• RUB:
    5.44
  • USD:
    478.58
  • EUR:
    520.84
Басты сайтқа өту
Бизнес 13 Шілде, 2017

Тоқыма ісі тоқыраудан шықты ма?

470 рет
көрсетілді

Кілем тоқу – Азия, Еуропа, Кав­каз халықтарына ежелден белгі­лі қолөнер түрі. Кілемді ата-әже­леріміз алтын, күміс сияқты қымбат бұйымдардың санатына қосып, дәулеттің, байлықтың бір белгісі деп білген. Бәйгеден озып келген тұлпарға кілем жауып, жеңімпаз балуанға кілем тар­ту еткен. Түкті кілем, тықыр кілем сияқты ел аузындағы әсем бұйым­дар әр шаңырақтың сәні мен салта­наты болды. Қазақ халқының кілем өнерінің көркемдік-ерек­шеліктері туралы Ә.Марғұ­лан­ның, С.Қасымановтың еңбек­терінде кеңінен айтылады. Бір кездері үйіміздің шырайын ашқан түрлі кілемдер қазіргі уақытта керегемізден түсіп қалса да, керегімізге жарап тұр. Соңғы жылдары еліміздегі кілем өндірісі тың тыныс алып, отандық өнімдер шетелдерге де экспорттала бастады.

