуық шара өтті

140 рет
көрсетілді

Шығыс Қазақстан жұртшылығы Астана күні мерекесін кең көлемде атап өтуде. Облыстық ақпараттық орталықтың таратқан мәліметтеріне сүйенсек, апта басынан бері аймақта ұзын саны 600-ге жуық шара өткен.

Мерекелік шаралар легі қаланың шағын аудандарында өткен концерттік бағдарламамен басталып, шаһар жастары «EXPO 2017» көрмесінің аясында түрлі акцияларға қатысып, жеңімпаздар халықаралық шараға барып қайту мүмкіндігіне ие болды. Ал Семейде «Қымызмұрындық» фестивалі ұйымдастырылып, қала тұрғындарына Абай ауданы Саржал ауылының қымызы таратылды.

«Алтын Тұрғысын» Х халықаралық өнер фестивалі де Астана күнімен тұспа-тұс келгенін айта кетейік. Зырян ауданында өтетін фестивальге облыстан ғана емес, республикамыз және көршілес мемлекеттердің өнерпаздары да қатысады. Сонымен қатар, мерекеге орай Шалқар көліне (үшінші Сібе көлі) қатынайтын «Өскемен – Шалқар» автобус маршруты да өз жұмысын бастады.

Мерекелік шаралар қос шаһарда өтетін кешкі концерттік бағдарламалармен жалғасын табады. Соның ішінде Өскемен қаласының тұрғындарына "X-Faсtor" жобасының жеңімпазы Евгений Выблов және ресейлік НТВ арнасы өткізген халықаралық «Ты – супер» жобасының қатысушысы Влад Лоскутов әннен шашу шашатын болады.

Азамат ҚАСЫМ,

"Егемен Қазақстан"

ӨСКЕМЕН