• RUB:
    5.44
  • USD:
    478.58
  • EUR:
    520.84
Басты сайтқа өту
Аймақтар 10 Шілде, 2017

Петропавл қаласының 265 жылдығы атап өтілді

166 рет
көрсетілді

1752 жылы іргетасы қаланған бас шахардың  265 жылдығын мерекелеу іс-шараларына  жергілікті өнерпаздармен қатар елімізге, бұрынғы кеңес одағына танымал әншілер де  қатысып, әсем әнмен шашу шашты.

Орталық алаңда ұйымдастырылған «Астана менің жүрегімде», «Петропавл–сүйікті қалам» концерттік бағдарламаларда  Қазақстанның халық әртісі Роза Рымбаева, «Песняры»  вокальдық тобы өнер көрсетіп, жұртшылықтың ыстық ілтипатына бөленді.  Оларға  жергілікті жерлердегі «Әдемі-ау», «Эккспромт», «Туған жер», «Арай» , «Сегіз сері», тағы басқа би, халықтық  ансамбль, симфониялық оркестр топтары қосылып, мереке ажарын аша түсті.

Тарихи-өлкетану музейі жанына орналастырылған  Астана–мақтанышымыз», «Арт-бульвар» көрмелерін қызықтаушылар көп болды.

Лондон Олимпиадасының чемпионы Александр Винокуров атындағы Спорт сарайынан басталған веломарафонға  200-ден  астам адам қатысып, жеңімпаздар арнайы жүлделерді  иеленді. «Ең жас велошабандоз» аталымы бойынша 4 жастағы Егор Парахин  сөреге  бірінші болып келді.  Ардагерлер арасында Рашид Исмаилов жеңістің ең биік тұғырына көтерілді.  «Спортты серік еткен  отбасы»  аталымында  Майерлерге тең келер ешкім болмады.

Отанды, елді, жерді, туған қаланы сүюге ынтықтыратын басқа да шаралар тұрғындар көңілінен шығып, мереке соңы жалпыхалықтық серуенге, спорттық ойындарға, одан әрі Пестрое көлі маңайында отшашуға ұласты.

Өмір Есқали,

«Егемен Қазақстан».

Солтүстік Қазақстан облысы.