Франк-Вальтер Штайнмайер Германия Президенті болғалы Қазақстанға алғаш рет келіп отыр. Бұған дейін ол осы елдің Сыртқы істер министрі қызметін атқарған еді. Биылғы ақпан айында өткен сайлауда Франк-Вальтер Штайнмайер сайлаушылар дауысының жартысынан көбін жинап, осы елдің 12-ші президенті болып сайланды. Кездесу барысында Қазақстан Президенті оны жаңа қызметімен құттықтады. – Сізбен бұрыннан жақсы таныспыз. Сыртқы істер министрі болған кезіңізде де екі елдің байланысын нығайтатын талай мәселелерді талқыладық. Енді, міне, Президент ретінде елімізге келіп, ЭКСПО-2017 көрмесін өз көзіңізбен көруге ниет еткеніңіз үшін алғыс білдіремін. Германия – әлемдегі алпауыт елдердің бірі әрі үлкен экономикалық қуатты мемлекет. Осындай ірі мемлекетпен тығыз қарым-қатынас орнатып, оның серіктесі болғанымызға қуаныштымыз. Біз екіжақты байланыстарды әрі қарай қарқынды дамытуға мүдделіміз, – деді Елбасы. Мемлекет басшысы Қазақстан мен Германия арасындағы дипломатиялық байланыс ширек ғасыр бойы үзілмей келе жатқанын атап өтті. Қазіргі таңда екіжақты жарасымды байланыстың жаңа бағдарламалары қалыптасқан. Президенттің айтуынша, қос мемлекет арасындағы ынтымақтастық мәселесі барлық сала бойынша қарқынды дами түспек. – Сіздің сапарыңыз барысында екі елдің бизнес құрылымдарының басын қосқан Іскерлік кеңес өтті. Соның аясында жалпы сомасы 1 млрд долларды құрайтын 20-дан астам келісімге қол қойылды, – деген Мемлекет басшысы қазақ-неміс байланысының тереңдей түсетініне сенім білдірді. Өз кезегінде Франк-Вальтер Штайнмайер Қазақстан Президентіне достық лебізі үшін алғыс білдіріп, жылы қабылдауына ризашылығын жеткізді. – Қазақстан туралы мен жақсы білемін. Бұрын да екіжақты ынтымақтастықты дамыту барысында талай сапарлап келдім. Бірақ биылғы жыл ерекше. Себебі, осы жылы Қазақстан мен Германия арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастың орнағанына 25 жыл толып отыр. Осы мерзім ішінде екіжақты байланысты бекемдеуге арналған қыруар шаруа атқарылды. Қазақстанда өтіп жатқан ЭКСПО көрмесіне белсенді қатысуымыздың өзі – елдеріңізге деген шынайы пейіліміздің көрінісі, – деді Германия Президенті. Ол, сондай-ақ, ЭКСПО-2017 көрмесінің тақырыбы бүгінгі таңдағы өзекті мәселе екенін айта келе, Қазақстан Президентін көрмедегі Германия павильонын аралауға және өзінің ресми сапарымен тұспа-тұс келіп отырған Ұлттық күннің ашылуына қатысуға шақырды. Екіжақты кездесуден кейін Қазақстан Президенті Германия Федеративтік Республикасының Президенті Франк-Вальтер Штайнмайердің ресми сапарының қорытындысы бойынша БАҚ өкілдері үшін баспасөз брифингін өткізді. Нұрсұлтан Назарбаев бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері алдында сөйлеген сөзінде Германия Президентінің сапары екі ел арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастың орнағанына 25 жыл толып отырған кезеңге тұспа-тұс келуінің символдық мәні бар екенін айтты. – Біз бүгінде кең ауқымды саяси әрі экономикалық қарым-қатынастар бойынша стратегиялық серіктестік деңгейіне көтерілдік. Мен Германия Президентімен Қазақстанның даму үдерістері, өңірдегі еліміздің алдында тұрған сыртқы саяси міндеттер жөнінде ой бөлістім. Германия – біздің сенімді досымыз әрі негізгі экономикалық әріптесіміз. Қазақстанда неміс капиталының қатысуымен 900-ден астам кәсіпорын табысты жұмыс істеуде, ал тікелей инвестиция көлемі 4 миллиард доллардан асып отыр, – деді Мемлекет басшысы. Қазақстан Президенті өзара қарым-қатынасты тереңдету жөніндегі тұрақты жұмыс оң қарқынмен дамып келе жатқанын атап өтті. – Қазақстандағы индустрияландыру үдерістеріне озық технологияларды қолдана отырып, Германия бизнесін тарту мүмкіндігі талқыланды. Шикізат, өнеркәсіп, технология салаларындағы серіктестік туралы келісімді тиімді іске асыру мәселесіне баса назар аударылып отыр. Жүргізіліп жатқан жекешелендіру, кәсіби-техникалық мамандарды даярлау жұмыстары аясында өзара іс-қимылды күшейту қажет, – деді Нұрсұлтан Назарбаев. Сонымен қатар, Қазақстан Президенті ауыл шаруашылығындағы, көлік-транзит саласындағы екіжақты қарым-қатынасты жандандыру мәселелеріне ерекше тоқталды. – Қазақстанның географиялық тұрғыдан оңтайлы орналасуын ескеріп, біз жүктерді Қытайдан Орталық Азия арқылы Германияға құрлықпен жеткізу идеясын одан әрі ілгерілету үшін күш жұмылдыруға ниеттіміз. Қазақстанда Төртінші өнеркәсіптік революция элементтерін енгізу жөніндегі бірлескен жобалар айтарлықтай қызығушылық тудырып отыр. Үкіметаралық комиссия мен Іскерлік кеңестің табысты жұмысының маңызы зор. Бүгінгі кездесудің қорытындысы