Жеңіл өнеркәсіп саласының бір тармағына жататын кілем өндірісі Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары тоқырауға ұшырағаны белгілі. Ел енді ес жиып жатқан елең-алаң шақта өндірістің қай саласында болмасын осындай түйткілді проблемалар ұшырасып отырды. Шикізат тапшылығы, білікті мамандар мен кәсіпорындардың  аздығы сияқты бірқатар мәселелер бұл салаға да салқынын тигізбей қалған жоқ. Кешегі кеңес тұсында дәуірі дүркіреп тұрған «Алматы кілем» фабрикасы еліміздегі кілем өнеркәсібінің көшбасшысы болған еді. Алайда, қатал нарықтың қыспағы аталған фабриканы да айналып өтпеді. Осылайша, сол кездегі ел аумағындағы жалғыз фабрика жабылып тынды. Базарлармен сау­да орындарында кілемдерді көтерме бағамен сататын орталықтар көбейді. Иран мен Түркия, Пәкістан асып келген кілемдердің бағасы тым қымбатқа соқты. Бағасы төмендеу дегендерінің сапасы сын көтермеді. Осы сәтте отандық тұтынушыларды сапалы өніммен қамти алатын отандық өнімдер ауа­дай қажет еді. Заман жылжып, уақыт сырғыған мезетте инновациялық технологиялар пайда болып кілем тоқудың жаңа қондырғылары дүниеге келді. Автоматты тоқыма машиналармен желімге отырғызып тоқудың нарыққа енгеніне де аз уақыт болған жоқ. Таза жүн мен жібектен тоқылатын табиғи кілем­дердің орнын химиялық заттардан, мұнай-газ қалдықтарынан жасала­тын акрил, полипропилен, ағаш қал­дықтарынан жасалған вискоза сияқты жіптер алмастыра бастады. Мамандардың айтуынша мұндай ши­кі­заттардан жасалған кілемдердің де төзім­ділігі жаман емес. Салмағы жеңіл, кір кө­терімді, оңай тазаланады әрі өңі әдемі. Бүгінгі таңда мемлекет тара­пы­­нан жеңіл өнеркәсіптің өрге ба­­суына көп қолдау жасалуда. Мем­лекеттік бағдарламалар іс­ке асып, тың жобалар қолдау тап­­­ты. Солардың бірі 2011 жы­лы Индустрияландыру картасы ая­сында «Оңтүстік» арна­йы эко­но­микалық аймағында құ­рыл­ған «Бал Текстиль» ЖШС отандық ал­­ғаш­қы кілем тоқыма фабрикасы. Аталған өндіріс ошағы 2013 жыл­дың қазан айынан бастап өз өні­мін шығара бастады. Фабрика қу­аттылығы қазіргі таңда жылына 5 млн шаршы метр кілем және кі­лем өнімдері мен 4 000 тонна полипропиленді жіп өнімдерін құ­райды. 2000-ға жуық кілем ди­зай­ны бар компания аз уақыттың ішін­де халықаралық сапа конкурстарынан жүлделі орындар иеленіп үл­герді. Бүгінге дейін фабрика 4 865,5 мың шаршы метр кілем және кілем өнімдерін шығарса, оның 30 пайызы экспортталған.  – Өндірістік кілем өнімдері Қазақстанның барлық аймақ­та­рын­да, облыс қала және аудандарда ха­лыққа қолжетімді бағамен саты­луда. Отандық өнімдеріміздің са­пасы шетелдерден келетін кі­лем­дерден ешқандай төмен емес. Фаб­рикамыз 2014 жылы «Алтын Сапа-2014» республикалық сапа конкурсының «Халық тұтынатын үздік тауар» номинациясында 2-ші дәрежелі диплом иегері, 2016 жылы Швейцарияның Женева қаласында өткен халықаралық конвенцияда үздік сапа номинациясы бойынша ISAQ жүлдесі – «Алтын Жұлдыз» ие­гері атанды. Шикізаттардың ба­с­ым бөлігін шет мемлекеттерден, нақтырақ айтсақ Бангладеш, Түркия, Иран елдерінен әкелеміз. Қо­лымыздан келгенін өзіміз өн­ді­реміз. Бастапқы кезде қиын бол­ға­нын жасырмаймыз. Кейіннен ша­руамызды дөңгелетіп әкеттік. Өнім­деріміз отандық нарықты тол­ық жаулап алмаса да, жоғары дең­гейде сұранысқа ие. Яғни, біз­дің кілемдерді еліміздің кез-кел­ген нүктесіндегі сауда орында­рынан табуға болады. Сонымен қатар, Қырғызстан, Ресей, Әзер­бай­жан, Тәжікстан, Франция және Швецияның ең үлкен сауда желісі – ИКЕА арқылы Ұлыбритания мен Германия мемлекеттеріне өнім­де­рімізді экспорттадық. Мемлекет та­ра­пынан үлкен қолдау көріп отыр­­мыз. Жер салығы, мүлік са­л­ығы, корпоративтік салық си­яқты салық түрлерінен бо­са­тыл­дық. Мақсатымыз – отандық кі­лемдердің бәсекеге қабілеттілігін арт­тырып, әлемге әйгілі ету. Отан­дас­тарымызды өз өнімімізбен қамту, – дейді 240-тан астам адам жұмыс істейтін «Бал Текстиль» кілем фабрикасының директоры Талғат Исхахов.  