• RUB:
    5.44
  • USD:
    478.58
  • EUR:
    520.84
Басты сайтқа өту
ЭКСПО-2017 12 Шілде, 2017

Астанада ЭКСПО-2017 аясында Атырау облысының мәдениет күндері өтеді

142 рет
көрсетілді

16 шілдеде Астанада Атырау облысының мәдени күндері басталады. Елорда тұрғындары мен қонақтары мұнайлы аймақтың шығармашылық әлеуетін көрсететін кең көлемді мәдени бағдарламасына куә болады.

Бес күнге жоспарланған бағдарламада 20-дан астам әр түрлі қойылымдар мен концерттер, дефиле мен қолөнер шеберлерінің көрмесі бар, - деп хабарлайды Атырау облыстық өңірлік коммуникация қызметі.

Өнер апталығының шымылдығы 16 шілде күні сағат 11.00-де Конгресс-холда Д.Нұрпейісова атындағы академиялық қазақ ұлт аспаптар оркестрінің «Күй-керуен» атты концертімен ашылады. Сол уақытта Конгресс-холл алдындағы алаңда Н.Жантөрин атындағы облыстық филармонияның үрмелі аспаптар оркестрі өнер көрсетеді. Ал 12.30-да «Айсұлу» сән үйі топтамасының дефилесін тамашалауға болады. Астанадағы алғашқы күн ЭКСПО-2017 кешенінің амфитеатрында өтетін «Атырау айшықтары» гала концертімен аяқталады. Басталу уақыты: 21.30.

Конгресс холл ғимаратында 16-17 шілде күндері Атырау облысының бірнеше көрмесі көпшілік назарына ұсынылады. Өңір тарихы туралы облыстық тарихи-өлкетану музейінің экспозициясы қойылады, ал Ш.Сариев атындағы қолданбалы-сәндік өнер музейі ЭКСПО тақырыбына салынған суреттер көрмесін ұйымдастырады. Облыс кітапханалары кітап жәрмеңкесін, облыстық мемлекеттік мұрағат аймақтың жетістіктері мен табыстары жайлы құжаттар көрмесін жасайды.  Көрмелер сағат 11.00-де басталады.

17 шілдеде мәдени шаралар легі Н.Жантөрин атындағы облыстық филармонияның «Нарын» халық аспаптары оркестрінің концертімен басталады. Оркестр Бәйтерек монументінің алдындағы алаңда сағат 19.00-де өнер көрсетеді. Дәл осы уақытта «Жастар» театрында Махамбет атындағы облыстық қазақ драма театрының «Сүйінбай» драмасының премьерасы қойылады.

18 шілдеде негізгі шаралар этноауыл аумағында өтеді деп жоспарланып отыр. 15.00-де «Айсұлу» сән үйінің дефилесі бұл күнгі бағдарламаны ашады. 15.30-да Д.Нұрпейісова атындағы академиялық қазақ ұлт аспаптар оркестрінің концерті, 16.30-да Құрманғазы, 17.30-да Индер, 18.30-да Мақат ауданы өнерпаздары дайындаған концерттік бағдарлама көрермендерін күтеді. 19.30-да атыраулық композиторлардың әндерінен концерт өтеді.

Бұл күні сондай-ақ, қала алаңдарында аймақтағы этномәдени бірлестіктер дайындаған мерекелік шара болады, ол 17.00-де басталады. Көрермендер Атырау жерінде тату-тәтті тұрмыс кешіп жатқан сан түрлі ұлт пен ұлыс өкілдерінің өнерлерін, ұлттық киімдерін, әндері мен билерін тамашалай алады. Шара 18.00-де би мерекесімен жалғасады. 20.00-де облыстық филармония әртістерінің қатысуымен концерт және театрландырылған көрініс көрсетіледі.

19 шілдеде сағат 19.00-де Горький атындағы орыс театрында драматург Мәлік Отарбаевтың «Баянды бақ» спектаклі қойылады. Сол уақытта қала алаңдарында облыстық филармонияның эстрадалық оркестрінің қатысуымен мерекелік бағдарлама өтеді.

Атырау облысының Астанадағы мәдени күндері 20 шілдеде Бәйтерек монументі алдындағы алаңда қорытындыланады. Сағат 19.00-де Астана тұрғындары мен қонақтарын «Ән-арман Атырау» атты мерекелік концерт күтеді.

Бақытгүл Бабаш,

«Егемен Қазақстан».

Атырау