Бұл игілікті іске еліміз іргесін бекітіп, еңсесін тіктеген соң ашылған Назарбаев Университет те өз үлесін қосып келеді. Жоғары білім беруді әлемдік деңгейге көтеріп, оны ұлттық брендке айналдыру мақсатында ұйымдастырылған білім ордасын – бұл күндері Отанымыздағы жоғары дәрежелі білім мекемесі деуге толық болады. Ауқымды жұмыс атқарылып жатқанынан өз Отанымыз ғана емес, өзге жұрттар да хабардар. Мұндай заманауи университетте білім беріліп қана қоймайды, зерттеу жұмыстары да қатар жүргізіліп, теория мен тәжірибе ұштастырылып, ұшқыр уақыттың талабы тастүйін орындалуы басты мақсатқа айналған. Елдің өркен жайып, қуат қарымын нығайтуда, халқымыздың тұрмыс қарекетін оңалтуда ескі сүрлеуде қалып қоймай, жаңашылдықпен, нақтылай түссек, индустриялық инновациялық тәсілмен жұмыс істеу дамудың даңғыл жолына бастайтыны түсінікті. Мұның бәрін өзгелерден үйрене отырып, өз топырағымызда бүр жарғызып, оны білім мен тәрбие ісінде жүйелі түрде ойластырсақ, ұтылмайтынымыз белгілі. Тәуелсіз елдің әлемдік деңгейдегі талаптарға жауап беретін жоғары оқу орнын өз мемлекетімізден де ашу жөніндегі бастаманы Президент 2006 жылы көтеріп: «Біздің елордада бірегей академиялық ортаны қалыптастыру үшін халықаралық деңгейдегі беделді университет құру қажет», деген болатын. Содан кейін университет құрылысы басталып, қысқа мерзімде алып кешен бой көтерді. Сөйтіп, 2010 жылы Елбасының қатысуымен университеттің ашылу рәсімі жоғары дәрежеде өтті. Сол салтанатта Астанамызда дүниежүзінде теңдесі жоқ, Қазақстандағы тұңғыш халықаралық университет ашылғанын айтып, «Енді Қазақстан жастарын «Болашақ» бағдарламасы бойынша инженерлік-техникалық және медициналық мамандықтарға оқыту Назарбаев Университеттің мойнында болмақ. Себебі, жаңа оқу орнында әлемнің үздік профессорлары сабақ өткізетін болады. Бұл университетті бітіргендер бізде де, шетелде де қолданылатын диплом алып шығады. Бұл – жақсы жаңалық, жастар осыған ұмтылулары тиіс. Мен университетті менің атыммен атауға келісім бердім. Сондықтан, мені ұятқа қалдырмаңдар!», деген еді. Алғашқы жылдары университетте баламалы энергетикалық зерттеулер, білім беру саясаты, өңір туралы ғылымдар орталығы ашылғанын айта кетейік. Кейін нарық заманына қажет мамандықтар ашылып, оған талпынған жастар жүздеп емес, мыңдап саналды. Бұрын «Болашақ» бағдарламасы аясында бакалавр дайындау алыс-жақын шетелдерде іске асырылып келсе, енді Назарбаев Университетте әзірлеуге қол жетіп отыр. Бұл қыруар қаржының үнемделуіне мүмкіндік берді. Әр жыл сайын талапкерлерге 500-700 аралығында мемлекеттік гранттар бөлініп, талантты жастардың тегін оқуына жол ашылғанын ерекше атап өтуге тиістіміз. Болашақ мамандар университеттің 8 мектебінде оқытылады. Жоғары бизнес мектебі – бизнес басқару магистрін; Жоғары білім беру мектебі – білім беру ғылымдарының магистрін; білім беру ғылымдарының философия докторын (PhD); Жоғары мемлекеттік саясат мектебі – мемлекеттік саясат магистрін; Гуманитарлық және әлеуметтік ғылымдар мектебі – антропология, тарих, әлем тілдері, әдебиет және мәдениет, саясаттану және халықаралық қатынастар, әлеуметтану, экономика, Ғылым және технология мектебі – биология ғылымдары, информатика, математика, роботтехника және мехатроника, физика, химия; Инженерия мектебі – механикалық инженерия, химиялық инженерия, азаматтық құрылыс, электроникалық және электрондық инженерия мамандықтарын дайындайды. Қазір осы мамандықтар бойынша дайындалған жас мамандар азат еліміздің өркениет жолына ұмтылысына білім біліктерімен өз үлестерін қоса бастағанын айрықша атап өтуге болады. Осы арада Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың: «Жаңа университетті жасау – бұл қазақстандықтардың көбінің, біздің мемлекетіміздің дамуына ғаламдық жүйе құрушы ықпал жасайтын маңызды ұлттық жоба. Астананың жаңа университеті ғылыми тәжірибені, ең мықты халықаралық білім беру моделін, қазақстандық ұқсастықты ұштастыратын ұлттық бренд ретінде