• RUB:
    5.44
  • USD:
    478.58
  • EUR:
    520.84
Басты сайтқа өту
Аймақтар 12 Шілде, 2017

Жамбылда Қоғамдық келісім кеңесінің отырысы өтті

318 рет
көрсетілді

Бүгін Тараз қаласындағы «Достық үйі» ғимаратында Жамбыл облысы Қазақстан халқы ассамблеясы Қоғамдық келісім кеңесінің отырысы өтті. Оған Жамбыл облысы Қазақстан халқы ассамблеясының және қоғамдық келісім кеңестерінің мүшелері, этномәдени бірлестік жетекшілері мен белсенділері, сонымен қатар аудан әкімдігінің қызметкерлері қатысты.

Әуелі Қоғамдық келісім кеңесінің төрағасы, «Нұр Отан» партиясы Жамбыл облыстық филиалы төрағасының орынбасары Шәбден Тілеумұрат аталған кеңестің атқарылған жұмыстарына тоқталды. «Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХV сессиясында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қоғамдық келісім кеңестерінің маңыздылығын ерекше атап өткен болатын. Бұл кеңестер жалпыұлттық әмбебап пікірталас алаңына айналды. Сондай-ақ билік пен тұрғындар арасындағы беделді құрылым халыққа қызмет етіп келеді» деді Шәбден Тоқтасынұлы өз сөзінде.

Қазіргі таңда Жамбыл облысында 175 Қоғамдық келісім кеңесі жұмыс істейді. Олардың ішінде облыста 1, қалада 2, аудандарда 10, ауылдарда 153 және ірі мекемелерде 9 кеңес қызмет етеді. Аталған кәсіпорындар қатарына «Қазфосфат» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі, «Таразэнерго» акционерлік қоғамы, «Жамбыл Жылу» және «Тараз-Су» коммуналдық мемлекеттік мекемелері кіреді. Қоғамдық келісім кеңестерінің жалпы мүшелер саны бүгінде 1025-ке жетіп отыр.  

Кеңес отырысында Жамбыл облысы Қазақстан халқы ассамблеясы Қоғамдық келісім кеңесі төрағасының орынбасары, облыстық білім басқармасының әдіснамалық кабинет меңгерушісі Бигелді Тәжібаев баяндама жасап, «Мәңгілік Ел» жалпыұлттық идеясы аясында білім алып жатқан балаларға патриоттық тәрбие беруді арттыру мәселесін айтып өтті. Ал Жамбыл облысы Қазақстан халқы ассамблеясы хатшылығының бас маманы Ұлтуар Бабақұлова Жамбыл, Байзақ, Талас және Сарысу аудандарындағы Қоғамдық келісім кеңестерінің жұмыс барысын баяндады.

Отырыс соңында қатысушылар пікір алмасып, Қоғамдық келісім кеңестерінің жұмысына қатысты ұсыныстарын жеткізді.

Хамит Есаман,

«Егемен Қазақстан»                                                                                                        

Жамбыл облысы