Қазақстан тарапын Сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенко, ал Бельгия тарапын Бельгия СІМ-інің Екіжақты істер бойынша бас директоры Аник Ван Калстер басқарды.
Тараптар саяси, экономикалық және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты дамытудың келешегі, халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер бойынша пікір алмасты.
Кездесу барысында Р.Василенко бельгиялықтарды Президенттің «Қазақстанның Үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» Жолдауының басымдықтарымен, билік тармақтары арасында өкілеттіктерді қайта бөлу бойынша реформалардың барысымен, Мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласының негізгі ережелерімен, сондай-ақ, елдің БҰҰ ҚК-не тұрақты емес мүшелігі кезеңіндегі негізгі басымдықтарымен таныстырды.
Дипломаттар сауда-экономикалық қарым-қатынастардың дамуының оң серпінін атап өтті. Осылайша, 2016 жылдың қорытындысы бойынша елдер арасындағы сауда айналымы 2015 жылмен салыстырғанда 12%-ға өсіп, 299,5 млн АҚШ долларын құрады.
Тараптар Қазақстан мен Бельгия сыртқы саясат ведомстволарының ынтымақтастығын жандандыруға өзара мүдделестік танытты.
«Егемен-ақпарат»