бойынша жалпы сомасы 1 миллиард доллар болатын 20-дан астам құжатқа қол қойылды, – деп түйіндеді Мемлекет басшысы. Бұдан бөлек, Нұрсұлтан Назарбаев ғылым мен білім беру және мәдени-гуманитарлық салаларда атқарылып жатқан жұмыстарға назар аударды. – Қазақстанда тұратын мыңдаған неміс қауымының Германияға көшіп кеткен немістермен достық, туыстық байланыста болуы маңызды. Халықаралық саясаттың өзекті мәселелері бойынша елдеріміздің ұстанымдары ұқсас екенін атап өткім келеді. Германияның және Штайнмайер мырзаның жеке қолдауының арқасында Еуропалық одақтың Орталық Азия жөніндегі 2007-2013 жылдарға арналған алғашқы стратегиясы қабылданып, біздің өңірге қатысты Су бастамасы іске қосылған болатын. Қазақстанның Еуропалық одақпен кеңейтілген серіктестігі туралы келісімді ратификациялағандарыңыз үшін Сізге және Сіздің еліңізге ризашылығымызды білдіреміз, – деді Нұрсұлтан Назарбаев. Қазақстан Президенті Германияның әлемдік саясаттағы рөлін жоғары бағалап, Гамбургте өткен G-20 саммитін атап өтті. Мемлекет басшысы БАҚ өкілдеріне Украинаның оңтүстік-шығысында және Таяу Шығыста орын алып отырған қақтығысқа қатысты Германия Президентімен пікір алмасқанын да айтты. Германия Федеративтік Республикасының Президенті Таяу және Орта Шығыс пен Украинаның оңтүстік-шығысындағы мәселелер жөнінде ашық әңгіме болғанына тоқталды. – Дипломатиялық қарым-қатынастар орнаған 25 жылдың ішінде елдеріміз арасындағы ынтымақтастық экономикалық мәселелермен ғана шектеліп қалмай, түрлі сипатқа ие болды. Ең алдымен, бұл – Қазақстанда белсенді түрде қызмет етіп келе жатқан түрлі білім беру институттары мен қорлар. Бұл бірлесе дамуымыздың оң үрдісі, – деді Ф.-В.Штайнмайер. Германия Президенті Қазақстанның өңірдегі сыртқы саяси рөлін жоғары бағалады. – Қазақстан – өңірдегі тұрақтылық тірегі, өзіне сенімді мемлекет. Аймақтағы бейбітшілікті қамтамасыз ету және еліңіздің табысты дамуына серпін беру үшін Сіз, Президент мырза, ядролық қарудан бас тарттыңыз. Тәуелсіздіктің 25 жылдық кезеңінде Сіз дау-дамай мен қақтығыстарды дипломатиялық әдістермен әділетті түрде шешудің жарқын мысалын көрсетіп, БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінде жауапты әріптес ретінде де өз миссияларыңызды атқарып келесіздер. Қазақстан Сирия қақтығысын реттеу үшін мүдделі тараптардың басқосуына жағдай жасады, – деді Ф.-В.Штайнмайер. Германия Президенті Қытайдың Жаңа Жібек жолын дамыту бастамасын да атап өтті. – Тарихи тұрғыда инфрақұрылымдық жоба ғана емес, халықтар арасында мәдени көпір рөлін атқарған бұл бастама қазіргі уақытта инвестициялық тартымдылық тұрғысынан ғана қарастырылмай, Шығыс пен Батыстың іс жүзінде тіл табысуына септігін тигізеді деп үміттенеміз. Қазақстан Қытай мен Батыстың арасында орналасқандықтан, оның бұл үдерістегі рөлі зор болатынына сенімдімін, – деді Ф.-В.Штайнмайер. Осы күні Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Германия Федеративтік Республикасының Президенті Франк-Вальтер Штайнмайермен бірге Германия павильонына барды. Қазақстан Президенті ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесіндегі Германияның ұлттық павильонының экспозицияларын аралап көру барысында көлік құралдары мен тұрғын үйді жетілдіруге қатысты неміс өнеркәсібі мен ғылымы әзірлеп шығарған инновациялық шешімдермен танысты. Екі ел президенттері жел, күн және су электр стансаларының үлгілері, электр қуатымен қозғалатын болашақ көлік экспонаттары қойылған «Болашақтың картасы» және «Болашақтың қаласы» атты көрме алаңдарын аралап, «Энергетикалық шоу» көрсетілімін тамашалады. Соңында Нұрсұлтан Назарбаев Германия павильонының Құрметті қонақтар кітабына қолтаңба қалдырды. Сонымен қатар, Мемлекет басшысы Германия Президентіне Қазақстанның «Нұр Әлем» ұлттық павильонын көрсетті. Бұл жерде екі елдің көшбасшылары Қазақстанның мәдениеті мен тарихына арналған интерактивті экспозициялармен танысып, павильонның 8-қабатында орналасқан «Астана – болашақтың қаласы-2050» экспозициясын көрді. Экскурсия соңында Франк-Вальтер Штайнмайер көрменің Құрметті қонақтар кітабына қолтаңба қалдырды. Қымбат ТОҚТАМҰРАТ, «Егемен Қазақстан» Сурет Президенттің баспасөз қызметінен алынды
Президент
•
13 Шілде, 2017
Серіктестіктің сенімді үлгісі
325 рет
көрсетілді
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев елімізге ресми сапармен келген Германия Федеративтік Республикасының Президенті Франк-Вальтер Штайнмайермен кездесті. Одан кейін екі ел басшылары Ақордада өткен келіссөздердің нәтижесі бойынша бірлескен мәлімдеме жасап, журналистерге брифинг өткізді.