Қазір өңірде құрылысқа аса қажетті материалдың бірі – шыны болып отыр. Осы орайда «Ақтөбе» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының еншілес компаниясы «Ақтөбе-шыны» ЖШС шыны шығару зауыты құрылысы инвестициялық жобасын қолға алғанын тек құптау ғана қажет. Осы нысанды тұрғызу үшін бюджеттен 214,3 миллион теңге бөлінген екен.
Әйтсе де, бюджет қаражатын тиімсіз пайдалану салдарынан инвестициялық жобаның жолы кесілген. Әрине, бұл арада «Ақтөбе» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының басы-қасында жүргендер барлық іс-қимылды бірінші кезекте зауыт құрылысын жүргізуге жұмылдыруы керек еді. Алайда, олар өздерінің тікелей атқаруға тиісті міндеттеріне жауапсыз, салдыр-салақ қараған. Сөйтіп, нысанның іргетасын көтерудің орнына 143,9 миллион теңгеге әбден ескіріп, қараусыз қалған ғимаратты сатып алыпты. Соның салдарынан зауыт құрылысы тоқтап қалды. Мемлекет активтері тиімді түрде пайдаланылмауының кесірінен шыны шығару мен энергия сақтағыш пакеттерді өндіріске қою ісі құрдымға кетіп тынды. Айтып айтпай не керек, әйтеуір корпорация жетекшілері 73 миллион тенгені жарғылық капиталдағы үлеске салумен ғана шектелген. Бұған да тәубе дерсіз. Тұтастай алғанда, «Ақтөбе» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясына қарасты «Азия Агро Холдингі», «Базарларды басқару», «Батыс Агро-2008», «Табыс қала» еншілес кәсіпорындарына үстеме аудиттік бақылаулар жүргізу нәтижесінде 648,8 миллион тенгенің активтері мен бюджет қаражаттары тиімсіз пайдаланылғаны белгілі болды. Бұл көріністің өзі өңірдегі инвестициялық жобаларды іске асыруға әжептәуір нұқсан келтірді.
– Сөйтіп, аймақтағы әлеуметтік-экономикалық маңызы өте жоғары нысандардың бірі белгіленген уақытта пайдалануға берілмей қалды. Мұның өзі өңірдегі шыны өндірісі нарығын жолға қою және қосымша жұмыс орындарын құру жөніндегі іс-қимыл бағдарламасының ойдағыдай орындалуына кері әсерін тигізді, – дейді Ақтөбе облысы бойынша тексеру комиссиясының төрағасы Сағат Еңсегенұлы.
Иә, инвестициялық жобаның тұсауы кесілді деп көтеріңкі көңіл күймен сөз саптаудың орнына, жолы кесілді, зауыт құрылысы тоқтап қалды деп күйзеле, қамыға жазуға мәжбүр болып отырғанымыз өкінішті-ақ.
Темір ҚҰСАЙЫН, «Егемен Қазақстан»
АҚТӨБЕ