Еліміздегі тағы да бір отан­дық кілем тоқыма фабрикасы – «Назар Текстиль» де дәл осы Оңтүстік Қазақстан облысындағы «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағында орналасқан. Яғни, еліміздегі кілем ісінің көшін алға сүй­реп жүрген осы аталған екі фабрика.  Талғат мырза тілге тиек ет­кен­дей, отандық кәсіпкерлерді қол­дау мен өнеркәсіп саласын өр­кендетуге мемлекет тарапынан көптеген көмек көрсетілуде. «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының баспасөз қызметі берген мәліметтерге сүйенсек өткен жылдың қорытындысы бойынша барлық ел аумағында жеңіл өнеркәсіп саласында шығарылған өнімдердің жалпы табыс көлемі 23,9 млрд теңгені құраған. Әсіресе, тоқыма өнімдерінің өсу қарқыны ерекше байқалады. Экспортқа шығарылған тауар көлемі – 72,8 млн доллар. Бұл дегеніңіз, алдыңғы жылдармен салыстырғанда экспорт көлемінің 5 пайызға өскенін аңғартса керек. Еліміз бойынша 984 кәсіпорын бар десек, оның тоқсан бесі – 13 мың адамды жұ­мыспен қамтып отырған кіші кә­сіпорындар. Өткен жылы ғана «Бизнестің жол картасы-2020» бағ­дарламасы аясында құны 5млрд 94 млн тұратын 35 жоба қолдау та­п­қан.  Ал еліміздегі «Даму» кә­сіп­­­керлікті қолдау қоры да жеңіл өнеркәсіп саласындағы біраз жобаларды қаржыландырған. Қор басшысы Ғабит Лесбековтің айтуынша бір ғана 2015 жылдың өзінде жеңіл өнеркәсіп бойынша 109 жоба мақұлданып, жалпы сомасы 23 199 млн теңге несие берілген. Төленген субсидия көлемі 422,9 млн теңгені құрайды. Аймақтық бөлікте субсидиялау келісімі бойынша Оңтүстік Қазақстан облысында 19, Алматы қаласында 11, Жамбыл облысында 10, Павлодар облысында 9, Ақмола облысында 9 жобаға қол қойылған. Бұл са­лалық бөліністе субсидияланған жо­балардың басым бөлігі тоқыма өн­дірісі. Яғни, 2015 жылдың көр­сеткіші бойынша жалпы құны 3 034,8 млн тенге тұратын 66 жоба қаржыландырылған. Бұл бел­гі­лі кезеңдерде ғана көрсетілген кө­мектер тізбегі. Жалпы сандарды са­ралар болсақ жеңіл өнеркәсіп са­ласына, оның ішінде біз сөз етіп отырған кілем тоқыма өндірісіне аз қолдау көрсетіліп жатпағанын аңғаруымызға болады.  Кілем және тоқыма өнеркәсібі елі­міздегі мұнай, газ, басқа да салаларға қарағанда төмен бә­се­келі блокқа жатады. Дегенмен, бұл саланың бір ерекшелігі айна­лым қаражаттарының айнал­ма­лылығында. Бұл өндірісте ішкі на­рықты толығымен қана­ғат­тан­дыратын өндірістік қуат­ты­лықтар қалыптасып келеді. Са­ла­ның дамуын қамтамасыз етуге қабілетті ғылыми-өндірістік по­тенциал жеткілікті деңгейде сақ­тал­ған. Еліміздегі іргелі сауда орын­дарының қай-қайсысына бара қал­саңыз да кілемнің түр-түрін кездестіруге болады. Көздің жауын алатын әйгілі Иран кілемдерінен бастап Түркия, Пәкістан, Қытай өнімдері де самсап тұр. Олардың арасынан өзімізде өндірілген кілемдерді де көптеп кездестіресіз. Асықпай таңдау жасауға мүмкіндік мол. Баға айырмашылығында бәлендей алшақтық жоқ. Тек, қол­мен тоқылған кілемдер көр­кемдік өнерге жататындықтан әрі тоқуда көп еңбекті қажет ете­тін­діктен жоғары бағаланады. Жа­ңағы өзіміздің өнімдер деге­ні­міздің басым бөлігі жоғарыда айт­қан «Бал Текстиль» мен «На­зар Текстильдің» өнімдері.  Кілем өндірісі мәселесінде қор­да­ланып жатқан жайттар да аз емес. Өндіріске қолданылатын ши­­кізаттардың қазіргі заманға бей­імделген түрлерінің көбін өзге мемлекеттерден тасымалдаймыз. Себебі, өз елімізде өндірілмейді. «Осы проблеманы жолға қою үшін ши­кізаттар шығаратын зауыттар іске қосылса» дейді мамандар. Бұл мәселелер уақыт өте келе ретін тауып түзеле жатар. Ең бастысы, соңғы 5-6 жыл көлемінде елімізде екі бірдей іргелі кілем фабрикасы бой көтеріп ұлттық кілем тоқу ісін өрге сүйреп келе жатқаны көңіл қуантады.

Арман ОКТЯБРЬ, «Егемен Қазақстан» АЛМАТЫ