• RUB:
    5.44
  • USD:
    478.58
  • EUR:
    520.84
Басты сайтқа өту
Аймақтар 13 Шілде, 2017

Мағжанның жүйрік жырындай

335 рет
көрсетілді

«Туған жер» бағдарламасы аясында фестиваль ұйымдастырылып, ол қазақстандық патриотизмнің озық үлгілерін танытуға арналды

Мұхтар Әуезов 1929 жылы алты Алаштың ардақтысы жайлы былай деген екен: «Сыртқы кестенің келісімі мен күйшілдігіне қарағанда, бұл бір заманның тегінен асқандай. Сондықтан бүгінгі күннің бар жазушыларының ішінен келешекке бой ұрып, артқы күнге анық қалуға жарайтын сөз – Мағжанның сөзі». «Сыршылдығымен, сурет­шіл­дігімен, сөзге еркіндігімен, тапқыштығымен күшті, маржандай тізілген, торғындай үлбіреген нәзік үнді күйімен, шерлі, мұңды зарымен күшті» /Ж. Аймауытов/. Бүкіл түркі жұртына қуатты жыр­ларымен танылған шайырдың есімін ұлықтауда Ерке Есілдің жағасындағы Қызылжар өңірінде 2011 жылы тұсауы кесілген «Мағжан көктемі» респуб­ликалық өнер фестивалінен бастау алды. Алғаш­қы байқауға заманымыздың заңғар жазушы­сы Әбіш Кекілбаев бастаған әдебиет майталман­дары қатысып, облыстық әкімдіктің жан-жақты қолдауына ие болған еді. Екі жылда бір рет өтетін фестиваль қарсаңында біз Тілдерді дамыту жөніндегі басқарманың басшысы Кемел Оспанов­пен сөйлескенімізде, ол байқау ақынның мұра­лары арқылы жас буынды отансүйгіштікке, елжан­дылыққа тәрбиелеуді, сондай-ақ, отандық әдебиет, өнер, музыка саласындағы есімдерді елге та­нытуды діттейтінін, биыл «Болашаққа бағдар: ру­хани жаңғыру» мақаласында ұсынылған «Туған жер» бағдарламасы басты нысана етілгенін жеткіз­ді. Оның айтуынша, үміткерлердің ең таңдау­лы­лары іріктеліп алынып, ақтық сынға жолдама алған. Олар үш аталым бойынша өнер жарыс­ты­рып, еш жерде жарияланбаған өлеңдерін оқуы, музыкалық туындыларын орындауы, ақын­ның кемі 50 туындысын жатқа білуі шарт. Қазы­лар алқа­сына Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, ақын Несіпбек Айтұлының жетекшілік етуі­не, құра­мына Қазақстан Жазушылар одағы төраға­сының орын­басары Ғалым Жайлыбайдың, компози­тор Жола­ман Тұрсынбаевтың, күміс көмей әнші Қа­паш Құ­лы­шеваның, тағы басқаларының енгізі­луіне қарағанда, жоғары талап қойылғанын аңғару қиын емес.  Фестивальдің ашылу салтанатында облыс әкімінің орынбасары Анархан Дүйсенова сөз сөйлеп, аймақ басшысы Құмар Ақсақаловтың құттықтауын оқып берді.   Сахна төріне бірінші болып жазба ақындар алма-кезек көтеріліп, Ер түрік ұрпақтарының бастарының қосылуын армандап өткен, бостандық идеясын өмірінің, шығармашылығының алтын арқауы еткен ұлы ақынға арнаған жырларын төгілтті. Шығысқазақстандық Саят Қамшыгер «Жеңе алмады сені ақын, өлім дағы, Өлеңіңнен құлпырды көңіл бағы», Алматы облысынан келген Мақпал Мыса «Әуелде жаратқан соң көшелі ғып, Жұлдыз боп жарқыраған деседі жұрт» деген кестелі жыр шумақтарын түйдектете төкті. «Жазба ақындар мүшәйрасы» аталымында бірінші жүлдені алматылық ақын Әділғазы Қайырбеков жеңіп алды. «Мағжан өлеңдеріне жазылған жаңа әндер» аталымында бақ сынаған петропавлдық жас өнерпаз Біржан Есжанов зор даусымен, орындаушылық шеберлігімен көрермендер қошеметіне бөленді. Ақмолалық Құрмет Сақайдың «Жан жарымды бір сүйейін түсімде» әні бірінші орынға лайық деп танылды. Мағжан туындыларын мәнерлеп оқуда Солтүстік Қазақстан облысының өкілі Аяхбай Дінмұхамед жеңістің ең биік тұғырына көтерілді.  Қазылар алқасының төрағасы Несіпбек Айтұлы байқауды қорытындылай келіп, ұлтымыздың азаттығы үшін басын бәйгеге тіккен қазақтың асыл перзентінің мұралары мен идеялары мәңгі жасай беретінін, өскелең ұрпақ үшін асыл қазына, өлмес мұра екенін атап өтті.  Фестиваль жеңімпаздары мен жүлде­герлеріне қомақты ақшалай сыйлық­тар табыс етілді.  Сөз арасында ақынның кіндік қаны тамған жері – Сарытомар ауылында еліміз­дің әр қиырынан жиналған оқушылар да бас қосып, «Өлең – менің Шолпаным, Айым, Күнім», «Ақын да бір бала ғой, айға ұмтылған», «Толқынмен толқын сырласып» аталымдары бойынша өз өнерлерін ортаға салып, Шырынгүл Ілес (Оңтүстік Қазақстан облысы), Оразбай Мәрлен (Павлодар облысы), Жұлдыз Саятова (Астана) бірінші орындарды иеленгенін, бас жүлде Заманбек Әлібековке (Солтүстік Қазақстан облысы) бұйырғанын айта кеткен жөн.

Өмір ЕСҚАЛИ, «Егемен Қазақстан» Солтүстік Қазақстан облысы