жасалуы керек. Әріптестер ғылыми бағдарламаны, біздің оқытушылардың сапасын бақылау жүйесін қалыптастыру бойынша көмек көрсетуі тиіс. Университеттің мамандықтарын экономиканың басымдығына қарай анықтау керек. Қазақстанда дамып жатқан салалар үшін мықты инженерлік кадрларын дайындауы тиіс. Бірқатар мамандықтар жаңа бағыттардың ғылыми кадрларын дайындауға бағытталуы тиіс, ол генетика, биохимия, биофизика. Бұл үшін университеттің әр студентіне болашақ мансабын нақты көз алдына елестетуі қажет», деген байламы ойға оралады. Осы сөздердің астарына үңілер болсақ, университеттің қадамын аша келіп, алдағы уақытта өзгенің жетегінде кете бермей, олардан үйрене отырып, өз бағытымызды анықтау абыройын меңзеп отыр. Бұл осы күндері бірте-бірте шешімін тауып, заманға сай маман дайындау іске асырылу үстінде. Аз уақыттың ішінде ел жастарының аңсарына, ата-аналардың мақсатын ұштауға негіз қалаған Назарбаев Университет балапандай баулып, қыран қанат етіп шығарған түлектерін үш жылдан бері үздіксіз ұшырып келеді. Оқу орнын бітірген азаматтарға диплом тапсыру рәсіміне қатысуды Елбасы дәстүрге айналдырып, өзінің артқан сеніміне селкеу түсірмеген жастарға ағынан жарылып сәт-сапар тілеп келе жатқаны да белгілі. Биылғы салтанатта Мемлекет басшысы университеттің жеті жылдағы жетістігіне көңілі толатынын атап айтып, білім стратегиясын жетілдіре беруді тапсырды. Он жылға жетпеген уақыт ішінде, яғни, 2015 жылы – 446 түлек бітірсе, 2016 жылы – 622 жоғары дәрежелі мамандық иелерінің 444 – бакалавр, 178 – магистр, ал 2017 жылы диплом алғандардың 437 – бакалавр, 229 – магистр, 9 доктор (PhD) екен. Бүгінгі жаһандану заманында бес жыл оқып игерген мамандықтың қызығын бес жыл емін-еркін көру қиынға соғып барады. Үздіксіз білім алу идеясы осыдан туындауда. Сондықтан да, күн сайын болмаса да ертеңің үшін ай сайын мамандығыңды жетілдіріп отырмасаң өмір көшіне ілесуің екіталай. Бұл мәселені Назарбаев Университет жан-жақты ойластырған. Оның бір дәлелі, дәуір талабына қарай, яғни, техника мен технологияның бүгінін ғана емес, келешегіне қажет мамандық дайындауға ерекше көңіл бөліп келеді. Бұл істе білім ордасы әлемдегі 518 халықаралық ұйыммен терең байланыс орнатқан. Ғылымның жаңа технологиялары бойынша білімдар 458 оқытушы мен зерттеушіні тартып, мекемедегі жетістіктерді халықаралық басылымдарда жариялап отыруды іске асырып келеді. Назарбаев Университет − Қазақ елінің отбасында білім алып, тәрбие үйренген таланттарға халықаралық деңгейдегі жоғары білім беруді, қайталап айтсақ, тегін атқару үрдісін қалыптастырған бірден-бір білім ордасы. Студенттерге барлық жағдай жасалған. Олардың оқу үлгісі де көп жағдайда бұрынғы сарынға келе бермейді, жаңаша қалыптасқан. Білім ғылыммен ұштас жүргізіліп – екеуінің де сапасы жоғары болуы қатты қадағаланады. Содан да болу керек, университеттегі оқуды халықаралық ұйымдар мойындап, сарапшылар өркениетті елдердегі белді оқу орындарының қатарына қосқанынан хабардармыз. Осы жетістік аталмыш оқу ордасының ұлттық брендке қарай бет алғанын көрсетеді. Ал университетті бітіргендердің таңдаған мамандығына сай жұмысқа орналасатынын көріп отырмыз. Тіпті, түлектерге сұраныстың жыл сайын артып келе жатқаны анық байқалады. Қазір университетте тиянақты бағдарламалар бойынша жұмыс жүргізу жақсы жолға қойылған. Мысалы, биыл қаржы, қолданбалы математика, молекулярлы медицина, тау-кен ісі бойынша магистр дайындау жүзеге асырылмақ. Ол бойынша талапкерлер IELTS және TOEFL, GRE тәсілі бойынша сынақ тапсыру керек. Сонымен, Назарбаев Университеттегі жетістіктер уақыт өте еліміздің өзге жоғары оқу орындарында да жүзеге асады. Соның ізашары мақалаға арқау болып отырған білім ордасы екені мәлім. Биылғы мектеп түлектерінің арасында да бұл университетте оқуға талаптанушылардың аз емес екені рас. Ендігі жерде олар пәндер бойынша алған білімімен бірге, ағылшын тіліне жетік болып жатса, үміті ақталмай қоймайды.
Сүлеймен МӘМЕТ, «Егемен Қазақстан»