• RUB:
    5.44
  • USD:
    478.58
  • EUR:
    520.84
Басты сайтқа өту
Қазақстан 12 Шілде, 2017

Диев аспанындағы қою бұлт жұртты шошытты

416 рет
көрсетілді

Шілденің «шырқын бұзған» бұлттар

Шілде – жаздың ең ыстық айы. Әдетте, күн ыстықта ақ ешкі­нің әжем түткен түбітіндей ақша бұлттар аспанда қалқыр еді. Күн сәулесімен шағылысып, кейде қақталған ақ күміс жүзгендей әсер де беретін. Биылғы жазда қостанайлықтар дәл сондай ақша бұлтты көп байқамағаны рас. Жөңкіген қорғасындай ауыр бұлттар шілдені емес, күзді еске салады. Шілде айы туғанда об­лыстың оңтүстігіндегі Әулиекөл ауданына қарасты Диев ауылының үстіне үйірілген бұлтты ауыл тұрғыны Павел Громов ұялы телефонына түсіріп алған екен. Ол әлеуметтік желілерді дүрілдетті.  – Қорқынышты, қою бұлт құйын секілді ауылды орап алатындай көрінді. Мен түсірген соң артынша тасырлатып бұр­шақ жауды, – дейді П.Громов. Шілденің бас кезінде аспан жарылып, жерге түскендей күркіреп, қатты найзағай ойнаған жаңбырлы күндер аз болмады. Оны «Каз­гидромет» ауа райын бол­жау орталығы облыстық филиа­лы­ның мамандары ылғал­дың мол­дығынан деп отыр. – Аспанда бұлттардың бауыр­лап жөңкуі – әдетте мұхиттарға жақын теңіз климатына тән құ­былыс. Соңғы уақытта Атлант мұ­хитынан соққан қуат­ты цик­­лондар ылғалы мол бұлт­тар­ды айдап келді. Шілденің «шырқын бұзған» «күзгі» және «құйын» бұлттарға көзіміз үйренбей жатқаны осы­дан, – дейді «Казгидромет» ауа райын болжау орталығы облыстық филиалының инженер-синоптигі Валентина Загребина.  Ауа райын болжаушылардың айтуына қарағанда, Тобыл өңі­рінде шілде айының аяғына дейін шіліңгір емес, жаңбырлы бола­йын деп тұр. 

Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА, «Егемен Қазақстан»

ҚОСТАНАЙ