Қайтыс болған жауынгерлер осы «Бауырластар зиратында» жерленген. Қаладағы соғыс және еңбек ардагерлері кеңесі төрағасының орынбасары Рашида Хасанова ұзақ жылдар бойы осы зираттарды жөндеумен айналысты. Оның айтуынша, «Бауырластар зиратында» Кеңестер Одағының он бес республикасынан майданда ауыр жараланып, осы госпитальдарда қайтыс болған жауынгерлердің мүрделері жатыр. – Негізінде, бұл екі зират 1990 жылдарға дейін Үкімет қарауында болды. Жан-жағы қоршалған, күтімге алынған еді. 1991 жылдан бастап майдангер жауынгерлердің зираттары мүлде қараусыз қалды. 1998-99 жылдары қаладағы ардагерлер кеңесінің ұйымдастыруымен «Бауырластар зиратына» обелиск қойғыздық. Нақты анықталған 43 жауынгердің есімі ғана обелиске толық жазылды. Қалғандары белгісіз. Зираттың бауырластар деп аталуы да сондықтан, белгісіз жауынгерлердің бір жерде жерленуі. Сонымен, 1991 жылдан бастап қабірлердің қараусыз қалғаны былай тұрсын, басындағы темірлерді, металдарды, қоршауларды ұрылар тонап, талан-таражға түсірді. Сондықтан да 2008 жылы ардагерлермен бірге «Шығыс» өңірлік әскери қолбасшылығындағы қолбасшының кеңесшісі, отставкадағы генерал-майор Александр Мартыновқа өтініш жасадым. Зиратты қайтадан қалпына келтіріп беруін өтіндім, – дейді Рашида Ашрафқызы. – Ойпырмай, мұндай қасиетті жұмыстан бас тартуға бола ма? Бұл жерде жатқан жауынгерлер бейбіт күнді, Ұлы Жеңісті армандап кетті. Сол үшін қандары төгілді. Олар Отанын қорғады. Енді, міне, қараусыз жатыр, – дейді генерал-майор Александр Мартынов. – Рашида Ашрафқызымен бірге зират басына бардым, быт-шыт. Қайтыс болған жауынгерлердің суреттерін алып тастаған, әр қабірдің басындағы аты-жөні жазылған, туған жері, ұлты белгіленген тақтайшалар жұлынған. Кім екендіктері мүлде белгісіз болып қалыпты. Осының бәрін қайта қалпына келтіру керек болды. Силикат зауыты маңындағы зиратты №28738 әскери бөлім, ал Знаменка трассасы бойындағы зиратты инженер-сапёрлердің әскери құрамы жауапкершілігіне алды. Сөйтіп, 2008-2013 жылдары белгі-ескерткіштерді қалпына келтіріп, өсіп кеткен арамшөптерді тазалап, бояп-сырлап, біраз дүниені қалпына келтірдік. Бірақ түбегейлі жөндеу үшін қомақты қаражат керек екен. Мұнда жатқан майдангер жауынгерлерді ешқашан ұмытуға болмайды. – Әрине, бұл зиратты сарбаздардың күтімге алуға тырысқандары мені қуантты. «Шығыс» өңірлік әскери қолбасшылығына көп рахмет, – дейді Рашида Ашрафқызы. – 1941-45 жылдары Семейде қанша жауынгер қайтыс болып, жерленгені белгісіз. Себебі, эвакуациялық госпитальдардың барлық архивтері Ресей Федерациясына өткізілген. Мен іздеп жүріп, қаладағы қазіргі заман тарихын құжаттандыру орталығынан, яғни Семей қалалық архивінен №3593 госпиталінде қайтыс болған 101 адамның ғана құжатын таптым. Жалпы, қала тұрғындары 2013 жылдан бастап, 9 мамыр – Жеңіс күні мерекесінде ардагерлермен бірге, көпшілік тағзым ету үшін қабір басына барады. Биылғы жылы да осы жерге келіп, гүл шоқтарын қойып, Ауған соғысы ардагерлерімен бірге еске алудың дәстүрлі жиынын ұйымдастырды. Десек те, зираттарды қалпына келтіру жұмысы сонау 2008 жылдан қолға алынса да, әлі аяқталған жоқ. Ал Силикат зауыты маңындағы №3593 эвакуациялық госпитальда қайтыс болып, жерленгендер зиратының жағдайы күннен-күнге төмендеп барады. Қаңылтырдан қойылған белгілер қап-қара болып ұсқынсыз күйге түскен. Зират аумағын қалпына келтіру үшін қомақты қаражат керек. Және қолдау мен қамқорлық қатар жүргені абзал. Қабірлерді аралап, фотосуретке түсіру барысында өзім де әлденеге сүрініп, құлап кете жаздадым. Өйткені, барлық жерді белуарға дейін арамшөп басып кеткен. Бұл не, ағаш па, томар ма деп сүрінген нәрсеме үңіле қарасам, креске ұқсас дүние болып шықты.
Раушан НҰҒМАНБЕКОВА, журналист
СЕМЕЙ
Суреттерді түсірген автор