Ташкенттің көрші елдермен қарым-қатынастарын жақсарту саясатының аясында оның Бішкек және Душанбемен байланысы да кеңейе түсті. Өзбекстан президентінің бұл елдерге сапары әлі жоспарланбаса да Ш.Мирзиеев өзінің әріптестерімен түрлі аумақтарда кездесті. Соның ішінде мұсылман мемлекеттері басшыларының Эр-Риядтағы саммитінде Ш.Мирзиеев Тәжікстан президенті Э.Рахмонмен жүздесті. Одан кейін, Бейжіңде мамыр айында болған «Белдеу және жол» форумында Өзбекстан мен Қырғызстан президенттері келіссөз жүргізді.
Осының аясында Өзбекстан, Тәжікстан және Қырғызстан елдері делегацияларының түрлі деңгейдегі соңғы айлардағы өзара басқосулары тараптардың қарым-қатынастарын жақсартуға бейіл екенін көрсетуде. Сондай кездесулердің бірі жақында Душанбеде өтті. Онда премьер-министрінің орынбасары Ұлығбек Розақұлов бастаған Өзбекстан делегациясының Тәжікстанға сапары болды. Екі елдің БАҚ-тары Өзбекстан мен Тәжікстан үкіметтерінің делегациялары кездесуін көршілер арасындағы байланыстарды нығайтудағы жаңа қадам болғанын атап өтті. Соның ішінде Тәжікстан БАҚ-тары тарапынан кездесу барысында жоғары нәтижелерге қол жеткізілгені айтылды. Атап айтқанда, Душанбе мен Ташкент қалаларының бауырластығы туралы келісімге қол қойылып және осы келісімнің шеңберінде екі елдің астаналарында өзара сауда үйлерін ашу жоспарланғаны жеткізілді.
Сонымен қатар, кездесу барысында қазіргі жағдайдағы мәселелер мен басқа да бағыттардағы ынтымақтастық перспективалары талқыланған. Соның ішінде, сауда-экономикалық байланыстарды жандандыру мәселесі басты міндет ретінде қаралған. Тараптар алдағы уақыттарда машина жасау, жеңіл өнеркәсіп, тұрмыстық және шаруашылық тауарларын өндіру бойынша бірлескен кәсіпорындар ашуға мүдделілік білдірген.
Осы кезеңде Тәжікстан мен Өзбекстан ішкі істер министрлері генерал-лейтенант Рамазан Рахимзода мен генерал-майор Абдусалом Азизовтың кездесу өткізгендері де маңызды болып отыр. Тараптардың ведомстволары басшыларының өзара кездеспегеніне 19 жыл болған екен. Кездесу барысында олар терроризм, экстремизм, есірткінің заңсыз айналымы және басқа да өзекті мәселелерді туғызатын трансұлттық ұйымдасқан қылмысқа қарсы күресті күшейту мәселелері туралы пікір алмасқан.
Нақтылай айтқанда, өңірде өзара қарым-қатынастарды жақсартуға тың серпін берілгенін атап өту керек. Орталық Азияда толыққанды ынтымақтастық орнатуға барлық алғышарттар бар екенін сарапшылар да айтып отыр.
Бұрын аймақтық ынтымақтастықты арттыру мақсатымен Орталық Азия елдерінің бірлестігін құруға талпыныс жасалғанын еске сала кетейік. Олар Орталық Азия одағы, Орталық Азия экономикалық ынтымақтастығы (ОАЭЫ) және басқа да бірлестіктер еді. Осы бірлестіктерді құрудың бастамашысы үнемі Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев болған. Қазақстан жағы әлі де аймақтық деңгейдегі ынтымақтастықты арттыруды қалайды. Нұрсұлтан Назарбаев Өзбекстан президентімен, одан кейін Түрікменстан президентімен кездескенде де жақын көрші алыс туыстан артық екенін ескертіп, Қазақстанның бауырлас көрші республикалармен ынтымақтастықты нығайтуға әрқашанда әзір екенін жеткізді.
Қорыта айтқанда, бүгінгі таңда Орталық Азия елдері арасында өзара қатынастарды дамыту белсенділігі арта түсті. Ол бұрынғы кездердегідей аймақтағы «көшбасшылыққа таласуды» тастап, бірлескен түрлі жобаларды, соның ішінде, бірінші кезекте көліктік жобаларды іске асыруға бағытталып отыр. Айта кететін болсақ, Ашғабадтағы соңғы кездесуде өзбек пен түрікмен лидерлері темір жол тасымалын қалпына келтіру мәселесін айрықша маңызды деп атады. Г.Бердымұхамедов өзінің сөзінде Түрікменстан тарапы үшін темір жол магистралінің Қытаймен қосылғанын және Парсы шығанағы мен Еуропа елдеріне шығуды қамтамасыз етудің маңыздылығын атады. Бұл жердегі әңгіме Қытай – Қырғызстан – Өзбекстан темір жол маршрутына қатысты айтылып тұр. Ташкенттің жаңа басшылығының бұл жобаға қалай қарайтындығы әзірге белгісіз, бірақ оның іске асырылуына мүдделі болатындығы сөзсіз.
Сонымен қатар, егер бұл жоба іске асырылса, ол қазіргі Қытай – Қазақстан – Түрікменстан – Иран жол тармағына бәсекелес болайын деп тұр. Қытайдың Иу қаласынан шыққан алғашқы жүк пойыздары бұл жол тармағымен Тегеранға үстіміздегі жылдың ақпан айында жеткен еді. Жолға 14 күн кетті, ал бұл – теңіз жолынан екі есе қысқа. Қазақстан бұл жолдың тиімділікпен пайдаланылуын қалайды және балама жолдың тартылғанына мүдделі емес. Әрине, Өзбекстаннан Түрікменстанға тартылатын темір жол торабы жобасының нақты іске асуының уақыты әлі белгісіз.
Жалпы, Қазақстан мен Өзбекстан арасында екіжақты ынтымақтастыққа байланысты көптеген құжаттарға қол қойылды. Осы мәселеде аймақтың дамуы үшін бұрынғы жылдардың қателіктеріне ұрынбаудың маңызы зор.
Руслан Жүсіп, саясаттанушы