Гүлмира Исімбаева жұмыс сапарын «Нұр Отан» партиясы Алматы қалалық филиалы төрағасының орынбасары Жұлдыз Омарбековамен, сондай-ақ, қалалық Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Валихан Ахметовпен бірге қаладағы №11 емхананың ұжымымен кездесуден бастады. Кездесу барысында ол еліміздің денсаулық сақтау саласында жүзеге асырылып жатқан елеулі реформалар мен оң өзгерістер жайлы кеңінен айтты. Сондай-ақ, Әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінің маңызына тоқталып, халықтың әл-ауқатын арттыру мен денсаулығын сақтауда аталған жүйенің өміршең екенін тілге тиек етті.
Сонымен қатар, «100 нақты қадам» Ұлт жоспары мен Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында қамтылған міндеттерді жүзеге асырудың тетіктері де әңгіме өзегіне айналды.
Мәжіліс Төрағасының орынбасары қала іргесіндегі қызанақ пен қияр өнімдерін өсіретін «BRB APK» жылыжай кешеніне арнайы ат басын бұрып, аталған өндіріс ұжымының жұмысымен танысты. Жас мамандармен дидарласып, «Нұрлы жол», «Нұрлы жер» сияқты мемлекеттік бағдарламаларға қатысты өзекті сауалдарға жауап берді және аталған бағдарламалардың мол мүмкіндіктері мен жеңілдіктері жайлы жан-жақты сөз қозғады.
Г.Исімбаева келесі кезекте Алатау ауданында орналасқан Алматы индустриялық аймағын аралап, нысандардың өндірістік қуатымен танысты. Қаланың Наурызбай ауданында 1200 оқушыға арналып салынып жатқан білім ошағының құрылыс жұмыстарын өз көзімен көріп, аталған аудандағы №36 емхананың салтанатты ашылу рәсіміне қатысты.
Арман ОКТЯБРЬ, «Егемен Қазақстан»
АЛМАТЫ